Мақсат – құтқарушылар  біліктілігін арттыру

Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жоспарына сәйкес, бөлімшелердің 7 қызметкері «Республикалық медицина академиясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жамбыл облыстық филиалында арнайы оқу курсынан өтті. Оқуды бітірген соң өрт сөндірушілер мен құтқарушылар фельдшерлік сертификаттарға қол жеткізді. Қызметкерлерді мұндай тұрғыда даярлау олардың қызметіне аса қажет. Өйткені құтқарушылар төтенше жағдайлар мен өрттер кезінде кейде дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетуі керек.

Сабақ барысында жасанды тыныс алу, жүректің жанама массажы, термиялық және химиялық күйіктер, ұзақ қысу синдромы, үсік шалу, жарақаттар (көгеру, созылу, сыну, дислокация), сондай- ақ төтенше жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша практикалық дағдылар зерттелді. Зардап шеккендерді тасымалдауға және эвакуациялауға көп көңіл бөлінді. Қызметкерлер барлық қажетті әрекеттерді атқару кезінде манекенді пайдаланды.

Дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету ережелерін кез келген құтқарушы қызмет түріне қарамастан білуі қажет. Өйткені дер кезінде әрі білікті атқарылған іс-әрекеттер зардап шеккендер арасындағы өлім-жітімді анағұрлым азайтады.

Мұндай жедел жәрдем не үшін қажет? Өрт сөндіруші, бір қарағанда, тек өртпен ғана күресуі керек сияқты болып көрінеді. Дегенмен төтенше жағдай кезінде түрлі оқиғалар кездесуі ықтимал. Оқыс оқиға орын алғанда, әрбір өрт сөндірушінің міндеті – ең әуелі адамның өмірін сақтау. Кейде адам аман қалуы үшін уақытында медициналық көмек алуы да маңызды. Мұндай жағдайға тап болған көптеген адамдар үшін бұл – тірі қалудың және асқынулардың алдын алудың үлкен мүмкіндігі.

Мұндай оқыту жеке құрам үшін өте пайдалы. Олар медициналық көмек көрсету дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беріп, болашақта жүздеген адамның өмірін сақтайды.

Нұрболат ӨМІРЗАҚОВ, облыстық төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру мекемесінің баспасөз хатшысы

Comments (0)
Add Comment