Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова бірқатар медициналық мекемелерге барып, облыс орталығындағы денсаулық сақтау нысандарының жағдайымен танысуды жалғастыруда. Жуырда ол алғашқы медициналық-санитарлық, консультациялық-диагностикалық, оның ішінде мамандандырылған көмек көрсететін аралас үлгідегі №2 қалалық емханаға ат басын бұрды.
«Салтанат» ықшамауданында орналасқан нысанның іргетасы 1990 жылы қаланған. Алғашында 9 980 адамға арналған емхана бүгінде 17 883 тұрғынға қызмет көрсетуде. Емхана құрылымында 9 бөлімше, сондай-ақ 58 төсекке есептелген күндізгі стационар бар. Оның ішінде терапевтік – 27, гинекологиялық – 8, хирургиялық 8 бейін бар. 2019 жылдан бастап 15 оңалту төсегімен қамтамасыз етілді.
Емхананың материалдық-техникалық базасы да заманауи талаптарға сай. Айталық, 2018 жылы – 19 834, 6 мың, 2019 жылы 16 389,2 мың теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынған. Соның нәтижесінде бұл көрсеткіш 86,39 пайызға өскен. Сондай-ақ мұнда пациенттер үшін «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» жұмыс істеуде. Нысанның кіреберісінде орналасқан арнайы бұрышта үлкен Led-экран орналасқан. Онда емхананың сайты, «Egov» қосымшасы, «Antikor» бөлімі, «Damumed» пункттері көрсетілген. Осы пункт арқылы емханаға келген емделуші өзіне керекті қызметті таңдап, қажетті мәлімет ала алады. Тіпті белгілі бір медициналық қызметтер бойынша тапсырыс немесе шақыртулар бойынша да осы экраннан ақпаратқа қол жеткізіп, өзіне қажетті кепілдендірілген медициналық көмек түрлерін де білуіне мүмкіндігі бар.
Емхананың жұмысымен жіті танысқан Жанар Мықтыбекқызы алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту денсаулық сақтау саласын арттыру үшін аса маңызды басымдық екенін атап өтті. Сонымен қатар облыстың бас дәрігері денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, халықты сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз ету, 2020-2025 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын уақытылы орындау, МӘМС мәселелері бойынша тұрғындармен және медицина қызметкерлерімен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, Бос орындар жәрмеңкелеріне қатысу арқылы кадр тапшылығын шешуді тапсырды.
Осы күні басқарма басшысы облыстық стоматология емханасына да аялдады. 1982 жылдан бастап облыс тұрғындарына стоматологиялық қызмет көрсетіп келе жатқан нысан бір ауысымда 450 науқасқа дейін қабылдай алады. Мұнда хирургиялық, терапиялық, ортодонтиялық қызметтер де көрсетіледі. Сондай-ақ 2015 жылдың 10 наурызынан бастап облыс тұрғындарына тәулік бойы жедел медициналық стоматологиялық көмек ұйымдастырылуда. Жанар Мықтыбекқызы емхананың бас дәрігері Ақылбек Үсенбаевқа қордаланған мәселелерді шешу мен кері байланыс бойынша тиісті тапсырмалар беріп, белгілі уақыт ішінде кемшіліктерді жоюды жүктеді.
Жалпы басқарма басшысы екі нысанның да қызметіне көңілі толатынын жеткізіп, жұмысына табыс тіледі.
Құрмаш Қаптағай