«Мектеп кеңесі» немесе Шона жорығы

Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, сатирик, қоғам қайраткері Шона Смаханұлының 100 жылдығы. Балалық шағы нәубет кезеңімен қатар келіп, ата-анасынан ерте айырылған Шона Смаханұлы атадан жалғыз тұяқ. Сондықтан да болар, ерте жетім қалған жиенін қамқорлығына алған нағашысы Дағай «халық жауы» болып Сібірге айдалар алдында Шонаны Талас ауданы, бүгінгі Тамды ауылының маңындағы Ақшұқыр деген жердегі балалар үйіне өткізіп кетеді. Мұнда ол замандастары Сейілбек Әбдиев, Смағұл Молдабековтермен бірге тәрбиеленеді. Бұл азаматтардың барлығы ел ағалары, бүгіндері есімдері елеулі, туған жерге ащы терін төгіп, еңбектері еңселенген, әрқайсысы әр саланың әлеуетін көтерген тұлғалар болып қалыптасты.

Шона Смаханұлы Ұлы Отан соғысына қатысып, жараланып елге оралған соң, біраз жыл ұстаздық етеді. Тіпті сол жылдары аудандық газетке жазған сын мақалалар, әжуа-сықақтары партия сардарларына ұнамай жатты. Десе де, туғанынан өлең-жырға құмар, сатирасы садақтың оғындай өткір ақын шығармашылық ортаны аңсайтыны анық. Ақындық Шонаға нағашыларынан келген сыңайлы, анасы Балиша өнерлі жан болатын. Ал Дағай нағашысының қамқорлығы тіпті ерекше. Ақынның «Нағашыма» балладасы Дағайға арналған. Ақыры, творчествосын ширатып, әдеби ортаның әлеміне сүңгігісі келген ақын 1958 жылы Алматыға көшіп кетеді. Алайда, Мұқағали ақын айтпақшы, «Алматы – қазақтың астанасы, орыстың баспанасы, ұйғырдың асханасы» болып үлгерген бас қала Шөкеңді құшақ жая қарсы ала қойған жоқ. Өзі қазынадан пәтер алғанға дейінгі он жылдың ішінде астананы түгел шарлап, пәтер жалдаумен күнелтті. «Өжетте» Әбдірахман Асылбековпен көрші тұрды. Мұнда ұзақ тұрақтамады. Өйткені «Өжетте» сонау сұрапыл жылдары Алаш ардақтыларын қырған болатын. «Аруақты жерден ат үркеді» деген.
Жоғарыда айтып кеткендей, Алматыда пәтерден-пәтер жалдап, қаланы түгел аралағанда Шона ақынның сезгені – астананың аузы-мұрны бітеу тас қалаға айналып, қатулы қабағынан суық ызғар есіп, қаракөз қазақты шетке қағып, кісәпір мінезді болып кеткені еді. Шүлдірлеген сәбидің тілі орысша шығып, үлкендері орысша шүйіркелесіп, ана сүтімен келген ана тілінің жанашыр халі – өжет ақынның қанжар тілін қайрап, қанын қайнатты. Өткірлігі өзгеге ұнамай, найза сөзі дәл қадалса да, қоғам селт етпеген еді сол жылдары. «Тілім үшін жан пида» деген ақынның қайтпас қағидасы қайраткерлікке әкелді. Табандылығы, талапшылдығы тайдырмасын білді бұл жолда. Бұл жылдары ақын Жазушылар одағының мүшелігіне өтіп қойған болатын.
Ақынның Алматыда мектептер мен балабақшаларды қазақыландырудағы қайратты жолы 70-жылдардың ортасында басталды. Ол кезде бас қалада тек бір ғана қазақ мектебі болған. Алматы облысы шопандарының балаларына арналған №12 қазақ мектеп-интернаты. Тіпті бір кездері бұл мектеп те жабылып қалудың алдында болған. Тек С.Мұқанов, Р.Бердібаев бас болып және бірнеше қаламгерлер мәселені орталықтың алдына қойып жүріп, мектепті жабылудан аман алып қалған.
