Мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру

2022 жылғы 1 сәуірден бастап Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмасын және Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз гранттар алудың бірінші легіне өтінімдер қабылдау басталады. Өтінімдерді қабылдау «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде жүзеге асырылады.

Өтінімдерді қабылдау 10 жұмыс күніне созылады, содан кейін аудандық/қалалық комиссия берілген өтініштерді қарайды. Комиссия отырыстарында үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын таныстыратын болады. Өтінім берілген күн комиссияның шешіміне әсер етпейді.

Ағымдағы жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар беру 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асырылады. Халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыз тұлғалар қатарынан  «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінде оқыту курсынан өткен, өтініш берген сәтте мәртебесін рәсімдеу мерзімі 1 жылға дейінгі жеке кәсіпкерлер грант алуға үміткерлер болып табылады.

Бұл ретте үміткер санатқа жатуға тиіс:

—        29 жасқа дейінгі жастар;

—        Аз қамтылған отбасы мүшелері – АӘК алушылар;

—        Көп балалы отбасы – көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар;

—        Қандастар, қоныс-аударушылар;

—        Жәрдемақы алатын мүгедек баланы тәрбиелеп отырған тұлғалар;

—        Мүмкіндігі шектеулі тұлғалар (мүгедектер).

Жаңа бизнес – идеяларды іске асыруға гранттар тиісті қаржы жылының республикалық бюджеті туралы заңда белгіленген 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде (2022 жылға 1 225 200 теңгені құрайды) өтеусіз және қайтарымсыз негізінде бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын ұлттық жобаны қатысушыларына беріледі.

Comments (0)
Add Comment