Масылдықтан қалай арылуға болады?

Қоғамда «масылдық», «патерналистік көңіл-күй» ұғымдары санаға сіңірілуде. Әсіресе жастар арасында осы жат әдеттер жиі кездесіп жүргені жасырын емес. Ал бұдан құтылудың жолы қандай? Осыны білу мақсатында «Халық сөзіне» құлақ түрген едік.

Айгүл әбдіРАХМАНОВА М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар» факультетінің «Әлеуметтік психология» кафедрасының аға оқытушысы, психология магистрі:

Жалқау жастар қоғамға қауіпті

– NEET санатындағы жастар деген ұғым ХХ ғасырдың екінші жартысында пайда бола бастады. Ағылшын тіліндегі толық атауы «Not in Empoloyment. Education or Training» ұғымының бас әріптерінен құралған. Ал қазақ тіліндегі аудармасы «не жұмыс істемейтін, не оқымайтын, не өзге де істермен айналыспайтын адам» дегенді білдіреді.
Жұмыссыз жүрген жастар – халықтың ең осал буыны. Олар қоғам мен мемлекетке үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Жастар әрқашан дүниеге «кірпіш болып қалануға» ұмтылады, алайда өмірден өз орнын таба алмай жүргендері қаншама. Осыдан келіп қоғамнан жырақтау, суицидке бейімділік секілді мәселелер туындайды.
Қазіргі кезде жастарға арналған «Дипломмен ауылға», «Жас кәсіпкер», «Серпін» және өзге де жобалар бар. Осы жобалар жастардың өміріне, әлеуметтендіру істерінде маңызды рөл атқарады. Әрине, бұларды іске асыра-тын – білімі мен дипломы бар жастар.
ҚР Қоғамдық даму министрлігінің ұсынысы бойынша Қазақстандағы NEET жастар 7 санатқа бөлінеді:
1. Білімі, белгілі тәжірибелік дағдылары бар, бірақ оқуды және жұмыс істеуді жалғастыруды қаламайтын біреудің асырауындағы адамдар;
2. Жасөспірім балалары бар жас келіншектер және жалғызбасты аналар, соның ішінде ерте ана болған жас келіншектер;
3. Еркін табыс табуды қалайтын, кездейсоқ жұмыстар арқылы ақша табатын фрилансерлер;
4. Білімі нашар, біліктілігі және тәжірибесі жоқ, қосалқы шаруашылыққа жұмылдырылған ауыл жастары;
5. Оқуды жалғастыруды қалайтын, бірақ мүмкіндігі жоқ күнкөрісі төмен отбасыдан шыққан мектептің түлектері, жетімдер;
6. Денсаулығы нашарлығынан жұмысқа орналасуда қиындықтары бар мүмкіндігі шектеулі адамдар;
7. Бас бостандығынан шектеу орындарынан босап шыққан, есірткілік және алкогольдік тәуелділігі бар, оңалтудан өткен жастардың бейәлеуметтік тобы.
NEET санатындағы жастар деген ұғым қайдан пайда болды, неге ондай санаттағы жастар саны көбейіп бара жатыр? Бұл сұраққа әр тұрғыдан жауап беруге болады. Енді субъективті тұрғыдан психолог ретінде айтатын болсам, негізгі әсер ететін фактор – ол отбасы, өскен ортасы, алған тәрбиесі, достары, қоғам, т.с.