Денсаулық сақтау қызметі жайлы бүгіндері аз айтылып жүрген жоқ. Тәубе, қол жеткен жетістіктеріміз бұл салада аз емес. Мемлекет тарапынан халық денсаулығын жақсарту мақсатында тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін кепілдендірілген медициналық көмекті Қазақстанда тұратын әр азамат пайдалана алады.
2019 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға қазынадан 972,7 млрд теңге бөлінді. Оның 395,4 млрд теңгесі емханалық-амбулаторлық көмекке бағытталады, негізінен профилактикалық шараларға ден қойылмақ. Оған қоса, тегін медициналық көмекті мемлекеттік қана емес, жеке меншік клиникалар да көрсетеді. Биыл мемлекеттік тапсырысты орындап жатқан 1403 медицина ұйымының 701-і жеке меншік. 2018 жылмен салыстырғанда олардың саны 57-ге көбейген. Ал мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшыныс білдірген жеке субъектілердің саны жағынан Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда, Жамбыл облыстары көш бастап тұр («Жас алаш» газеті, 31.05.2019). Десек те, халықтың 70 пайызы денсаулық сақтау саласының қызметіне көңілдері көншімейді. Оған не себеп? Бұл мәселе еліміздің Парламент отырысында биылдың өзінде бірнеше рет қаралды. Одан тірлік алға басып жатқан жоқ. Әр деңгейде сөз қозғалғанымен, түбегейлі шешімін таппай отырған мәселе шаш етектен. Мысал ретінде онкология саласын алайық. Жыл сайын елімізде қатерлі ісік ауруынан 15 мыңға жуық адам көз жұмады екен. Олардың 60 пайызы жасы алпысқа жетпеген адамдар. Он сегіз миллион тұрғынның арасынан 1916 жылы 4638 әйелде сүт безінің қатерлі ісігі анықталған, олардың 1269 сол аурудан қайтыс болған. Бұл көрсеткіштер өткен 2018 жылдың қорытындысы бойынша көп өзгеріске ұшырамады. Бір миллионнан сәл астам тұрғыны бар Жамбыл облысының онкодиспансерінде бұл қатерлі аурумен 1406 әйел есепте тұр. Олардың 192-сі өткен 2018 жылы есепке алынған науқастар, яғни 100 мыңға шаққанда 17,1. Осы дерттен өткен жылы өңірдің 62 әйелі өмірімен қош айтысқан. Басқа өңірлерде де ахуал мәз емес. Бұл – республикамыздың онкологиялық қызметі үшін жылына 40 миллиардтан астам қаржы бөлініп жатқан кездегі кімді болмасын толғандыратын, ойландыратын (катастрофалық десек те болады) көрсеткіштер. Осы жерде оның басты себептеріне тоқталған жөн. Ол – халық арасында санитарлық-ағарту ісінің төмендігі, аурудың дер кезінде анықталмауы, кешігіп қойылған диагноз, кешеулетіп жүргізілген ем-дом.
2013 жылдан бастап елімізде онкологиялық ауруларды дер кезінде, алдын ала анықтау мақсатында скрининг тәсілдері, онкүндіктер енгізілді. Ол қалай атқарылып жатыр? Ауылдық емханаларды есепке алмағанның өзінде көптеген қалалық емханаларда маммограф, флюорограф қондырғылары жоқ. Бар болғанның өзінде олар жиі бұзылады, біразының тозығы жеткен (бәзбір мәліметтер бойынша еліміздегі диагностикалық қондырғылардың 60-70 пайызы ескірген). «Біздің қондырғы сынып тұр, қалаға барып тексеріліп келіңіз» деген желеу сөзді кім тыңдасын? Сол себептен диспансерге алу қызметі көп жерде ақсап тұр, болса да сапасы көңіл көншітпейді. Бәзбір жерде ол тіпті тек қағаз жүзінде өткізіліп жатқаны да жасырын емес. Емхана дәрігерлері статистиканы жақсарту мақсатында жалған цифрларды тізіп, жоғарыға өтірік ақпарат беруден жалықпай келеді. Скрининг үшін жылына бөлінген 4 миллиард теңге пайдасыз желге ұшуда. Жиырма жыл бұрын қандай болса, әлі де солай жалғасуда. Өкінішті, бірақ біз көріп жүрген факт. Ахуалды жақсарту үшін диспансеризация сапасын бақылауға алып, өтірік мәліметтерден ажырап (қазір қолға алынған цифрландырудан статистиканы жақсартуға, нақты мәліметтер алуға мүмкіндік жақсарады деген үміт бар), оны өз дәрежесіне жеткізгенге көңіл бөлінген жөн. Әйтпесе, бұрынғы сарын, бұрынғы үйреншікті жалған статистика, бұрынғы «ән» жалғаса бермек.
