Мамандық таңдауда қателеспеу керек

Мамандық – қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі.

Әлемде 40 мыңға жуық әртүрлі мамандық бар. Статистердің зерттеуі бойынша, жыл сайын 25 миллион адам өзінің жұмыс орнын ауыстырып, оның 12 пайызы қайтадан өз қызметіне оралады екен. Бұдан мамандықты таңдауда әр маман қателесті деуге бола ма? Әлде өзінің болашақтағы кәсіби қызметіне жан-жақты дайындалу керек шығар? Қоғамға, адамдарға пайдасын тигізетін мамандықтарды қалай таңдауға болады?
Мамандық таңдау – жасөспірім шақтағы ең маңызды шешімдердің бірі. Үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жас ұланның алдында мыңдаған мамандықтан өзіне лайықты біреуін таңдау міндеті тұрады. Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың жолы ғана емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кейбір жастар мамандық таңдау ережесін білмегендіктен өзі қызықпайтын мамандықты таңдайды. Осыдан өз мамандығына қанағаттанбаушылық, реніш сезімдері болып, тіпті алдарына жоспар да құрғысы келмейді. Әрбір адам өзін-өзі дамыта алу үшін білім алып, сол біліміне сай адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек. Қазіргі таңда мамандықтың түрі көп. Таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы, адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт.
Жер саласы – өте қажетті мамандық. Себебі бұл мамандық бұрында да, бүгін де, болашақта да өте сұранысы жоғары мамандықтардың бірі болатынына сенімдімін. Қазақ елінде ата-бабамыздан бері санамызда жер мәселесі алдыңғы қатарда болған, кең-байтақ жеріміздің үлкен ресурстарын дұрыс және болашағымыз үшін тиімді пайдалануға үлкен көңіл бөлуде. Жер саласы мамандары барлық әлемнің дамушы елдерінде үлкен сұраныста. Біздің еліміз үлкен, ауқымды әлемді таң қаларлықтай, тамсандыратын жобаларды іске қосуда, осы даму барысы әлі де кем дегенде 60-70 жыл даму барысын бастан кешеді. Техникалық және кәсіптік білім беру ісінде дуальды оқыту жүйесін енгізіп, еңбек нарығында сұранысқа ие болатын елімізге бәсекеге қабілетті мамандар даярлап келеді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» дегендей, білімді де тәрбиелі ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін, біз, ұстаздар қауымы жалықпай, ізденіспен еңбек етуіміз керек. Күш-жігерімізді білімді, білікті, бәсекелестікке қабілетті, Мәңгілік ел байрағын көтеретін алғыр жастарды, ел болашағына қызмет жасайтын маман иелерін дайындауға жұмсаймыз. Мен білімді болашағымызға сенемін!

Толқын Қаңтар,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің арнайы пән оқытушысы, ауыл шаруашылығының магистрі

Comments (0)
Add Comment