Маңғыстауда жол бермегені үшін ашуға булыққан көлік жүргізушілері бір-бірімен жанжалдасып, артынша бірі екіншісін ұрып өлтірген деп хабарлады turkystan.kz.
Маңғыстаудағы облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметі мәліметінше, 35 жастағы күдікті 67 жастағы ер адамды дене жарақатымен жол жиегіне тастап кеткен.
«Алдын ала болжам бойынша, екі жүргізуші бір-біріне жол бермей, араларында жанжал туындаған. Күдікті эмоцияға бой алдырып, 67 жастағы жүргізушіні ұрып-соққан. Алған жарақаттарынан кейін жәбірленуші сол жерде қайтыс болған. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – делінген баспасөз қызметі хабарламасында.
Аталған оқиға 22 шілде күні сағат 20:15 шамасында Мұнайлы ауданының Жаңа Дәулет кентінде орын алған.
Қазір күдіктіге қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Тергеу амалдары әлі жалғасып жатыр.