с. Кейбір мақалаларды оқысам, статистика бойынша NEET санатындағы жастар саны азаюда деп көрсеткен. Статистикаға қараудың қажеті жоқ деп ойлаймын, себебі жұмыссыз жүрген жастардың көбі тиісті Халықты жұмыспен қамту орталықтарына барып жұмыссыздық тіркеуден өтпейді. Бір мақалада: «Жастардың жағдайы мен көңіл-күйіне еңбек нарығында жұмыс орындарының жетіспеушілігі әсер етеді», – делінген екен. Жұмыс істеймін деген адамға жұмыс жоқ емес, баршылық. Алайда біздің жастарымыздың бойында жалқаулық басым, жауапкершілік төмен болып тұр. Осындай теріс қасиеттердің болуы – балаға сәби кезінен көңіл бөлінбеуінен, оларды қолына қасықты ұстауға жарағаннан бастап еңбекке баулуды үйретпегеннен болатын нәтиже.
Баланың дұрыс қалыптасып, дамуына ата-ананың рөлі ерекше. Баланы тәрбиелемес бұрын олар өздерін тәрбиелеуі керек. Олай деп отырғаным, кейбір отбасында, ата-аналар балалардың алдында бір-бірімен конфликтіге түсіп, ауыр сөздер айтып, ішімдік ішіп, т.б. кері әсерін беріп жатады. Осындай жағдайлар жастардың психологиясына, өмірге деген көзқарасын өзгертеді, қызығушылықтарын төмендетеді.
Жұмыссыздықтың салдарынан, білімге деген құштарлықтарының болмауынан жастардың қоғамда өз орнын таба алмауы, оларды қылмыс әлеміне ұрындырып, құқық бұзушылардың қатарының көбеюіне әкеледі. Мысалы, жұмыс болмаған соң, әрине, кіріс болмайды, ақша болмайды. Осыдан жастар теріс қылыққа, яғни ұрлыққа баруы әбден мүмкін. Кейбіреулері жеңіл жолмен келетін қаражатқа құнығып, құмар ойын ойнап, қарызға белшесінен батады. Денсаулығына зиянды әрекеттермен айналысып, темекі, алкоголь өнімдерін пайдаланады. Мұндай жолға айналысатын тіршілігі, ісі болмаған соң баратыны белгілі.
Жұмыссыз адам эмоционалды, психологиялық әрі әлеуметтік қайта құруларға ұшырай бастайды. Жұмыссыз адамдардың денсаулықтары, жұмыспен қамтылған адамдарға қарағанда әлсіз болады. Олардың психологиялық әл-ауқаты мен өзін-өзі бағалауынан басқа, депрессия, мазасыздық, стресс, психосоматизация сияқты психологиялық проблемаларға душар болу қаупі екі есе жоғары болады.
Абайдың ұғымында: «Еңбек танымды арттырады. Еңбек естіген нәрсені бекіте түседі. Адам алған білімін ретке келтіреді, керектіні керексізден сұрыптап, ақылды болады». Сондықтан да ол еңбекті – барша игіліктің негізі, ал оған деген сүйіспеншілікті – адамдық өмірдің басты мәні мен мақсаты деп санайды. Керісінше, жалқаулықты – барша қырсықтың, одан туындайтын жарамсақтықты – барша қиянаттың, мақтаншақтықты түзелуден үмітін үзген бейшаралықтың түп атасы деп түсіндіреді. Халықты «түзелмейтін қайыршыға» айналдырмайтын амал – егін, сауда, кәсіп, ғылым деп біледі. Ол тек ыждағат пен ынта бар жерде ғана жүзеге асады.
Сондықтан балаға дұрыс тәрбие беріп, өзіндік «менін» дұрыс қалыптастыра білсек, еңбек пен білімнің адам өміріне қаншалықты маңызды екенін жеткізе білсек, жұмыссыз жастарымыздың саны азаятынына себеп болар едік.

