Мәзбаевқа берілген мүмкіндік

«Тараз» футбол клубы былтыр Премьер-лигадағы алғашқы ойындарын сәтті өткізгенімен, сол басымдықты маусым соңына дейін сақтап қала алмаған еді. Абырой болғанда ел чемпионатында 10-шы орынға тұрақтап, жоғары лигада өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Биыл команданың бас бапкерлігіне тағайындалған Нүркен Мәзбаевқа енді үлкен сенім артылып отыр.

Әрине, Мәзбаев жайында айтар әңгіме көп. Ол талай жыл Тараз сапында доп теуіп, команданы өрге сүйреген футболшылардың қатарында болды. Тіпті Мәзбаевтың дәуірінде жергілікті клуб ел чемпионы да атанды. Мәзбаев спорттық мансабын аяқтаған соң да Тараз клубынан кеткен жоқ. Бірер жыл бұрын клуб ойыншыларын баптап, төменгі лигадан жоғары лигаға қайта шығарып ерлік жасады. Оның көмекшілері Нұрмат Мырзабаев, Ерлан Елеусінов, спорттық директоры болған Азамат Ниязымбетовтерді клубтың нағыз жанашырлары деуге болады. Себебі сол тұста шынында команда құрамы жасындай жарқылдады. Алайда сол кездегі клуб басшылығы Мәзбаевтың ойыншыларды одан әрі жаттықтырып, шын талантын көрсетуге мүмкіндік бермеді. Десе де, мұндай мүмкіндік биыл туып отыр.
Жуырда команданың көшбасшылары, Ұлттық құраманың ойыншылары Бауыржан Байтана, Мұхамеджан Сейсен, жастар құрамасының намысын қорғап жүрген Абылайхан Жұмабек пен Дінмұхамед Қараман клубпен келісімшартты ұзартқанын естідік. Сонымен қатар клуб басшылығы өзге командалардың намысын қорғап жүрген жамбылдықтарды қатарға қосуды көздеп отыр екен.
Бүгінде жергілікті клуб жаңа маусымға дайындығын Түркияда өткізуде. Енді оқу-жаттығу жиынынан кейін Премьер-лигадағы жорығын Нүркен Мәзбаевтың басшылығымен қайта бастайды.
Жігіттерге тек сәттілік серік болсын!

Сәндібек Піренов

Comments (0)
Add Comment