Соңғы жылдары жүрек-қан тамыры ауруларына ерекше көңіл бөлініп, арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Облыс орталықтары мен қалаларда сандаған кардиологиялық, кардиохирургиялық, рентгенваскулярлық бөлімшелер ашылды. Жыл сайын жүрекке мыңнан астам ота, қан тамырларының өткізгіштігін жақсарту мақсатында стенттеу жүргізіліп жатыр. Орынды үрдіс. Бірақ сол науқастарды отадан кейінгі кезеңде бақылау, қалпына келтіру, оңалту (реабилитация) іс-шаралары барлық жерде бірқалыпты емес. Олардың басым көпшілігі отадан кейін өзімен-өзі бақылаусыз қалады, қажетті дәрі-дәрмекті тұрақты түрде қабылдамайды. Содан, әлгілердің біраз бөлігі көп уақыт өтпей жүрек инфарктімен ауруханаға қайта түседі немесе жіті коронарлық синдромнан кенеттен көз жұмады. Ауруханалар болса, жүрекке жасалған оталар мен қойылған стенттері жайлы жоғарыға есеп берумен шектеледі, ал аурулардың кейінгі тағдырымен еш істері жоқ. Сөйтіп, мемлекеттік қаржы жүздеп, миллиондап берекесіздіктен далаға кетіп жатыр. Тура осындай ахуал нейро-инсульттік орталықтарда да орын алуда. Статистикалық мәліметтерге сенсек, жыл өткен сайын инсульт ауруына шалдыққандар саны көбейіп барады. Оған қойылар тосқауыл қазіргі қоғамда әзірше жоқ секілді. Инсульт алған науқастардың 50 пайызы мүгедек болып қалуда, біразы жасына қарамай о дүниелек болып жатқаны көпшілікті орынды елеңдетуде. Инсультпен ауырған жандарды оңалту қызметі барлық жерде біркелкі емес. Қиналып, қасіретпен бетпе-бет қалып жатқандары қаншама. Неге басқа мемлекеттердей оңалту орталықтарын, ауруханаларда оңалту бөлімшелерін ашып, реабилитолог маман-дәрігерлер дайындамаймыз? Жақсы өткізілген реабилитация науқастарға алдағы өмірін ұзартып, толыққанды өмір сүруге мүмкіндік туғызар еді. Сонда жұмысқа жарамсыздар, мүгедектер саны әжептеуір азаймас па еді?! Бұл, сірә, ой елегінен өткізіп, ойланатын мәселе.
Ағза алмастыру оталары елімізде соңғы онжылдықта едәуір қолға алынды. Мысалы, жүрек алмастыру оталары Алматыда және қазіргі астанамыздың ғылыми ұлттық орталықтарында сәтті жасалуда. Бауыр, бүйрек трансплантациясы Шымкент, Ақтөбе, Тараз қалаларының клиникаларында бірен-саран болса да орындалуда. Әрине, оның проблемалары әлі аз емес. Басты проблема – донор тапшылығы. Өкінішке қарай, халық арасында түсініспеушіліктен донор табу біздің елде ең күрделі мәселе болып қалып отыр. Кейде санамызға салмақ салып, «трансплантологиялық оталарды әр қалада жасау дәл қазір қажет пе?» деген ойға кетесің. Ол ота жасау үшін шетелдің белгілі клиникаларында арнайы дайындықтан өткен, біраз тәжірибе жинаған маман-дәрігерлер бар, арнайы құралдар мен аппараттар шоғырландырылған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында атқарып жатсақ жетпей ме? Сонда олардың сапасы едәуір жақсарып, нәтижесі де көңілдегідей болар еді. Бұл ұсынысымыз іштарлықтан немесе қызғаныштан туып отырмағанын ұғыңыздар. Осы бір мәселені көпшілік болып ойланып, орынды шешім қабылдағанымыз жөн сияқты. Әйтпесе, орынсыз берекеміз кетіп, оңды-солды шашылып, бір жүйеге келе алмай миллиондаған бюджеттік қаржы рәсуа болып, желге ұшуда. Бұл ұсынымызға сіз қандай ой қосасыз?
