Мейірім иісі аңқыған мекен

Бұл ауладан жайлылық пен жылылықтың, обал мен сауаптың лебі еседі. Көненің киесі аңқып тұр. Мейірімнің иісі бар. Бұл аймаққа күннің көзі де шуағын көбірек төгетіндей. Тарам-тарам жолдар бізді қатпар-қатпар әжімнің ар жағындағы жәудіркөз қарттардың үйіне алып келді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Зәулім үй. Гүлмен көмкерілген алаңқай. Таза аула. Күн шұғыласына арқа тосып отыруға арналған орындықтар. Ән кештері. Құрмет. Марапат. Жылы төсек, ыстық тамақ. Бұл – «№1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бойынша қызмет алушылар мекені. Кейде пенде тағдырына емес, таяғына сүйенеді. Оларды қара желдің ызғары қара баласына емес, қара жолға сүйреді. Бет алған бағыттары бағдаршамға алып келді. Бірақ бұл бағдаршамда тек қара түс жанып тұрады. Қызыл-жасыл көңіл де жоқ. Қалған ғұмыр қалған көңілдей, арқа-жарқа өмірден аулақ, елден жырақ, төрт қабырғада, төрт көз болып күнелтпек. Сөйтіп, бұрын баласының бесігін тербеткен ана бүгін баласының жолын тосып жүр. Бір заманда ұлына әріп үйреткен әке бүгін әліптің артын бағып отыр. Ең ауыры да – сол. Бұл ортада тіпті баласы жоқтардың қайғысы да аздау сияқты көрінді. Себебі қара шаңырақта қара баласы қалған әрбір кәрі жүрек сағыныштан сарғайып, аңсаудан арыла алмай күн кешеді. Ат ізін салмайтын немересін тосады. Тәттісін жинайды. Тобасын айтады. Тілеуін тілейді. Тастап кеткен баласын осылай күтеді, осылай қорғайды. Тағдыр тәлкегі кімді оңдыра қойсын, кейбірінің соңынан ерген тұяғы болмай кемсеңдесе, енді бірін баласы мен келіні жақтырмай, осында алып келген.

Күні бүгін олардың жақыны, бары мен нары – осындағы әлеуметтік қызметкерлер. Жанары суалып, табан жолын көре алмай, табандап қалған атаны құшағына алып, әзілдей күліп, бөлмесіне жеткізді. Сыртқа шыққан атайдың арқасын қалың күртешемен қымтап қойды. Шаңырағынан жуырда ғана келіп, от басы, ошақ қасын үкімет үйіне айырбастағанына көндіге алмай, көзінен жасы тоқтамаған шерменде көңіл шал-кемпірді түні бойы көз ілмей күзетіп, дертіне ем іздейтіндер де – солар. Уақыт-емші ешкімді тастап кетпейтінін осындағы кәрілердің көздерінен ұқтым. Сағынышын күн басады, мұңын түн емдейді, өкпесін ай жазады, сөйтіп жүріп үйренеді. Сөйтіп жүріп күледі, сөйтіп жүріп жылайды. Олардың көздеріндегі жазу тек өткен күндерге жазылған, бірақ ешкім оқымайтын, ешқайда жолданбайтын иесіз хат іспетті.

Бүгінгі таңда бұл орталықта 290 қызмет алушы бар. Мұндағы қарияларды баласындай баптап, құжаттарын реттеп, киім киісі мен жүріс-тұрысы, денсаулығы мен жан саулығына осындағы жауапты қызметкерлер саны 150-ге жуық. Олар 7 бағытта, яғни әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, құқықтық, экономикалық, мәдени және еңбек бағытында қызмет етеді.