Дархан Байпақ, облыстық «Қазақстан студенттерінің Альянсы» ұйымының төрағасы:

Еңбектің наны тәтті

– Масылдық! Тереңінен үңілсек, жатып- ішер! Індете түссек, еркетотай, шолжаң, дәнеңеге икемі жоқ, тіршілікке бейімсіз, ақсаусақ! Масылдық қоғамға зиян! Масылдықтың масқара нышандары біздің қоғамда да кездесіп қалады.
Жалпы қазір сөз болып жүрген көп түйткілдің, қолға алынып жатқан көп бастаманың дәйектемесін басқа жақтан іздеудің қажеті жоқ. Бәрін де ұлы Абайдан табуға болады. Адамзаттың кемеңгері өсиет еткен «талап, еңбек, терең ой» – қазір де аса қажет, қат, алда да ешқашан бағасын жоғалтпайтын құндылықтар. Технологиясы ғарыштық жылдамдықпен түрленген, мүмкіндіктерімен бірге сын-қатерлерін де қатар ала келген қазіргі заманда Қазақстан халқы терең ойлы, еңбекте табанды, сөзде сындарлы, істе төзімді, қимылда ұтқыр және жаңашылдыққа ұмтылған ұлттың жаңа бейнесін қалыптастыра алмаса, шың басындағы дамыған елдердің аз шоғырына ғасыр ортасында да қосыла алмайды.
Бүгінде кейбір жастарымыздың жұмыс жасағысы келмейтінін ашық айтуға болады. Неге? Себебі жалқаулық үстімізге мініп алған. «Алма піс, аузыма түс» деген мәтел тегін айтылмаған.
Қазіргі таңда көптеген мүмкіндіктер бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та келешек жастардың қолында екенін айта келе, жастарға жаңа мүмкіндіктер беру керектігін атап өтті. «Біз жастарға жаңа мүмкіндіктер беруіміз керек. Бұл – бизнес ашу, білім алу, жұмысқа орналасу, табыс табу деген сөз. Өз өмірін жақсартуға, мансабы бойынша жоғарылауға арналған әлеуметтік лифттер іс жүзінде жұмыс істеуі керек», – деді ол. Бизнес мәселесі бойынша айтатын болсам, 2,5 пайыз көлемінде несие алып, өз жұмысыңды бастауға керемет мүмкіндік, сонымен қатар қайтарымсыз несие алу – мұның барлығы жастарға беріліп жатқан керемет мүмкіндіктер. Осы сияқты өзге де қоғамдық жұмыспен айналысып, жетістікке де жетуге болады.
Ата-анамыздан естіп өскен сөзіміз санамызда әлі сайрап тұр. Қандайда бір алыс сапарға немесе әлдебір оқуға аттанар алдындағы баласына деген қимастық сезімін темірдей қатты талабымен қиып жіберуден тайынбайтын ардақтыларды көрдік. Сөздерін құлағымыз шалып қалатын «Жақсы білім ал, масыл болма, балам!» деп айтқан ақылы әлі есімізде.
Тағдырдың салғаны деп, сәл қиындыққа мойып, мойнын төмен салып, сағы сынып, басы салбырап, дәрменсіз күй кешуге көндігіп алғандары қаншама. Керісінше, не бір тосын кедергілерді кердеңдей аттап, есесін жібермейтін, еңсесін әманда биік ұстайтын, «Еңбек бәрін де жеңбек» деп, өзінің талпынысына тағаттана бойұсына білетін талғампаз, тегеурінді жандардың алдынан ақ жол жатады екен тарамданып. Мұндай жандардың абыройы асқақ, беделі зор, көңілі көтеріңкі. Кеудемсоқ емес, кішіпейіл. Ой қадамын тек еңбекпен бағалайды. Түсінде де еңбекпен бой түзейді. Ізгі жүрекпен пешенесіне бұйырған жұмысын дөңгелеткен жанның басқадан жоғары тұратынына имандай сенген. Бақытқа жеткізетін еркін әре-кет – тамаша әрекет екендігін іс жүзінде сезінген. Тіршіліктің ішкі-сыртқы жағдайларын жақсартуға талпыну адам баласына тән нәрсе десек, соның байыбына салмақпен бара алғанда ғана өмір үдесінен шығатынын терең пайымдауы да – оны табыс баспалдақтарымен нық адымдатады екен. Оны айтасыз, еңбекпен табылған бір түйір тамақтың тәтті әрі сіңімді болатыны тағы бар ғой. Еңбек – бұйыртқан дәм! Жә, әңгіме басы жақсы басталғанымен, алған тақырыбымызды тұздықтауға амалсыз бейілдіміз. Абай атамыз біліп, жеріне жеткізіп айтқан ғой: «Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айырылмас азап» немесе «Еңбексіз мал дәметкен – қайыршы- лық», – деген.
Бүгінде ұсынылған жұмыстан бас тартып, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекке қол жайып күн көруді әдет қылған адамдардың қатары азаймай тұр. Бұдан бөлек, өзі несие алып, қарызын қайтаруға келгенде құлықсыздық танытатын да азаматтар бар. Бұл барып тұрған масылдық психология! Мұндай ойды түбегейлі өзгерту керек.

