Мамандық таңдау өміріңнің кірпішін қалаумен тең

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздегі экономикалық даму, мемлекеттік басқару ісін жаңғырту, өнеркәсіпті күшейту, білім және ғылым, мәдениет, бизнес салаларына айқын тоқталған болатын.

Жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекетіміздің басты міндетінің бірі екенін Президентіміз осы жолы да айқын атап өтті. Сонымен қатар білім беру саласына және қоғамдағы заң үстемдігі мәселелеріне де айрықша назар аударды. Заман ағымына қарай қоғам да өзгеріп отырады. Ұшқан құстай дамыған қоғамда шаң қауып қалмау үшін әрбір жас бәсекеге қабілетті болу керек. Сондықтан өскелең ұрпақ мамандықты дұрыс таңдағаны жөн.
Мамандық – әрбір адамның сүйіп айналысатын кәсібі. Оны таңдау – өміріңдегі ең маңызды шешімді қабылдау. Өмірде басқа нәрседен қателессек те, мамандық таңдаудан шатаспағанымыз жөн. Себебі осы арқылы біз өз болашағымызды жасаймыз. Келешегіміздің кемел болуы біздің таңдауымызға байланысты. Сол себепті де, Қазақстан бәсекеге лайықты, білікті жастарды дайындауға баса назар аударып келеді.
Президент құнды құжатта жыл сайын 21 мың түлек жоғары оқу орнына түсе алмайды деген болатын. Бұл, бір жағынан, мамандықты дұрыс таңдай алмаудың салдары екені жасырын емес. Болашақ бүгіннен басталады. Сондықтан алтын ұямен қоштасып, мамандық таңдар сәтте жеті рет өлшеп, бір рет кескен дұрыс. Ал мектеп түлектері мамандық таңдауда ата-анасының, достарының сөзіне көбірек жүгінеді. Мамандықты дұрыс таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау. Сол үшін әрбір адам өз жүрегі қалайтын, қызығушылығын арттыратын мамандықты таңдау керек. Өзің сүйіп істемейтін мамандықты таңдаудың соңы өкінішке соқтырады. Мамандық таңдау деген – өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау.
«Мамандық» сөзі латын сөзінен шыққан, «жұрт алдында сөйлеу, жариялау» дегенге саяды. Есте жоқ ескі заманда мамандықтың қазіргідей түр-түрі болмады. Әр адам барлық жұмыспен өзі ғана айналысатын. Дегенмен әйелдер мен ерлерге деп бөлінетін жұмыстар болған. Ерлер аң аулап, үй тұрғызып, қару-жарақ жасаса, әйелдер жеуге жарамды өсімдіктерді жинап, тамақ пісірген, киім-кешек тігіп, бала тәрбиелеген. Ал бүгінгі мамандық мүлдем басқа.
Алда әлі ұзақ жол, үлкен асулар бар. Сол асулар мен қиындықты жеңу үшін білектің күші мен найзаның ұшы керек емес. Оған тек жүрек пен білім, талант пен талап қажет. Қазақ елінің абыройын асырып, мерейін үстем етер, әлем таңғалар, талай-талай жаңалық ашар білімділер қай дәуірде де керек. Осы тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, бүгінімізді ертеңіне жалғайтын, Қазақ елінің баянды болашағы үшін жауап беретін бүгінгі ұрпақ екенімізді сезінейік.
Заман өзгерген сайын адам да жетіліп, нарықтық қарым-қатынас пайда болды. Қоғам дамып, дүниеге сәйкесінше түрлі мамандықтар келді. Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшылары өткен жылы әлемде 75 миллион адам жұмыссыз қалады деген болжам жасаған еді. Мұндай қысқартулар технология мен инновацияның дамуы салдарынан орын алмақ. Осылайша 2030 жылы жойылып кететін мамандықтар тізімі де әзірленген. Оның ішінде есепші, бағалаушы, несие менеджері, статист, стенограф, копирайтер, кітапханашы, мұрағатшы, саяхат бойынша агент сынды 60-тан аса кәсіп бар. Орнына 200-ге жуық жаңа жұмыс түрі пайда болмақ.
Бұл мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты да алаңдатып отырғаны белгілі. Мемлекет басшысы Жолдауда: «Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, осы маңызды міндетті шешумен айналысуы керек. Біз «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз», – деген болатын.
Бұл бағытта Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясында 9-сынып оқушыларына мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру мақсатында оқу жылында көптеген кәсіпорындарға экскурсия жасалып тұрады. Экскурсия барысында оқушылар кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысып, өздеріне пайдалы ақпарат ала білді. Соның ішінде «Dental clinic» тіс емханасы, «Oasis» сұлулық салоны, Тараз тері былғары комбинаты тағы да басқа оқу орындары мен кәсіпорындарға балалар арнайы барып қайтты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан!» – деп ұлы Абай атамыз айтқандай, мамандығымызды дұрыс таңдап, оны ел игілігіне жұмсайық!

Әсем Келдібек,
Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның
кәсіби бағдар беруші педагогы

Comments (0)
Add Comment