Мақұлбек Қайыпбекұлы Рысдәулет

Жамбыл журналистикасының
жүйрігі еді

Жамбыл жұртшылығы бес күндік жалғанда бес қаруының бірі қаламға айналған ардақты қаламгерінен айырылып, қара жамылып қалды. Биыл ғана жетпістің желкенін жайып, саналы ғұмырын туған өлкенің руханиятына, тарихы мен баспасөзіне, әдебиеті мен мәдениетіне сарп еткен Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, журналист-жазушы Мақұлбек Рысдәулет келместің кемесіне мініп, мәңгілік сапарға аттанды.
Әлихан Бөкейханұлының «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп айтқан отты сөзі осындай кезде еріксіз еске түседі. Себебі дәл қазір ортамызда жоқ болса да, сом бейнесі сөнбес сәулеге айналған Мақұлбек Рысдәулет ұлтқа адал мінезбен қызмет еткен жан. Оған ел көзі куә, ғұмыры дәлел.
1949 жылы 20 мамырда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Бақалы ауылында дүниеге келген. 1973 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Республикалық «Халық кеңесі», «Заң газеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы, бұрынғы Жезқазған облыстық «Сарыарқа» газетінің тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқара жүріп, ұлт руханияты мен халық мүддесін арқалаған салмақты сараптамалық мақалалары арқылы қалың оқырманның риясыз құрметіне бөленді. Сонымен қатар ардақты қаламгер республикалық Баубек Бұлқышев атындағы байқаудың алғашқы жеңімпаздарының бірі, одақтық конкурстарда да жүлде алған, Қазақстанның Құрметті журналисі.
Көркем әдебиетке де көсіле қалам тартқан қаламгердің Алматы баспаханаларынан он кітабы жарық көріп, оннан аса ұжымдық жинақтарға әңгімелері мен очерктері тайға таңба басқандай енген еді. Олардың тақырыптары да, жанрлары да сан алуан. Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақмыс» корпорациясы бірлесіп өткізген конкурста Жезқазған мыс кен орнын игеруде Қаныш Сәтбаев бастаған геологтар туралы жазған повесі бас жүлдеге ие болды.
Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатының директоры қызметін атқара жүріп, тарихи деректерге негізделген бес кітап шығарды. «Мәңгілік ерлік» атты кітабында Жамбыл облысының Ұлы Жеңіске қосқан үлесі жөніндегі деректер мен дәйектер, ашаршылықтың Әулиеата өңіріндегі қасіреті туралы жазған ғылыми еңбектерін ерекше атауға болады. Сондай-ақ «Тәуелсіздік – Туымыз!» атты шежіре кітабында Жамбыл облысындағы жасампаз жылдарды анық айшықтады. Сонымен қатар баспасөз саласында өз сүрлеуін салып, ұлт мақтанышына айналған қадірлі жерлестері Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртазаның текті ізімен елдің сөзін сөйледі, жоғын жоқтап, барын бақытқа балады. Өмірінің соңына дейін баспасөз беттерінде тұрақты түрде терең мағыналы танымдық дүниелерді жазып келді.
Еңбексүйгіштігі, әр іске зор жауапкершілікпен қарайтыны, қарапайымдылығы, әр сәтте әділін бетке айтатын турашылдығы, кісілігі мен кішілігі – өзінен кейінгі ұрпаққа мәңгілік үлгі, өшпес өнеге. Әулиеаталықтардың ғана емес, қарға тамырлы қазақтың қабырғасын қайыстырған қазаға әлі де болса сену қиын. Алайда Алланың ісіне амал кем… Хәкім Абайша айтсақ, «Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған».

Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалы

Comments (0)
Add Comment