Мемлекеттік қаржыны тиімді пайдалану мақсатында еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі біраз реформалар жасап, өзгерістер енгізуде. Олардың арасында құптарлығы да, көпшілік құптамайтындары да баршылық. Бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін көмек профилактикалық, диагностикалық және емдік қызметтерден тұратыны белгілі. Соңғы жылдары стационарлық төсек саны барлық жерде күрт кеміді, біраз арнайы бөлімшелер өзара біріктіріліп, күндік стационарға басымдылық берілуде. Ол – қаражатты үнемдеу үшін жасалып жатқан шаралар. Мысалы, кезінде 720 төсектік Жамбыл облыстық ауруханасы қазір 240 төсектік емдеу мекемесі болды. Бұрынғы 40-60 төсектік стационарлық бөлімшелер 20-30 төсекке қысқарды, біразы біріктірілді (соңғы мәліметтерге сенсек, аурухана бойынша тағы 10 пайызға қысқартылмақ). Егер бұрындары порталмен түскен науқас 20 күндей ем-дом алатын болса, қазір олар 7-10 күнге дейін шегерілді. Тіпті ота жасалғаннан кейін бар болғаны 3-4 күн өткізетіндері де бар.
Стационарға жатып емделушілер саны жыл сайын қолдан шектеліп, барынша қысқартылуда. Онда да тек негізгі дертін емдеуің керек, басқа қосалқы ауруларын емдеуге құқың жоқ. Егер олай етпесең, жоғарыдағы қадағалау орындары айыппұл салып, науқасқа жұмсалған қаржыны кері қайтарып алады. Тағы бір түсінбейтін жайт, ауруханаға бір жылға ем-домға бөлінген қаржы он екі айға бөлініп, сол қаржыға қарап ауру санын реттеп отыруың керек. Одан асып кетсе айқай-шу шығады, артыңа шам жағып, шалан байлап қояды. Айтыңызшы, ауру санын қалай алдын ала жоспарлауға болады? Кенеттен жабысқан ауру сенің ертеңіңді, бүрсігүніңді күте ме? Сондықтан болар, дерті асқынып түскен науқастардың пайыздық көрсеткіші бұл күндері 70-80-ге жетті. Ал жоспарлы аурулар саны тым кеміп кетті. Сонда асқынған ауруды емдеу қаржыны көбірек талап ететінін жоғарыдағылар білмей ме? Неге қолдан тапшылық жасап, ауруларды асқындыру дәрежесіне жеткізіп отырмыз? Ойланатын жайт.
