Мақсат – жастарға бағдар көрсету

Облыс орталығындағы «Һибатулла Тарази» мешітінде өңірдің Ардагерлер кеңесі мен Әжелер алқасының жүздесуі өтті. Шараға аталған екі ұйымның мүшелері мен имамдар, БАҚ қызметкерлері қатысты.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Қоғамдағы бірқатар түйткілдің түйінін тарқату үшін жиылған ақсақалдар мен ақжаулықтылардың бұл басқосуы облыс әкімінің тапсырмасы аясында жүзеге асты. Кездесуге ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев модераторлық етіп, Әжелер алқасының жетекшісі, ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Жамбыл облысы бойынша өкілі Гүлжан Серікқызына алғашқы сөзді ұсынды.

Облыстағы нәзікжандыларға қатысты барлық жұмыста бағдарлаушы болып жүрген бас ұстаз Әжелер алқасы туралы мәлімет беріп, мақсат-міндеттерін, жұмыс жоспарын баяндады. Сонымен қатар мешіт қызметінің жылдық есебін көрген Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев оң бағасын беріп, әжелердің жұмысымен танысып, Ақсақалдар кеңесінің жанынан осындай ұйым құру жайлы ойын жеткізді.

Басқосуға қатысқан облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов ел арасындағы даулы мәселелерді шешу барысында имамдардан қолдау болып жатқанын тілге тиек етті. Бас имам ардагерлерге «Құран» кітаптарын сыйға тартып, ҚМДБ қабылдаған құжат «Жеті рухани қазық» кітапшасын табыстады. «Жас ұрпақты тәрбиелейміз, дұрыс бағыт-бағдар береміз» деген мақсатты көздеген мешіт ұжымы, Ардагерлер кеңесі мен Әжелер алқасы алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасауға келісіп, меморандум құруға ниетті.

Көпшілік өз ұсыныстарын ортаға салып, жиын соңында бата берілді. Отырыстан шыққан соң ардагерлер «Асыл дін» студиясымен танысып, сұхбат беруге уағдаласты. Сондай-ақ ақсақалдар дін мамандарымен бірге мешіт ауласына шырша ағаштарын отырғызды.

Comments (0)
Add Comment