Мейірімді медбике Айна

Бүгінде әр салада өз ісінің білікті мамандары аз емес. Олар ел экономикасы мен әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытында толайым тірліктер атқаруда. Сондай маманның бірі – Жамбыл облыстық әлеуметтік оңалту орталығының медбикесі Айна Махатова.

Айна Тойшыманқызы – өмір жолын медицина саласына арнаған жан. Жоғары білімі туралы дипломын қолына алғаннан кейін Тараз қалалық №9 емханада 8 жыл тынбай тер төгеді. Жас маманның білігін көрген басшылық оны әлеуметтік оңалту орталығына жолдап, мұнда ол мүмкіндігі шектеулі жандардың жанашырына айналды.
– УЖЖ-терапия – ультражоғары жиілікті электр өрістерді емдік сипатта пайдаланылатын физиотерапиялық ем-шара. Ультражоғары жиілікті терапияның негізгі мақсаты – арнайы құрылғы арқылы адамның тіні мен ағзасына жылу жіберу. Ультражоғары жиілікті терапия тыныс алу мен ЛОР мүшелері, қантамыр, ас қорыту, жүйке, тірек-қимыл жүйелері, ісік арулары, орталық қан айналымында, тіс ауруларында, тері және тері астындағы талшықтарының қабынуында қолданылады. Орталықта осы бағытта жұмыс істеп, жарымжан жандарға барынша ем дарытудамыз, – дейді Айна Махатова.
Айна Тойшыманқызы арнайы құрылғыдағы жұмысынан бөлек мүмкіндігі шектеулі жандарды ем алатын бөлмелері мен жатын бөлмелеріне жеткізіп, жеделсаты арқылы қозғалуларына да жәрдем көрсетуде.
– Осындай жаны жайсаң, адамгершілігі зор медбикені көргенде оның жылы шырайлы жүзінен мүмкіндігі шектеулі жандар күш-қуат алатындай көрінеді. Өзіміз де Айнаның мейрімі мен шарапатын молынан сезіндік. Сондықтан мейірімді медбикеге Жаңа жылда тек жақсылық, отбасына амандық, өзіне зор денсаулық тілейміз. Қамкөңіл жандарға жасаған жақсылығы Алладан еселеніп қайтсын, – дейді орталықтан ем алған зейнеткер Тілеукүл Жанбулатова.
Иә, осындай мейірімді жандардың болғаны қуантады. Біз де Айна медбикенің жұмысына тек жеміс тілей отырып, оның еңбегі өзгелерге үлгі болсын деп тілейміз!

Саян ТІЛЕУЖАН

Comments (0)
Add Comment