Маңайын мейірімге бөлеген меценат

Мен оны көп іздедім. Әлі де іздеймін. Жиі ұшырасып қаламын деп айта алмаймын, арагідік көріп қалатыным бар. Ол бірде өзінің бір аяғы тізесінен кесіле тұрып, садақа сұраған мылқау қызға бар тапқанын бере салған қарт жауынгердің жүрегінде жасырынып тұр еді. Кейін анасыз қалған бір үйдің үш перзентін бауырына басқан егде әйелдің жанарында тұрғанын көрдім. Ал бірде ойнап жүріп оқыс жолға шығып кеткен бейтаныс баланы көліктен құтқарамын деп өзі жазым болып қалды. Иә, мен оны жиі көре алмаймын. Өйткені адамдары асығыс, құндылығы өзгерген, ақшаға тәуелді тас қоғамда ол өзіне орын таппай қалады. Бәлкім, өлімші халде. Тіпті әупіріммен жансақтау бөлімінде әр жүректің есігіне бір телміріп, әрең күн көріп жүрген де шығар. Бірақ ол бар. Тірі. Бастысы да – сол. Оның аты – мейірім!

Бүгін де оны іздеп, өзім ешқашан көрмеген, білмеген ортаға келіп, алып қақпаны қағып тұрмын. Іздеге-нім – жомарт жүрек, дәлірек айтсам, ізгілігі мол, жүрегі мейірбан, жақсы адам. Бір емес, бірнеше адамның сүйсіне айтуымен осы кісімен бетпе-бет кездесіп, жолығу мақсатында іздеп келген бетім осы.
Күзеттің жол сілтеуімен жүріп келемін. Ұзын дәліздің ұшар басында самайын қырау шалған жігіт ағасы күтіп тұр екен. Қою қара қасынан қазақпен біте қайнасып кеткен түрік ұлтының азаматы Жамбыл облысы, Байзақ аудандық «Ахыска» түріктер этномәдени бірлестігінің төрағасының орынбасары, аудандық мәслихаттың депутаты Жалил Аббосов екенін айтпай-ақ таныдым. Аз-кем амандық-саулықтан соң, әңгіме ауаны өскен орта, өмір иірімі мен сан алуан тыныс-тіршілікке қарай ойысты.

«Сізді жұрт қайырымды тірліктің басы-қасында жүреді, мейірім танытады, меценат» деп жатыр, сол үшін іздеп келдім», – дедім, ә дегеннен әңгіме түсінікті болсын деген ниетпен. Қайырымды жандарға құрметімнің бөлек екенін де жеткіздім.

Кейіпкерім үнсіз отырып қалды. Жүзінде толқу бар. Жанарынан уайым ізі байқалады. «Мен рас лайықпын ба?» деген сұрықсыз сұрақтың легі тамағына кептелгенін сездім… Сәлден соң жанарын терезеге қадап, балалық шаққа ойша саяхат жасап кетті.

– Бір шаңырақта үйелменді-сүйелменді тоғыз бала өстік. Әкем бізге дауыс көтеріп ұрысып көрмеген. Бірақ бетіне келіп, қажетімізді сұрауға батпайтынбыз. Керегімізді анамызға айтамыз, анамыз әкемізге айтады, сөйтіп қана жеткізе алдық. Өте әділетті адам еді. Сондықтан бай болып көрмедік. Қайта жетіспеушілік жағадан жиі алатын. Апельсин жемісін тек Жаңа жылда ғана көретінбіз. Бірде әкем жұмысындағылардың балаларына жасалған жаңа жылдық базарлықты біздің үйге әкеп, құлыптап, тығып қойды. Апельсиннің иісі мұрынды жарды. Сонда әлгіні ұрлап жегенбіз. Үлкендер білмей қалды. Бұл жай ғана көпбалалы үйдің балаларының тәттіге деген аңсарынан туған қызығушылық еді. Бір тәттіні бәріміз бөліп жедік. Біріміздің киімімізді біріміз кидік. Сөйтіп жүріп бар мен жоқтың қадірін білдік. Сөйтіп жүріп жетілдік. Дәл сол кездегі бір түйір дәмнің тәттісі ерекше таңдайымнан кетпейді.
Иә, мен қазір осы күніме дейін ең қымбат деген мың бір тәтті жеген шығармын. Бірақ балалық шағымда жеген тәттінің дәмі бөлек екенін білемін. Мектепті жақсы аяқтадым. Оқуға түсіп, ауылдан қалаға қатынау үшін маған күнделікті 100 сом қажет еді. Сол ақшаны тауып беру менің ата-анама оңай соқпағаны соншалық, «оқымай-ақ қойсаң қайтеді» деген өтініш те айтылды. Кейін оқуымды аяқтамай, әскерге аттанып кеттім, – дейді Жалил.
Әскерден келген соң жүк тасушы болып жұмыс істеген жігіт аласа үйден шықса да, арманы биік еді. Қалайда шыңға жетуді аңсады. Айлығы шайлығына жетпей жүрсе де армандады. Сөйтіп жүріп жекжат-жұрат, туған-туыстан қарызға ақша жинап, Ресейге аттанады. Ол жақтан көкөніс тасымалдап жүрді. Жұрттан алған қарызын қайтарып, өзі де алғашқы жүк көлігін сатып алады. Кейін Ресейде кәсіп ашып, ағаш шаруашылығымен айналысатын кәсіпкердің банкрот болғанын естіп, сол іске көңілі ауады. Тәуекелге барып, солардың ісін жалғамақ ниетте шаруашылығын сатып алуға бекінеді. Сонда досы шыр-шыр етіп, бұл істің домаланып кетеріне күмәнданған сәт көзіне көзін қадап: «Сен осы жердің бастығы боласың. Ал мен Қазақстан мен Ресейдің ортасын жалғап, тасымалдауды өз мойныма аламын», – деп бой бермейді. Міне, сол тәуекел түбі табыс көзіне жетелеп, бүгінде расында сол досы Ресейде шаруаның басы-қасында басшы, өзі екі елдің ортасындағы алтын көпірге айналғалы қашан. Сол тірлігі бүгінгі етек-жеңін жинаған, толайым табыс көзіне жеткізді.

