Құрметті тараздықтар, майдангерлер мен тыл еңбеккерлері!
Сіздерді жасампаз ерліктің мерекесі – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл Ұлы Жеңістің салтанат құрғанына 79 жыл толды. Тарихтың бетінен өшпестей орын алған бұл Жеңіс – жаужүрек батырларымыздың төгілген қанымен асқақ рухымен келген ең қастерлі, ең қымбат құндылық. Өйткені сұрапыл қан майдан қасірет әкелмеген, қайғы шектірмеген бірде-бір шаңырақ жоқ. Қаншама боздақты жер жастандырған, қаншама ошақтың отын сөндірген қаралы күндерде біздің жарқын, бейбіт болашағымыз үшін майдангерлер арын байрақ, намысын найза етіп, қаһармандық пен жанқиярлықтың өшпес үлгісін көрсетті. Олар жауға қарсы оқ болып атылды, от болып жанды. Жеңісті жақындатып, қаншама жауынгер майдан даласында мерт болды.
Ал алапат соғыстан елге аман оралған ардагерлер бейбіт өмірде де өскелең ұрпаққа ерлік пен еңбектің өнегелі өрісін танытып, адал қызмет етті. Солардың қатары бүгінде сиреді. Бірақ оларға деген құрмет пен тағзым ешқашан аласармақ емес. Қайта жыл өткен сайын санамызда жаңғыра береді. Біз майдангерлер алдында мәңгі қарыздармыз.
Ардақты ардагерлер!
Осы мерейлі мерекеде барлық ізгі тілек сіздерге арналады. Сіздердің қайсарлықтарыңыз, төзімділіктеріңіз бен табандылықтарыңыздың арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық. Бейбіт өміріміз үшін, бұлтсыз аспанымыз үшін Сіздердің алдарыңызда тағзым етіп, бас иеміз!
Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарыңызға шаттық пен бақыт тілеймін! Жеңістің туы желбіреп, еліміздің абыройы арта берсін!
Бақытжан ОРЫНБЕКОВ,
Тараз қаласының әкімі