Мүтәліп ақсақалға құрмет

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, қалалық кеңестің төрайымы Күләш Әбдікешова, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков, аталған басқарманың жоғарғы спорт жетістігін дамыту бөлімінің бас маманы Ерназар Тоқсанбаев соғыс ардагері Мүтәліп Ережепбайұлын 95 жасқа толған мерейтойымен және Тәуелсіздік күнімен арнайы құттықтап барды. Майдангерге сый-сияпаттарын тарту етіп, зор денсаулық, ұзақ өмір тіледі.

Жасы бір ғасырға жуықтаса да өзін сергек сезінетін қария барлығымызды жылы шыраймен қарсы алды.
– Жауды жалғыз мен жеңіп келген жоқпын ғой. Сонда да әрдайым осылай елеп-ескеріп, құрмет көрсететін пейілдеріңнен айналдым. Елімізде ешқашан соғыс өрті тұтанбай, халқымыз тек бейбітшіліктің бесігінде тербелсін. Мен куә болған қан майданды ұрпағымыз көрмесін. Өсіп-өніп, үбірлі-шүбірлі болыңдар, – деген қария ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Мүтәліп ақсақалдың есімі күллі Жамбыл жұртшылығына жақсы таныс. 1926 жылы Талас ауданында дүниеге келген. Әкесі Ережепбай «халық жауы» атанып, 8 жылға сотталып, артынша атылған. Анасы Бекпатша екеуі бұл қасіретке де шыдады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін майдан даласына аттануға өз еркімен бірнеше рет өтініш жазады. Алайда тек 1944 жылы мамыр айында 18 жасында соғысқа аттанған. 664-ші мотоатқыштар полкі құрамында 3-ші Беларусь майданына әскерге шақыртылған. Аз ғана дайындықтан кейін, Прибалтика майданында Кенисберг қаласы маңындағы шайқасқа қатысты.
1950 жылы «майор» әскери шенімен елге оралады. Бейбіт күнде Талас аудандық атқару комитетінде әуелі нұсқаушы, артынша кадр және бөлім меңгерушісі болды. Сондай-ақ аудандық «Талас тынысы» газетімен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, әуелі жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Кейіннен аталған басылымның төрт жылға жуық тізгінін ұстады.
Қаруын қаламға алмастырған қарттың өмір жолына арналған «Жамбыл жолы», «Аңызға айналған ақиқат», «Ата қоныс», «Оқ пен оттан оралғандар» атты еңбектер жарық көрген.

Құрбанәлі Шахабай 

Comments (0)
Add Comment