Бүгінде өзі де бір қара шаңырақтың ғана емес, бүкіл бір елдің қара нарына айналды. Байзақ ауданындағы Бурыл ауылының тыныс-тіршілігіне өзін жауапты сезінеді. Осы аймақтағы барлық ерекше жан, жарымжан қарт пен қамкөңіл бала бұл кісінің шарапатын көріп жүр. Ондағы мешіттің де бар қажеттілігіне көмек қолын созып, Алланың үйінің керек-жарағын қамтамасыз етеді.

Есігін қаққан адамды құр алақан жіберуге арланады. Бір досы балаларының қызығын көрмей өмірден озып кетеді. Сонда жолдасының арманын жалғау мақсатында баласын оқуға түсіреді. Міне, сондағы қайғы жұтқан қара шаңырақтың шаттығы жүрегіне нұр болып ұялайды. Жас жуған жүздері сәл болса да сәулеленген сәт, иненің жасуындай жасаған жақсылығы жүрегін жылытты. Сол күннен бері өз қолымен біреуге жасаған жақсылықтың өтемі – бақыт екеніне көзі жетті.

Енді міне, әлдекім есік қақса, оның аты-жөні, ұлты, жынысы емес, оған не қажет екенін білгісі келіп, оған тамшыдай болса да нұрын төккісі келеді. Жақсылық жасап, жүрегін нұрландырғысы келеді. Және де оған қайырылғандардың бірі де құр алақан қайтқан емес. Ал өзі таныс һәм кейде бейтаныс жандар жәутеңдей қайырылғанда неден үміт етеді? Өзгенің жүрегін жұбатқанының ақысына не күтеді?

– Бірде Бурыл ауылында жалғыз ұлының із-түссіз кеткеніне бірнеше жылдың жүзі болған бір кейуана барын естідім. Арнайы үйіне барып, есігін қақтым. Сөйтіп, әжейдің бар қажетін өтеп, көмек қолын созып, жаралы жанына демеу болғым келді. Жоғалған ұлдың орны толмасын білсем де, соның ұлындай болғым келді. Жанарын жас жумаса дедім. Бізді көріп, жұбанса деп едім. Сонда риза пейілмен жүзін мұң торлаған кәрі әжейдің бетіме бір қарап, бір күлімсірегенін көрудің өзі теңдессіз ғанибет екенін ұқтым. Әжейге қуаныш сыйлаудың да өзім үшін әсері мол екенін ұқтым. Әжейдің жағдайын сұрап тұруды, қолғабыс етуді, қиын күнде қасынан табылуды әдетке айналдырдым.

Тұңғышыма келін түсіріп, шаңырағымды шаттық кернеген сәттердің бірі еді. Бір күні жұмыста ұзақ отырып қалдым. Әйелім қоңырау шалып: «Сені бір кісі бірнеше сағат бойы күтіп отыр», – деді. Үйге барсам, жаулығы желбіреп, әз әжем екен күтіп отырған. Сол сәт қалай толқығанымды айтып жеткізу мүмкін емес-ау?! Өз шамасына қарамай, келін түсіргенімді естіп, сыйлық ала келіпті. Сол анамдай болған әжейдің сыйлығынан асқан құнды дүние жоқ-ау маған, сірә?! Осындай қуаныштан асқан қуаныш та жоқ шығар?! – дейді Жалил Азимұлы көздерінде нұр ойнап.

Ал, ең ғажабы, үш ұлдың әкесі әлдекімнің қажетін өтеп, сый-сияпатын жеткізерде ұлдарын шақырып алып, керегін солардан беріп жібереді. Сөйтіп, ізгілікті өз балаларының қолымен жасап, болашаққа жол салғысы келеді. Сонда ғана әке дәрежесінің биіктей түсетінін, кейінгілердің сол әкесіне ұқсап өсетінін біледі. Яғни бүгін мен ертеңді осылай жалғамақ. Өйткені кәсіпкер әке тәрбиесін көрген ұлдың ғана оқ жонатынына сенеді.

Ал мен ту-ту алыста, баяғы балалық шағының ауылында, өзі тойып жей алмай қалған апельсинді тойып жесін деп балаларға таратып жүрген кішкентай баланы елестеттім. Мен іздеген жылылық осы емес пе еді?! Сол мейірім бәріне жетсе екен!

Comments (0)
Add Comment