Сапалы білім беру үшін мұғалімдер мәртебесін көтеру қажет-ақ. Сол үшін заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Дегенмен түйткіл таусылмады. Кей жерде педагогтерді қолдаймыз деп, керісінше жығып беріп жатқандаймыз. «Артық қылам деп тыртық қылғанның» кебі бар. Алдағы уақытта мектеп директорларының ұстаздарға ықпалы тағы да артуы мүмкін. Бұл мұғалімдердің еркін жұмыс істеуіне кедергі келтірмей ме?,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Жаңа норманың жаңалығы қандай?
Биыл наурызда Сенат депутаттары білім беру саласына қатысты бірнеше маңызды жаңа нормаларды қамтитын заң жобасын мақұлдады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «құжатта сала мамандары үшін аса маңызды нормалар бар» деген. Маңызды норма дегенінің бастысы – педагогтерді жұмысқа конкурс арқылы қабылдауды енгізгені болатын. Қысқаша айтқанда, мұғалімдер де мемлекеттік қызметкерлер тәрізді конкурс арқылы іріктеледі. Бұл норма ақыры іске асатын болды. Таяуда Білім және ғылым министрлігінің педагогтерді жұмысқа қабылдау қағидаларына қатысты жаңа бұйрығы Әділет министрлігінде тіркелді. Енді шағын мектептерді есепке алмағанда қалған мемлекеттік мектептерде педагогтерді жұмысқа қабылдау конкурс арқылы нақты критерийлер бойынша жүзеге асырылмақ. Осы уақытқа дейін мұғалімдерді жұмысқа мектеп директорлары қабылдайтын. Барлығын өздері шешетін, нақты ереже болған жоқ. Яғни, танысын қызметке алуы да мүмкін еді. Кейбір аймақтарда бір ставкаға бірнеше мұғалімнің сабақ беріп жүргені анықталған. Мектеп мұғалімі атанудың құны кей өңірде 300 мың теңгеден басталып, 1 миллион теңгеге дейін бағаланады. Осындай «бармақ басты, көз қыстының» алдын алу үшін іріктеу өткізілгені жөн, жемқорлықты болдырмауға тиіс. Қандай да бір білім беру ұйымында бос немесе уақытша бос лауазым тұрса, міндетті түрде конкурс өткізеді. Ал ол қалай өтпек? Білім министрінің айтуынша, жұмысқа орналасу үшін ұстаз болуға үміткер адам әуелі конкурсқа қатысу туралы өтініш береді. Өтініш беруші өзінің бағалау парағын қоса ұсынады. Онда барлық жетістігі, нәтижелері, еңбек өтілі, әкімшілік немесе әдістемелік қызмет тәжірибесі, курстық дайындығы туралы ақпарат көрсетіледі. Әрбір бағыт бойынша кандидат белгіленген критерийлер арқылы бағалау шкаласына сәйкес өз ұпайын дербес қояды. Конкурстық комиссия өтініш берушінің өзі қойған ұпайының, оларды растайтын құжаттардың сәйкестігін тексеріп, қорытынды ұпай шығарады. Нәтижесінде, бос орынға ең көп ұпай жинаған үміткер қабылданады. Бәрі дұрыс, дегенмен біз бір қызықты аңғардық – мұғалім болуға үміткер адамның бұрынғы жұмыс орнынан ұсыныс хаттар сұратылады екен. Оң ұсыныс үшін 3 ұпай жинап, теріс ұсыныс үшін 5 ұпай жоғалтады. Сонда бұрынғы жұмыс істеген мектебінің директоры үміткердің заңбұзушылыққа, педагогикалық этикаға сай келмейтін әрекет істеді ме, соған жауап береді. Егер мектеп директоры үміткердің бұрын бір қателік жасағанын ескертсе, педагог конкурстан шеттетіледі. Ал енді қараңыз, бұдан кейін келешекте теріс пікірге қалмас үшін педагогтер мектеп директорынан сескеніп жүретіні сөзсіз. Демек, басшылардың ықпалы тағы артты, өзіне қарсы шыққан немесе ұнамаған мұғалімді «теріс пікірмен» қорқытпасына кім кепіл?