Сол жылдары Алматыда сегіз аудан болған екен, ал балаларын қазақ мектебіне бергісі келген ата-аналар осы мектепке қаланың түкпір-түкпірінен келіп отырған. 1976 жылы қараша айында С.М.Киров атындағы №12 қазақ орта мектебінің ата-аналар комитетінің председателі, жазушы Шона Смаханұлы және он шақты ата-ана қол қойған өтініш КПСС Орталық комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші секретары Д.А.Қонаевқа, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының председа-телі С.Б.Ниязбековке, Қазақ ССР Министрлер Советінің председателі Б.Ә.Әшімовке, Қазақ ССР Оқу министрі Қ.Балахметов жолдастарға жолданады. Өтініште №12 қазақ мектебіне келетін оқушылардың тең жартысы қаланың шеткі, ұсақ аудандарда тұратыны, әрбір оқушы күніне үш-төрт сағат автобус күтумен және автобус үстінде уақыт өткізетіні айтылады. Сондай-ақ: «Алматы мөлтекаудандарында балларын ана тілінде – қазақ мектебінде оқытқысы келетіндер де аз емес. Сондықтан осы объективті жағдайға байланысты микроаудандардың бірінде үлкен қазақ орта мектебін ашуды сұраймыз», – дейді өтініште. Таң қаларлығы, өтініш қазақ тілінде жазылғанымен, 19 қарашада министр Қ.Балахметовтің жауабы орысша келеді. Жауап хатта министр Алматы қаласының мөлтекаудандарының бірінде қазақ мектебін ашу қаншалықты маңызды екендігін зерделеуді ақынның өзіне қайта жүктейді. Дегенмен Шона Смаханұлы тапсырманы тап-тұйнақтап атқарады. Ал желтоқсан айының 21-і күні министрден келген екінші хатта қала орталығында орналасқан №12 қазақ орта мектебінде 1 057 бала оқитыны, оның 231-і қаланың оңтүстік-батыс аумағында тұратындығы зерделеніп, қалалық білім бөлімі алтыншы мөлтекауданда бой көтерген №86 жаңа мектепте 1977-78 оқу жылында 1-10 қазақ сыныптарын ашуды жоспарлап отырғаны жазылады. Алайда бұл жоспарланған шара сиырқұйымшықтанып, тек 80-жылдардың ортасында ғана қозғау болады.
Шона ақынның қазақ мектептері мен балабақшаларын ашудағы жорығы осылай басталды. Сең қозғалғандай болды. Кедергілер де, керітартпа қитұрқы азаматтар да болды. Қалай дегенде де, табиғатынан шыдамсыз, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін ақын бұл аралықта Д.А.Қонаевтың қабылдауында бірнеше рет болып, қаладағы жалғыз қазақ мектебінің жағдайын да жеткізген болатын. Сондағы үлкен кісіге айтқаны: «Қазақ балабақшасын ашу қажет!», «Қазақ мектептерін ашу қажет!».
1985 жылы КСРО КП ОК Бас секретары болып М.Горбачев келгеннен кейін қайта құру кезеңі басталды. Экономикасы тұлдырай бастаған кеңестік жүйенің жаңа кезеңі басталғандай, бұл уақытта әлеуметтік салада да жариялылық жүрді. Енді қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу мәселесі жеке адамдар емес, өтімді әрі салмақты болу үшін қоғамдық ұйымдар, ұжым атынан қойыла бастады. Осы сәтті тиімді пайдаланған Шона Смаханұлы сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Олжас Сүлейменовпен келісіп, Одақ жанынан «Мектеп кеңесін» ашады. Белсенді әрекетке білек түре кіріскен ақынның жанынан Марат Тоқашбаев, Мұхтар Қазыбек, Сәуле Ілімтонова, Р.Бағланова, С.Қаратаев, Медет Қайырғалиев, Марат Әбдіхалықов, Бейбітова, Б.Қобыландин, Мұқамеджан Әлімбаев, Б.Мұқашев, Қ.Ерешевтер табылды. Одаққа мүше жазушылар да қолдау көрсетті. Өйткені олардың біразы – орыстілді мектепке барып жүрген оқушылардың ата-аналары еді.