Жарқ-жұрқ жылтыр оюлы қамзолы көздің жауын алып, ақ жаулығы ақ жүзіне ерекше жараса кеткен әжей күлімсірей қарады. Есімі – Мейізкүл Кесікбаева. Тұрар Рысқұлов ауданында туып-өсіп, Шу өңіріне келін болып босаға аттаған екен. Сүйген жар мен одан көрген жалғыз ұлы бақилық болыпты. Бұл табалдырықты өз еркімен аттаған әжей күні бүгінге дейін артынан ауылдастары, абысын-ажын, туған-туыстары хал-жағдайын білмекке күн құрғатпай келіп тұрғанын айтады.
– Шал-кемпірдің қызы болдым. Үлкендердің айтқанын екі етпей өстім. 19 жасымда күйеуім алып қашып кетті. Ол уақытта «қайтып келген қыздан жаман адам жоқ» деген ұғымды сіңіріп өскенбіз. Өз еркіңмен бармасаң да, барған жеріңде тастай батып, судай сіңуді ғана ойлайсың. Күйеуіммен 28 жыл отасып, 47 жасымда жесір қалдым. Жалғыз ұлым да қайтыс болды. Өзім де үйдің жалғыз қызы едім. Бірге туған бауырым жоқ. Мұнда келгеніме міне төрт жылдың жүзі болды. Басында қиын, әрине. Өзегің өртеніп, шерменде күй кешесің. Соңымнан іздеген ауылдастарыма разымын. Осы жаққа әбден үйреніп алған соң: «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен. Келе бермеңдер, жол шалғай, осында үйрендім», – деп өзім тыйып тастадым. Өткен күндерге деген сағыныш кеудені кернегенде, ауылды аңсаймын. Осындай жанға жайлы жер барына шүкір. Жалғыз қалдырмады. Мұндағы әр қызметкер өз анасындай мәпелеп, өз әжесіндей құрметпен қарайды. Ел тыныш болса, бізде одан асқан арман жоқ, – деді әжей.
Әжеймен әңгіме-дүкен құрып отырған сәтте көзін қолымен көлегейлеп, бірде оң, бірде сол жағымыздан қызыға қарап жүрген ақсақал көңілімді өзіне аударды. Кеудесі тік, жүріс-тұрысы да ширақ. «Атай, келіңіз», – десем сықылықтай күліп, қаша жөнелгені тіпті қызық көрінді. «Күлсең, кәріге күл» дегендей, біз де жарыса ду күлдік. Сәлден соң, ақсақал қасымызға келіп жайғасты. Атайдың бұл орталықты мекен еткеніне 17 жыл болыпты.

– Аты-жөнім Әтімтай Манасбаев. Қырғызстанда тудым. Әкесіз өстім. Өрісте 5-6 жасымнан қой қайтарып, сиыр бақтым. Өткен-кеткендер таң қалып «апырмай, анда қойшысы жоқ, қой өзі жайылып жүр» дейтін көрінеді. Менің бойым сонда қойдан да аласа болғаны ғой. Кейін ержетіп, жанұя құрдым. 16 бала сүйдім. Олардың 8-і қайтыс болып кетті. Қызды қияға, ұлды ұяға қондырдым. Бірақ жарыммен ынтымақта ғұмыр кеше алмадым. Сексеннің сеңгіріне жеткенде осылай боларын кім білген? Бұл жерге келгелі екі рет ота жасаттым. Барлығы жақсы қарайды. Осы жасымда шапқылап жүргенім – осындағы қамқор ұл-қыздардың арқасы, – деді ақсақал.

Аппақ қудай селдір шашын қайыра тарап, жейдесінің қатырма жағасы мұнтаздай ғана кісі өзін Григорий Власов деп таныстырды. Кірпияз көрінді. Томаға тұйық отырысынан ойшыл екені байқалады. Бұл кісіде де бәрі болған, әлі де бар. Тіпті іргесі тиіп тұр. Отбасы Таразда тұрады екен. Тек үйішілік келіспеушіліктен соң, өз еркімен осы жерді паналағанын айтады. Жақындарының бәріне жеңіл болсын деп ауырлықты өзімен бірге алып кеткісі келгенін жеткізді. Бір қызығы, әкейдің өзі соққан үйінен өзіне орын тауып бере алмаған ұлын кінәламағаны, қайта үнемі сағынып тұратыны, жалғызының сәби кезін үнемі еске алып, содан жаны жай табатыны оның жүрегінің кеңдігін көрсетсе керек-ті.

– Украинада тудым. Балалық шағымды ойласам, сұрқай суреттер көз алдыма тізіледі. Аш, жалаңаш, соғыс кезеңі. Тіпті 5 жасымда оқ тигені де күні бүгінгідей көз алдымда. Кейін Қазақстанға келдік. Тараз біз келген жылдары кішкентай ғана қала еді. Жертөледе ғұмыр кештік. 23 жасымда үйлендім. Жарыммен 40 жыл бірге ғұмыр кештім. Жанұям қазір Таразда. Заман талабы солай. Маған үйді босату керек болды. Тек солар бақытты болса болыпты. Бір ұл, бір қызым бар. Қызыммен араласып тұрамын. Бүгінде 14 жыл болды үйімнен кеткелі. Әйелім бала-шағама бас-көз болып қалды. Мен сондай адаммын, бір адамды сүйсем, мәңгілікке жүрегімде сақтаймын. Әйелімді әлі күнге сүйемін, сағынамын. Артымнан іздеп келген емес, бірақ мен оны түсінемін, ол балаларға керек. Бәрі үйге келін түскен соң басталды. Әйтпесе сондай тату-тәтті жанұя едік. Кейде сөзсіз, ұрыссыз осылай шешу қажет болады. Мен жанұямның тыныштығын сақтап қалу үшін кете бардым, – дейді ақсақал.

Гүлдің хош иісі аңқыған алқапты бетке алған бір топ қарияның бүгінде іздеуі де, сұрауы да жоқ. Баласы ай, келіні күн, немересі жұлдыз дейін десең, артта қалған ізі бар. Ана мен әкені баласына керек етпеген бір кем дүние…

Comments (0)
Add Comment