Әлемдік тәжірибеге сүйеніп жасалып жатқан денсаулық сақтау саласындағы өзгерістерді түсінуге болар. Бірақ алыс аудандар мен ауылдардан келген, ауруханасы мен емханасы маңында жоқ, маман-дәрігер тапшы елді мекендердің тұрғындары не етпек? Отадан кейін 400-500 шақырым жолды көтеру әркімнің қолынан келе қоймайды. Қиналған науқастар қалада аурухана жанынан қымбат болса да пәтер жалдап 5-6 күн аялдауға мәжбүр. Енді не істесін? Денсаулық керек, жан тәтті…
Медицина қызметкерлерінің жалақысы 2019 жылдың 1 маусымынан бастап 20 пайызға өсті деп әлемге жар салып жатырмыз. Бірақ мемлекеттің «қалтасы тесік» болғасын, бөлінген жылдық бюджет жетпегесін, басшылар оған керекті қаржыны төсек орындарды қысқарту, штатты шегеру, керекті дәрі-дәрмекті барынша азайту арқылы шешуде. Бәзбір жерлерде бірнеше ауруханаларды біріктіріп, барынша «сығып», әкімшілік санын қысқартуда. Күндізгі стационар, медбикелер ғана ем-дом жүргізетін бөлімшелер ашуға мәжбүр. Өкініштісі, науқастардың жағдайын ойлап жатқан бір жан жоқ. Қазіргі қатыгез орта, мейірімсіз қоғам біреудің көз жасына, жанының қиналғанына еш қарамайды, ешкімді ешкім аямайды. Мысалы, біздің облыстық аурухана құрамында кезінде 30-40 төсектік гематология, эндокринология, ревматология, гастроэнтерологиялық бөлімшелер болды. Арнайы дайындықтан өткен маман-дәрігерлер науқастарға заман талабына сай тиісті ем-дом жүргізді. Бірақ соңғы онжылдықта енгізілген оңтайлау сол бөлімшелерді жауып, төсектерін біріктіріп, олардың берекесін кетірді, біраз мамандар жеке ауруханаларға кетуге мәжбүр болды. Ем-дом іздеген көптеген науқастар далада қалды десек те болады. Өйткені олар аудандық, жергілікті ауруханаларда ем қабылдау керек. Ол жерде ем жүргізетін керекті маман-дәрігер жоқ. Жаны қиналғандар, қаржысы барлар ғана ақылы немесе күндізгі бөлімге жатып ем қабылдауда. Ал жолын таппаған басқалары өз бетінше емделіп, бәзбірлері халық емшілеріне жүгінуде. Ауруы әбден асқынып, кірпіктері әрең қимылдайтындар ғана облыстық ауруханаға, оның біразы жансақтау бөліміне жатқызылуда. Тіпті кейде соңғы демі қалған, хал үстіндегі науқасты туыстары немесе жедел медициналық жәрдем бригадасы ауруханаға жеткізеді, олардың біразы сол мекеменің қабылдау бөлімінде жан тапсыруда (мысалы, 19.06.2019 ж. облыстық аурухананың қабылдау бөлімінде сондай қайғылы 2 оқиға тіркелді). Біздің Үкімет, билік өкілдері өз халқының денсаулығына осылай «қаражат жетпей жатыр» деп тым немқұрайлы, бейжай қараса, тұрғындарымыз қай жерден, қай елден сапалы медициналық көмек алады? Статистикаға қарасаң, бізде барлығы керемет, халықтың жасы жыл өткен сайын ұлғайып, өлім-жітім азайып, денсаулықтары нығайып келеді. Ал шындыққа келсек, өмірде барлығы керісінше. Кімге сенеміз? Мына нарықтық заманда капиталистік жүйе там-тұмдап еніп, ешкімді аямай, әлеуметтік дағдарыс күн санап өрбіп барады. Қаржың болса ғана жолын тауып тиісті ем-дом аласың, ал болмаса емхана мен аурухана арасында сенделіп жүріп, портал-квота күтіп, әбден жүдеп, бар денсаулығыңнан арыласың.
