Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері бас миының ісігі диагнозымен дүниеге келген сәбиді аман алып қалды. 15 қыркүйек күні коронавирустың кесірінен ауыр жағдайда жатқан жүкті әйелді дәрігерлер шұғыл босандырып алды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Екінші тәулікте ауыр жағдайдағы жаңа туған сәбиді облыстық балалар ауруханасына ауыстырды, деп хабарлады ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев.
Сәбиге – ми қанайналымының өткір бұзылысы, бас миының ісігі, дислокациялық синдром, 2-3-ші дәрежелі кома диагнозы қойылды.
«Балалар нейрохирургі Ербол Кенжевалов балаға шұғыл түрде ота жасады. Ол жаңа туған сәбидің өмірін құтқарып қалды», – деді ол.
Қазіргі уақытта бала жан сақтау және интенсивті терапия бөлімінде жатыр.
Дәрігерлердің айтуынша, тез арада емдеу шараларын жүргізгеннен кейін, қыздың жағдайы жақсаруда. Оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Ал қыздың анасы коронавирусты ауыр өткеруде. Оны ИВЛ аппаратына қосқан.