Мал ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды

Сарысу аудандық полиция бөліміне осы ауданның бірнеше тұрғыны сауықтыру лагерінің маңындағы өрісте жайылып жүрген сиырларын белгісіз тұлғаның жасырын ұрлап кеткендігі туралы арызданған. Келтірілген шығын көлемі 2 миллионға жуық қаржыны құрайды.

Тұрғындар өрістегі малдарын жарты ай сайын барып, тексеріп тұратын болған. Кезекті рет тексеруге барған сәтінде жайылымнан өз сиырларының жоқтығын байқаған. Бірнеше күн өз күштерімен іздеп таба алмағандықтан, полиция бөліміне арызданады.
Аудандық полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде мал ұрлығына қатысы бар Сарысу ауданының 46 жастағы және 35 жастағы 2 тұрғынынан құралған қылмыстық топ ұсталды. Сондай-ақ күдіктілердің қатысуымен болған 6 мал ұрлығы дерегі анықталды. Күдіктілер кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Қазіргі уақытта осы дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1 бабы 3-бөлігімен (бірнеше рет жасалған мал ұрлығы) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Жалпы Жамбыл облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы қызметкерлерімен жүргізілген республикалық «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасының нәтижесінде 12 қылмыс (өткен жылдан – 6 дерек) ашылып, 4 қылмыстық топ құрықталды.

Comments (0)
Add Comment