Мас күйінде мотокөлік басқарғандар ұсталды

Жамбыл облысында «Мотокөлік» профилактикалық шарасы барысында масаң күйде мотоцикл тізгендеген жүргізушілер ұсталды.

Қордай ауданында жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде 37 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы мотокөлік құралы тоқтатылды.

Тексеру барысында полицей жүргізушіден алкогольдің өткір иісін сезген. Медициналық куәландыруға сәйкес, ер адам мас күйінде болған. Сондай-ақ жүргізушінің мотокөлік құралына басқару құқығының жоқтығы анықталды.

– Тәртіп бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жіберілді. Осы баптың санкциясы сәйкес 20 тәулікке қамаққа алу жазасы көзделген. Облыс бойынша барлығы 7 мас мотоцикл жүргізушісі анықталды. Барлық көлік құралдары арнайы айыппұл тұрағына орналастырылды, – дейді ПД ЖПҚБ орынбасары, полиция майоры Ержан Мананбаев.

«Мотокөлік» профилактикалық іс-шарасын өткізудің алғашқы күнінде өңірде 800-ден астам жол қозғалысы ережелерін бұзу тіркелген. Оның ішінде мотокөліктің қатысуымен 50-ге жуық құқық бұзушылық анықталған.

Жамбыл облысының полиция департаменті мотокөлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін сақтауға, жылдамдық режимін бұзбауға, қауіпті маневрлерден аулақ болуға және мотоциклді шлеммен басқаруға шақырады.

Comments (0)
Add Comment