«Қазақмыс» Жамбыл облысы Шу ауданына қарасты ауылдардан 200-ден астам отбасыға қайырымдылық көмек көрсетті. Компания ауқымды акцияны Құрбан айт мерекесінде ұйымдастырды.
Мейірім керуенін құрған ондаған көлік Шу ауданындағы Бірлік, Бірлікүстем, Қонаев, Шоқпар, Көкқайнар сияқты ауылдарды аралады. Бұл ауылдар Қазақмыс кәсіпорындарының жанында орналасқан. Ал компания өкілдері ауылдарды аралай жүріп, материалдық жағдайы қиын, көп балалы және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арнап азық-түлік жиынтығын ұсынып, қайырымдылық көмек көрсетті. Мұнда ет және ең қажеттілері ұн, қант, макарон, жарма, өсімдік майы және т.б өнімдер болды.
Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков бұл бастаманың компания мен жергілікті тұрғындар арасындағы берік әрі сенімді қарым-қатынастың көрінісі болатынын алға тартты.
Әкім сонымен қатар компания бұдан басқа тағы бірқатар әлеуметтік жобалардың қолға алынғанын мәлімдеді.
«Жақын маңдағы бес ауылда құрылыс жұмыстары туралы келіссөздер жүргіздік. Жуырда балаларға арналған ойын алаңдары салынады. Одан бөлек, елу жылдан астам уақыттан бері ауыстырылмаған, ауыл көшелеріндегі тозған бағандар тағы бір өзекті мәселе. Қазақмыстың қолдауымен алдағы уақытта олар жаңартылмақ. Сонымен қатар, құбырлар қазып, жолдарды жабдықтау жөнінде келісімдерге қол жеткіздік. Міне, бүгін де мұнда компания қайырымдылық акциясын өткізіп, жақсы іс жасап жатыр. Бұл бірлескен жемісті жұмыстың берік бастамасы болатынына сенімдімін», – деді Бақытжан Жәнібеков.
«Қазақмыс» компаниялар тобы тұрақты негізде түрлі қайырымдылық акциялары мен әлеуметтік бастамаларға қатысып, ұйымдастырып тұрады. Бүгінде осылайша халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрақты түрде азық-түлік көмегі көрсетілуде. Компания өндірістік аймақтары мен жақын мекендерді көгалдандыру жұмыстарын да жүргізуде. Мәселен, Ұлытау өңірін абаттандыру бойынша ондаған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Одан бөлек, Балқаш, Қарағанды қалалары және жақын елді мекендер тағы бар.
«Қазақмыс” әлеуметтік жауапкершіліктің табысты болашаққа бастар жол екеніне сенімді. Сондықтан компания Қазақстанның дамуына және азаматтарының әл-ауқатының артуына алдағы уақытта да өз үлесін қосуға дайын.