Көпшілік түсіне бермейтін тағы бір жаңалық – ауруханаға аурулар жатқызу санын жоспарлау ісі. Науқастарды емдеуге арналған қаржының әр айға бөлінген бюджеттен асып кетпеуі қатаң қадағалануда. Егер аурулар саны көбейіп кетіп, қаржы көп жұмсалса, кезекті айқай-шу басталады. Жүйкесі жұқарып жүрген дәрігерлер әкімшілікпен айтысады, ауруханаға жата алмаған пациент жоғарыға шағымданады. Тексере келе, әлгі «Бақаны тасқа ұрсаң да, таспен бақаны ұрсаң да бақа өледі» дегендей, барлығына дәрігер кінәлі болып шығады, сөгіс алады, айлықтан қағылады. Бұған түңілесің бе? Әрине. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен ауылға барып жатқан жас мамандардың әлеуметтік жағдайы ешкімнің шекесін қыздырып жатқан жоқ. Оған мысал, NUR.KZ мәліметі бойынша, биылғы 22 маусымда астанамызға тиіп тұрған Целиноград ауданының Қабанбай елді мекенінде еңбек ететін жас дәрігерлердің жұпыны тұрмыс-тіршілігін, сарайға ұқсайтын қонақ үй-тұрақтарын өз көзімен көрген Министріміз Елжан Біртановтың төбе шашы тік тұрып, «Facebook» парақшасында таңғалысын жасырмапты. Басқа өңірлерде де одан айырмашылығы шамалы. Облыс, аудан әкімдері жас мамандарды шақырып алып, кейін ауыздарын қу шөппен сүртіп, айтқан сөздерінде тұрмайтыны көпшілікті қынжылтады. Егер олай бола берсе, қайтіп жастарды ауылдық емдеу орындарында көкелеп-жәкелеп, жалынып ұстап тұрамыз? Расын айту керек, соңғы кезде ауылдарда ондаған-жүздеген жаңа фельдшерлік, медициналық пункттер пайдалануға берілуде. Бірақ тұрғындарға қажетті медициналық көмекті мамансыз-кадрсыз қалай жақсартамыз? Кадр мәселесін шешпей, ауылда денсаулық саласын алға бастырамыз деу, расын айтайық, бос сандырақ, қияли дүние.
Бірнеше жылдан бері елімізде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ұйымдастырылып, бұл күндері емдеу орындарына тиісті қаржы сол мекеме арқылы бөлінуде. Алғашқы қадамын ол тәуір-ақ бастағандай. Соңғы мәлімет бойынша, медициналық сақтандыру қорына түскен қаржы қазір 176 млрд теңгені құрапты. «Көп түкірсе – көл» деген осы емес пе?! Көптен тірнектеп жиылған сол қаржы орынды, тиімді пайдаланылса, денсаулық сақтау қызметі жақсарары сөзсіз. Бірақ енгізіліп жатқан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының талаптары бірте-бірте қатайып бара жатқаны көпшілікті толғандырады. Ауруханаларда жүргізіліп жатқан емдеу ісіне тым қадалып, тырнақ астынан кір іздегендей, кішкентай бір мардымсыз қателікті тапса айыппұл (штраф) салып, дәрігерлердің маңдай терімен келген қаржының бір бөлігін – миллиондарды ай сайын кері қайтарып жатыр. Онысы орынды болса бір сәрі ғой… Дәрігерлер қашанғы сотқа шағына береді? Егер сот пен аурухана арасын қара жолға айналдырсақ, онда ауруды кім емдейді? Адам денсаулығынан үнемделген қаржы бізді көкке жеткізе ме? Еліміздегі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Айбатыр Жұмағұловтың Алматыда жасаған мәліметіне сенсек, медицина саласына биылдыққа қазір 362,5 млрд теңге жетіспейді екен. Келер 2020 жылы медициналық көмекке 1 трлн 620 млрд теңге бөлінеді дей келе, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 67% артық болатынын атап өтті. Лайым солай болсын делік. Бірақ әзірше сұрақ көп. Қордаланған, тіпті санаға салмақ салар дүние қазір аз болмай тұр. Бірте-бірте денсаулық сақтау саласы коммерциялық жүйеге, ақылы медицинаға ауысып, онсыз да нәпақасын әрең тауып, сіңірі созылып жүрген көпшілік қиналып қалмаса жарар еді. «Басты байлық – денсаулық» деп әлемге жар салып ұрандатсақ та, қазіргі денсаулық сақтау ісі біздің елде көптің көңілінен шығып отырған жоқ. Бұл – тек менің пікірім емес, көптің пікірі. Келе-келе мына қазіргі жұмбаққа толы дүниеде адам мен оның көзқарасы өзгерістерге ұшырауда ма, қалай? Ол бізді, сірә, қайда алып барар екен? Әйтеуір, көпшілік терең түсіне бермейтін қазіргі беймаза дүние өз икеміне көндіріп жатыр.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор.