Мас жолаушы Нұр-Сұлтаннан шыққан пойызды стоп-кранды басып тоқтатқан

«Нұр-Сұлтан – Нұрлы-Жол – Алматы-2» пойызында мас ер адам стоп-кранды басып пойызды тоқтатты, – деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Оқиға 5 қыркүйекте Жамбыл облысының Бурылбайтал-Қарасай учаскесінде болған. Салдарынан пойыз жоспардан тыс 4 минут аялдама жасаған.

Көлік полициясы тексеру кезінде заңсыз әрекет жасаған жолаушыны анықтаған. Ол – Түркістан облысының 42 жастағы тұрғыны. Полицейлер ер адам ішімдік ішкенін және мас күйде стоп-кранды жұлып алғанын анықтаған.

«Құқық бұзушыны пойыздан шығарып, ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігі («Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу») және ҚР ӘҚБтК-нің 560-бабы 1-бөлігі («Темiржол көлiгi құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу») бойынша әкімшілік хаттама жасады» – деді ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекиев.

Сондай-ақ, ол жыл басынан бері осындай 27 оқиға тіркелгенін айтты.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 560-бабына сәйкес пойызды заңсыз тоқтату жеке тұлғаларға бес АЕК (14 585 теңге) мөлшерінде айыппұл салуды қарастырады.

 

Comments (0)
Add Comment