Маңызды науқанға тыңғылықты дайындық

ҚР Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді. Сапары барысында Мұхтар Тілдәбекұлы аумақтық референдум комиссияларының республикалық референдумды өткізуге дайындық барысымен танысып, мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесті.

Жиында өңірдегі референдум учаскелерінің жарақтандырылуы, мүмкіндігі шектеулі сайлаушыларға жағдайлар жасау, халықаралық байқаушылармен жұмыс және тағы да басқа ұйымдастыру жұмыстары пысықталды.
Содан соң Орталық референдум комиссиясының хатшысы ел көлемінде жүріп жатқан республикалық референдумды ұйымдастыру жұмыстары жайын баяндап, Жамбыл облысы бойынша референдумды әзірлеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ М.Ерман мемлекеттік органдар мен басқарма басшыларына референдумды заң талаптарына сәйкес өткізу қажет екенін айтты.
Бұдан бөлек, республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу кезеңінде сайлаушыларға барынша қолжетімділік жасау мақсатында онлайн-сервистердің жұмысына баса назар аудару және референдум учаскелерінде халыққа қызмет көрсету орталықтарын орналастыру жайы қаралды.

Қаржыны шашау шығармай жұмсау керек

Таразда Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының ұйымдастыруымен облыс, қала және аудан әкімі аппараттарының бас есепшілеріне арналған жиын өтті. Басқосуда 6 қазанға тағайындалған саяси науқанды ұйымдастыру мен өткізу кезеңінде барлық деңгейдегі референдум комиссияларын қаржыландыру тәртібі қаралды.
Отырыс барысында облыс әкімі аппаратының бас есепшісі Г.Дәуренова саяси науқан барысында комиссия мүшелерінің еңбегіне ақы төлеу тәртібін түсіндірді.
Сондай-ақ облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы С.Айдапкелов республикалық референдумды қаржыландыру жұмыстарын ҚР Орталық референдум комиссиясының бекіткен коэффициенттерін негізге ала отырып заң талаптарына сәйкес жүргізуді тапсырды.

Комиссия мүшелері біліктіліктерін арттыруда

Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының ұйымдастырумен 9-23 қыркүйек аралығында облыс аудандары мен Тараз қаласында аумақтық және учаскелік референдум комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған семинар-тренингтер өткізілуде.
«Республикалық референдумды даярлау мен өткізудің ұйымдастырушылық аспектілері» тақырыбында өтіп жатқан оқыту жиындары бүгінгі таңға дейін Тараз қаласында, Меркі, Қордай, Т.Рысқұлов және Байзақ аудандарында өтіп үлгерген. Семинар-тренингке аумақтық референдум комиссиясының мүшелері мен учаскелік референдум комиссияларының толық құрамы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның референдум процесіне қатысты өкілдері, тиісті бөлім басшылары қатысуда.
Республикалық референдум туралы заңнамадағы жаңашылдықтарды, сайлау заңнамасының негіздерін және оны сайлау процесінде қолдану практикасын түсіндіруді мақсат еткен семинар-тренингтер референдумды ұйымдастырушылардың кәсіби құзыреттерінің деңгейін, комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігі мен құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған.
Оқу-семинарларының барысында облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы С.Айдапкелов республикалық референдумды өткiзудiң принциптерi жайында, облыстық аумақтық референдум комиссиясының мүшелері саяси науқанды әзірлеу мен өткізу кезеңіндегі жұмыстар мен дауыс беру күні жөнінде дәрістер оқыды. Сонымен қатар семинар-тренингте учаскелік референдум комиссиялары мүшелері кейстік тапсырмаларды талқылады.
Оқыту жиындарының соңында учаскелік референдум комиссияларының мүшелерінен оқытудың қорытындысы бойынша тест алынып, сертификаттар табысталды.

Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясы

Comments (0)
Add Comment