Ережеде үміткердің міндетті түрде біліктілік санатының болуы қарастырылған. Енді жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне жұмысқа қабылдану үшін дипломның болуы жеткіліксіз, Ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп, одан әрі мектепте педагогтің бірінші санатын алуға міндетті. Айтпақшы, мұғалімнің жұмысы 8 сағаттан аспайтын болса, конкурссыз жұмысқа қабылдауға рұқсат етіледі. Енді бұл нормаға қатысты білім сарапшыларының не ойлайтынын білсек.
Педагогтердің көңілі неге толмады?
Рас, Білім министрлігі мұғалім мәселесіне келгенде қарап жатқан жоқ. «Педагог мәртебесі» туралы заңының шеңберінде ұстаздардың жалақысы артты. 2025 жылға қарай тағы 2 есе көбейтіледі. Ол үшін қосымша 2 триллион теңге қаржы бөлінбек. Педагогикалық мамандықтарға түлектерді тартамыз деп студенттердің шәкіртақысын 42 мың теңгеге көтерді. Бірақ жаңағы айтқан нормаға білім сарапшыларының көңілі толмай отыр. Себебі министрлік мұғалімнің мәртебесін арттырамыз деп жүріп, керісінше оларды одан әрі тәуелді еткенге ұқсайды. Яғни, педагогтердің талабы ескерілмей қалған. «Мұғалім мәртебесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейіржан Темірбек жаңа норманың көзбояушылыққа ұласып кетуі мүмкін екенін айтады.
– Жаңа норманың шағын жинақтық мектептерге қатысы жоқ. Бірақ бұл да бір көзбояушылыққа ұласып кететін сияқты. Мысалы, мұғалімдікке үміткер адамға алдыңғы жұмыс орны арқылы оң немесе теріс пікір айтылады дейді. Мектепте жүрген адам, қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған, оған не себепті, қалай теріс пікір таңуға болады? Осы жағы түсініксіз. Менің ойымша, мектеп директорларының диктаторлығы күшейеді. Келешегін ойлаған мұғалім теріс пікірге қалмас үшін басшылыққа мойынсына береді, ойын ашық айта алмауы мүмкін. Ал педагог тапшылығы онсыз да өзекті. Келешекте жұмыс істейтін білікті мұғалім таппай жүрсек, таңғалмаймын, – дейді ол.
Қабылданған норма қазір мұғалімдердің арасында қызу талқыланып жатыр екен. Қостағандар емес, қарсылар көп. Барлығының айтар уәжі сол – директорлардың ықпалы артып, мұғалім оның қас-қабағына қарап қалады. Білім беруші, баланы тәрбиелейтін маман ретінде оларды басшыға одан әрі тәуелді етудің не қажеті бар? Педагог Өмір Шыныбекұлы жаңа норма арқылы білім саласындағы жемқорлықты асқындырып аламыз ба деп қауіптенеді.
– Біз бұл дүниені мұғалімдермен талқыладық. Біріншіден, мұғалім бұрынғы басшысына мойынсынбай немесе бір тұста шындықты айтам деп қарсы сөйлеп қойса, басқа жерде жұмыс істей алмай қалатын тәрізді. Сосын келіп ұстаз не істейді? Мектеп директорына жағымпазданады, айтатын жерде тілін тістейді, кейбір әділетсіздікке көз жұмады. Керісінше, жемқорлық өршіп кететін сияқты. Себебі бұрынғы жұмыс орнынан оң пікір аламын деген мұғалім амалсыздан пара беруі мүмкін. Екіншіден, Білім министріне көзқарасым түзу, бірақ сол ведомстводан шыққан көп ереже шикі болып жатыр. Мысалы, «саласы бойынша біліктілігін дәлелдеуге міндетті» дейді. Басқасын айтпағанда, ол үшін педагог министрлік арқылы өткізілетін 175 түрлі сайыстың бірінен жүлде алуы тиіс. Елімізде 350 мың педагог бар, оның қайсыбірі жүлде алып үлгерсін, – дейді маман.
Біз осы мақала арқылы білім саласына жауапты министрліктің бекіткен жаңа нормасына қарсы шығып отырғанымыз жоқ. Бала оқытатын мамандардың конкурс арқылы іріктеліп, біліктілігіне көз жеткізген құптарлық амал. Әйткенмен, педагогтер нормадағы кейбір тұстардың шикі екенін анық айтып отыр. Басшының қабағына қараған маман еркін ұрпақты қалай тәрбиелейді?