Алдымен Д.Қонаевқа, Алматы облысы ПК бірінші секретары Асанбай Асқаровқа, Алматы облысы ПК бірінші секретары Кеңес Аухадиевке, идеология жөніндегі секретар Ізбасар Балтағұловқа және Алматы қаласындағы сегіз аудан басшыларына хат дайындалады. Және бұл хаттардың діттеген жеріне жетуін ақынның өзі жіті қадағалайды. Өйткені сол тұстың өзінде Одақ мүшелерінің қатарында бұл бастамаға қарсы шыққандар да болды.
1985 жылы «Орбита» ықшамауданында бірнеше ата-ана осындағы мектептердің бірінің жанынан қазақ сыныптарын аштыру туралы мәселе аудандық және қалалық білім бөлімдерінің алдына қояды. Бастама көтеріп жүрген – Шона Смаханұлы. Өйткені осының алдында ғана астанада №62, №86 қазақ орта мектептерінің дүниеге келуіне мұрындық болған ақын қаланың қай жерінде болмасын қазақ мектептері мен балабақшалар ашуға ыңғайлы тұсты пайдалануға тырысты. Сондай-ақ №45 мектептің жанынан бір қазақ сыныбын ашады. Кейін қазақ сыныптары №45 мектептен бөлініп, дербес шаңырақ көтеріп, №145 қазақ орта мектебіне айналады.
1986 жылы 3 қарашада Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы Мектеп кеңесі бастамшылық тобының шақыруымен жаңадан бой көтерген №337 балабақша төңірегінде тұратын ата-аналар жиналады. Мұның алдында ғана ҚКП ОК-іне жазылған өтініште ашылмақ 14 бүлдіршіндер тобының алтауы қазақша болып белгіленген. Бұл хабарды ата-аналарға жеткізу үшін Алматы қалалық оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасары І.Әлімжанов және Шона Смаханұлы да келеді осында. Алайда жиналыс басталар алдында Калинин аудандық партия комитетінің сол тұстағы бірінші хатшысы Анатолий Рожков бірнеше адаммен жетіп келіп, ай-шайға қарамай: «Кімсіңдер? Неге жиналдыңдар? Қазақ топтарын ашуға кім рұқсат берді? Бұл ауданның қожайыны – мен. Менің рұқсатымсыз бірде-бір қазақ топтары ашылмайды. Кетіңдер!», – деп қоқан-лоқы жасап, көлігіне отырып кетіп қалады. Артынша мотоциклге мінген милиционерлер келіп, жиналғандарды тарқатады.
Енді не істеу керек? Сол оқиғаның ортасында болған Марат Тоқашбаевтың естелігінде былай жазылады: «Шөкең сапсады. Қайта жігерлене түсті. «Марат, Мәскеуге телеграмма жіберейік», – деді. Ертеңіне көпбалалы ата-аналардың қолымен телеграмма Мәскеуге, Горбачевке жөнелтілді. Онда Рожковтың зорлық-зомбылықпен күш көрсеткені, шовинистік пиғылы, қалалық оқу бөлімі ашып тұрған қазақ топтарын жауып тастағаны баяндалады. Осылайша Шөкеңнің ұсынысымен мәселеге Мәскеу араласып, №337 балабақшада 6 топтың орнына 2 топ әрең ашылды-ау».
Ал 1986 жылы жазды «Айнабұлақ» ықшамауданында №118 орта мектепте ата-аналармен өткен жиынға Р.Бағланова, Ш.Смаханұлы, М.Тоқашбаев, М.Қазыбек қатысады. Бұл ықшамауданда бірде-бір қазақ мектебі не балабақша жоқ болатын. Қазақ сыныптары ашу жөнінде үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Октябрь аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Долженковке, аудандық атқару комитетінің төрағасына және аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі С.Шәріпхановқа хат дайындалады. Бастамшы топ жұмысты жүйелі жүргізгенімен, №118 орыс орта мектебінің директоры М.Тенишева іштей кереғар пиғылын астыртын жүргізіп, өзінің орынбасарларына тапсырмалар беріп қояды. Қалай дегенде де, жаз бойы өткен жиындарға М.Теншиева амалсыз қатысып жүрді. Тенишева мұндағы ашылатын қазақ сыныптарына тек Октябрь ауданында тұратын ата-аналардың балалары қабылданады деген теориялық шектеулерімен, мүмкіндігінше мол сылтаулармен үлкен кедергі келді. Шегінетін Шона ма? Тенишеваға телефон соғып: «Алматыда қазақ сыныптарын ашуды республиканың бірінші басшысы қолдап отыр. Сіз мектептен қазақ сыныптарын ашуға тиіссіз әрі бұл тікелей міндетіңіз», – деп мәселені тікесінен қояды. Ақыры аудандық оқу бөлімінің араласуымен Тенишеваның іс-әрекеті заңсыз, ата-аналардың талабы заңды деп танылады.
