Қоғамда балалардың тең дәрежеде білім алуына әлеуметтік жағдайы да әсер ететіні даусыз. Олардың бәсекеге қабілетті болып өсуі үшін жан-жақты қолдау қажет-ақ. Осы тұста облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мейірім» жобасы үйлесімді жүзеге асып жатқанын айтсақ болады.
Былтыр оқу жылының басында алғаш рет қолға алынған жобада жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік қолдау шаралары қаралды. Бүгінде ағайын-туыстарының қолында өскен балалар мен арнайы мекемелердің түлектерін әлеуметтік бейімдеу, мамандық таңдауға ықпал етіп, кейін жұмысқа орналастыру мәселесі өзекті. Одан кейінгі отбасын құру және тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары да – басты орында. Ал «Мейірім» жобасы аясында балалар облыстағы мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындарға бекітілген екен. Яғни осы санаттағы 133 тәрбиеленушіге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында облыстағы 88 мекеме мен жауапты тұлғаларға әлеуметтік сүйемелдеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бекітілген. Сәйкесінше «Отбасы банкі» АҚ-да балалардың барлығына арнайы есепшот ашылған.
Бүгінге дейін Тараз қаласы мен аудандардағы отбасылық тәрбиеде жүрген 1236 баланы әлеуметтік сүйемелдеу бойынша 1074 демеушімен байланыс орнатылып, жұмыстар жүргізілген. «Мейірім» жобасы аясында патронаттық ұйымдардың қолдауымен «Отбасы банкі» АҚ-да ашылған шоттарына 15 миллион теңгеден астам қаражат аударылған.
Дәл қазір Тараз қаласында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 583 бала тіркелген екен. Соның ішінде жоба аясында 205 балаға әлеуметтік келісімшарт жасалып, әр баланың атына «Отбасы банкі» АҚ-дан жеке есепшот ашылып, қаражат аударылған. Бір сөзбен айтқанда, жоба аясында атқарылған ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар баршылық. Балалардың білім алып, тұлға болып қалыптасуына үлкен септігін тигізетін жемісті жобаның ғұмыры ұзақ болғай дейміз.
Сәндібек Піренов