Маржан Әбдімажитова, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру секторының меңгерушісі:

Бізге жат қасиет

«Асылдан асыл, жалқаудан масыл туады» дейді қазақ даналығы. Кез келген мемлекетті алға сүйрейтін, көркейтетін – білімді, білікті, еңбекқор мамандар. Ал жалқаулар мен масылдарға қоғамды алға сүйреу, елдің дамуына үлес қосу деген ұғымдар жат екені анық. Осы орайда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та масылдықтың ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізіп жатқанына өз алаңдаушылығын білдірген болатын.
Масылдық ұлттың кедейлікке ұшырауына түрткі болады, алға басқан мемлекетті кері тартады. Ендеше, ұлтты ол кесірден арылту – тәуелсіздікті тұғырлы, өркендеуді өрісті етудің шарты болмақ. Ел Президенті әртүрлі жиындардағы сөзінде де елді еңбекке үндеп келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы кейбір қазақстандықтардың мемлекеттен әлеуметтік төлем алу үшін жалған ажырасу, жұмыстан кету, мүлкін басқаның атына тіркеу арқылы табысын жасыру, қолдағы малын сойып тастау секілді адал емес әрекеттерге барып, масылдық пен қулыққа жүгінетініне қынжылыс білдіре келе, Үкіметке мемлекеттік қолдауды тек соған шынымен мұқтаж адамдарға ғана көрсетуді қадап тапсырды.
– Қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкелді. Адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптар мүлдем өзгеше. Сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды. Ұлы Абай үнемі сынға алған масылдық қоғамға ешқашан жақсылық әкелген емес. Соны түсінетін жастарымыз тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тамырланып, «өркен жайып», бертінге ілесіп жетіпті. Жекешелендірудің апақ-сапағында ауыл мен қаланы қосарлай қамтыған жаппай жұмыссыздық белең алған тұста тепсе темір үзетін жастар қол қусырып отырып қалды. Әке-шешесінің мардымсыз зейнетақысын таласып-тырмысып талғажау еткендердің қатары біразға дейін сейілмей қойды.
Қытай ойшылы Конфуцийдің: «Елің асып-тасып отырғанда, кедей әрі кемшін болғаның ұят. Елің арып-аршып отырғанда, бай әрі бағлан болғаның ұят», – деген сөзі бар. Осы екі ұғым да жадыда жүретін жағдаяттар болса екен деп тілейсің. Бірақ бәрін пендешілікке салып жіберетініміз жаман-ақ! Кім масыл болғысы келеді дейсіз? Оған нендей себеп итермелейді? Осы жағын зерттеу, зерделеу жағын бір ізге салған абзал сияқты. Себепсіз салдар болмайды ғой. Бәрін даму, өркениеттену, өрге басу, зайырлану қоғамының тәй-тәй қадамынан майдан жіп суырғандай іздеп, табуға ықыластану қажет шығар. «Әгәрки, қоғамның әрбір мүшесінің еңбекке деген жүрек лүпілін дөп басып айқындайтын бір аппарат болса, шіркін, төніп келе жатқан масылдық бұлтын әп-сәтте ыдыратып жіберерлік амал-айла ойлап табуға болар еді- ау», – деп армандаған екен ауыл қариясы. Армандадың екен деп, ғайбаттау ретсіз болар. Бәрі армандаудан шоқтана түседі емес пе? Масылдықпен бітіспес майдан ашқан абзал болар! Баяғы ауыл қариясының «Жақсы білім ал, масыл болма, балам!» деген аталық сөзін бүгінде кім өмір мәніне жаратып жүр екен?
Данышпан Абайдың алтыншы қара сөзінде де масылдық туралы тоқталады.
