Жаңа жылды сыныптастарыммен бірге қарсы алатын болдық. Айнаның алдында тұрып, қызыл көйлегімді киіп, құлағыма сары ай сырғаны тағып, сыртқа оқталғаным сол, жаңажылдық кешке бара жатқан құрбымның бірі қызыл көйлекпен түскен суретін салып, «Жаңажылдық отырыс» деп быттита жазып, әлеуметтік желіге жариялапты. Ішіме от түскендей қызып кетті. Екеуміз бірдей болып жүргім келмеді.
Дереу шифоньерді ашып жіберіп, қара көйлегімді үтіктедім. Шашымды қара көйлекке үйлестіру үшін қайта тарап, қайтадан жаңа прическа жасадым. Сары ай сырғаны шешіп, күн сырғаға қол создым. Қара көйлегімді киіп, айнаға қарағаным сол, семіріп кеткенмін бе, әлде көйлек шуыды ма, көңіліме жақпай қалды.
Сары костюм мен шалбарымды дайындадым. Күн сырғаның орнын енді гүл сырғамен алмас-тырдым. Шашымды костюмге үйлестіру үшін қақ маңдайға қант жағып, шекеге жақындатып түйіп алдым. Мойынға моншақ тағып, құлаққа бұл жолы шеге сынды сырға жараса кетті. Бітті! Есікке оқталғаным сол, шалбарымның балағы сөлеңдеп тұрғандай ма, әлде созылып кеткен бе, әйтеуір өзімді біртүрлі сезініп кеттім.
Құрысын деп қара ноқталы ақ көйлегімді кидім. Оның омырауы тым ашық болған соң, ине-жіппен әдіптеп тігіп алдым. Моншақты шешіп, мойныма бижутерия салдым. Көрші келіншекке жүгіріп барып, менің мойнымдағы бижутерияға ұқсас сырғасын сақинасымен бірге сұрап алдым. Шашымды шештім. Қант жаққан маңдайым сірне боп саусақтарыма жабысып, мазаны алған соң, шашымды жуып, кептіріп, қайта тарап, бұйраладым. Осы киімім – соңғы шешім. Әйтпесе «балмаскарадтан Аяз ата мен Ақшақар кетіп қалып, сыйлықсыз қалармын» деп уайымдай бастадым. Етігімді сұғып жатып, бұл көйлегіме маникюрімнің түсі үйлеспейтінін көріп, баж етіп отыра қалдым. Құрысын! Ортаңғы қатардағы, екінші партада отыратын Маржанға мазақ болар жайым жоқ. Бәрін шешіп, алғашқы киген қызыл көйлегімді киіп алдым. Әшекейлерімді түгел қайта ауыс-тырып, қызыл көйлегіммен үйлесетіндерін қайта тағып алдым. Сол сәт телефон шыр етті. Тұтқаны көтерсем, деректір апайдың ұлы, құрдасым Сағат екен: «Қайдасың, балмаскарад басталып кетті ғой», – деп асықтырды. Оның үстіне екі жылға жуық дауысын естімеген құрдасыммен шүйіркелесе кеттік.
Хал-жағдай сұрасып, оны-мұны айтып, бесінші қабаттан түсіп, домофон тетігін басып, сыртқа шықтым. Қоқыс төгіп, ары қарай таксиге қарай беттедім. Сол сәт селт ете қалдым. Телефонсыз ғұмыр жоқ заманда қара басып ұялымды ғана ұмыт қалдырып, алмай шыққанымды қарашы!
Жол жиегіне іркілдей жүгіріп, үлкен томарға бір аяғымды созып жіберіп, етегіме сөмкемді төңкердім. Мәә, соткамды ұмытқаным қандай жақсы болған, ашумен әтірден қалған құтыны, мекенжай жазылған парақтарды, шемішкені қоқысқа тастадым. Сөмке жеңілдеп қалды. Сотка сөмкеде ұшты-күйлі жоқ.
Тоңқаңдап үйді бетке алдым. Темір есік керіліп, әзер ашылды. Бірінші қабатқа көтерілдім. Екінші қабатқа шықтым. Үшінші қабат. Төртке де жеттім-ау. Бірақ беске жету сондай ауыр болады деп ойлаппын ба? Ырсылдап, қарнымды ызалана бокстап қойдым.
Уф! Бесінші қабатты да бағындырдым. Есікті аштым. Ал ізде! Сотка ұшты-күйлі жоқ. Жер жұтып кеткен бе деп қоям. Әлде жұмыста ұмыттым ба екен? Киімдерді ақтардым. Суырмаларды сыпырып, шкафтарды бүлдірдім. Үйде төңкеріс жасадым. Жоқ! Сол кезде анекдот айтып тұрған Сағат сыныптасым: «Әй, шықпадың ба? Шығатын ойың бар ма өзі?», – деп қоймады. Жан-жағыма алақ-жұлақ етіп тұрдым да, жанарым мөлдіреп, аянышты түрмен: «Блин, соткамды жоғалттым. Іздемеген жерім жоқ», – десем: «Ал менімен қалай сөйлесіп тұрсың?», – демесі бар ма?!
Сонда барып, оң қолым құлақтағы сотка-да, жалғыз қолмен жер-дүниені жайпап ұялымды іздеп жүргенімді түсіндім…
Маскарад жасап, балмаскарадқа дайындалам деп масқарам шықты сөйтіп.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