М.Қайырғалиевтің пәтерін штаб қылып алған бастамшы топ жаз бойы тынымсыз жұмыс жүргізеді. «Айнабұлақ» ықшамауданында ғана емес, қаланың басқа бөліктерінде де қозғалыс басталды. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде №62, №65 мектептер ашылды. Дегенмен жоғарыдағы №118 орта мектептің төңірегіндегі мәселе дауға айналады. Мектеп үш ауысымда оқығандықтан, 1987 жылы аудандық оқу бөлімінің жанындағы комиссия «Айнабұлақ-4» ықшамауданынан бой көтерген жаңа №129 мектепке қазақ сыныптарын көшіруді бастамшы топқа ұсыныс етіп тастайды. Бұл мәселені оң жамбасына келіп тұрғанын байқаған бастамшы топ қазақ сыныптарын №129 қазақ орта мектебіне көшіруге қарсы еместігін жеткізіп, бірақ «Айнабұлақ-4» ықшамауданында салынып жатқан 360 орындық балабақша қазақ балаларына берілсін деген талап қояды. Әрине, бұл ұсыныспен аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі орынбасары Л.Овчеренко, атқару комитеті төрағасының орынбасары Т.Шлыкова, оқу бөлімінің меңгерушісі С.Шәріпханов та бір ауыздан келіседі. Және №129 қазақ орта мектебіне №118, №110 мектептерінің біраз балалары көшіріледі. Мектеп кеңесі бастамшы тобының тағы бір жетістігі – жаңадан бой көтерген №137 орта мектепті де толықтай қазақтілді білім мекемесіне айналдыруы.
«Шөкең қазақ мектептері туралы мәселені қолға алған кезінде Алматыда жалғыз №12 қазақ мектебі болса, көз жұмарда қазақ мектептері мен балабақшаларының саны 23-ке жетті. Ал қайтыс болған соң, бұл тізімге өзі бастау салған тағы екі мектеп қосылды. Бас-аяғы – 25. Шона Смаханұлы артында мол әдеби мұра ғана емес, азамат ретінде елеулі із қалдырғаны мәлім. Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Мектеп кеңесінің төрағасы ретінде республикамыздағы қазақ мектептерінің жағдайына айрықша назар аударды», – дейді өз естелігінде «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев.
Ал белгілі әулиеаталық журналист, марқұм Бақтияр Әбілдаев өз естелігінде Шөкең Таразға (Жамбыл қаласына) келген сайын мұндағы жағдайды да бағдарлап, қазақтілді мектептер мен балабақшалардың көптеп ашылуына назар аударып, осы істі өзіне тапсырғанын жазады.
Шона Смаханұлы өзінің сатирасы хақында: «Садақ асынғаным – көкірегім күміс қоңыраудай сыңғырлап, сұр жебесі мірдің оғына айналған сатирам болар», – деген еді. Ал бір жыр додасында ақын Ерік Асқаров Әселхан Қалыбековмен айтысқанда:
Аз мектеп бар демейміз қалада біз,
Әрқайсысын бір жеңіске балағанбыз.
Жиырма бес мектеп ашты Алматыда,
Топырағың торқа болғыр Шона ағамыз, – деп төгіп жібергенде ұлт жанашыры, қайраткер Шона Смаханұлының ерен ерлігі ел есінде екендігіне тәубе дейміз.

Ерман ӘБДИЕВ,
Ақпарат саласының үздігі, шонатанушы

Comments (0)
Add Comment