– Қазақ айтады: «Бірлік болмай, тірлік болмайды», – деп. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай, мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы – осы. Ағайын алмай-ақ бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін Құдайдан тілейді. Әйтпесе Құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді… «Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ақыретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады», – дей келе, адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қылуға шақырады.
Сондықтан елімізде алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында әлеуметтік кодекс дайындалуда. Бұл туралы Мемлекет басшысы: «Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор. Бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жалынсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруі тиіс. Дайындалып жатқан Әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек», – деген болатын. Алдағы уақытта масылдықтың жолын кесіп, шын мұқтаждардың мемлекеттік қолдауынсыз қалмауы үшін қазірдің өзінде нақты шаралар жасалуда. Алдағы уақытта сол шаралар масылдықтың жолын кесіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға бағытталған көмектің тиесілі жерге жетуіне мүмкіндік туғызса, еңбектің ақталғаны болмақ.
Соңғы жылдары елімізде түрлі қайырымдылық шаралары көбейіп кетті. «Мектепке жол» секілді республикалық деңгейде барлық мектеп, түрлі мекемелер жаппай мұқтаж жандарға киім-кешек, оқу құралдарын тарататын қайырымдылық шарасы, жылыту маусымы келсе, жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен мұқтаж жанұяларға газдарына тегін дабыл қаққыш орнатады, тағы біреулер көмірін түсіріп береді, азық-түлік тарататын тағы бір қайырымдылық шаралары бар. Одан бөлек, әлеуметтік желілерде де баланың еміне, жоқ баспанасына, тіпті несиесін төлеп беру үшін блогерлер қайырымдылық шараларын ұйымдастырып жатады. Мешіттер де осындай бір шаралар өткізуді әдетке айналдырды. Менің ойымша, мұндай қаптаған қайырымдылық шаралары халықты масылдыққа үйретеді. Бір жерден азық-түлік, енді бір жерден киім-кешек, мемлекеттен жәрдемақы алған соң, тегін дүниеге бойы үйреніп кетеді. Масылдыққа, қайыр сұрауға, тіленуге бейім тұрады. Бұл – өте жаман нәрсе. Көршісінің тегін нәрсемен өмір сүріп жатқанын көрген келесі бір көрші отбасының психологиясына кері әсер етуі мүмкін. Содан соң жаппай қоғамда масылдық пайда болады. Ең өкініштісі, қазір көпбалалы отбасылар осындайға үйренбесе екен деймін. Өйткені кішкентай кезінен тегін нәрселерге бойы үйреніп қалған бала өзі де болашақта жалқау, өз ортасына масыл адам болып қалыптасуы мүмкін. Сондықтан «артық қыламын деп, тыртық қылып алмаудың» жолын іздеуіміз керек. Қаптаған қайырымдылық шаралары қоғамды масыл қылып алмауы қажет. Жұмысқа жарамды адамның жұмыс істегісі келмеуіне жол бермеуіміз керек. Қара жұмыс істеуге намыстанатын, ал бала-шағасының аш, өзінің қол қусырып бос отырғанына, үйінде бос жатқанына намыстанбайтын отағасылардың ұятын оятуымыз керек.

Мамандар да елдегі масылдықтың дендеуіне алаңдаулы. Мемлекет басшысы үнемі айтып отыратын масылдық психологиясы біздің қоғамымызға жат қасиет болуы керек. Осы мақсатта жасалып жатқан жұмыстар алдағы уақытта өз нәтижесін берері анық.

 

Comments (0)
Add Comment