Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасына арналды.
Президент қаңтар оқиғасына баға беріп: «Осы күндерде жұртымыз тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңыз- ды екенін жете түсінді. Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық», – дей келе, жазықсыз қаза болғандардың отбасыларына тағы да көңіл айтты.
Жолдауда он нақты мәселе айтылды. Олар: Президенттің өкілеттілігі, өкілді билік тармағын қайта құру, сайлау жүйесін жетілдіру, партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, сайлау үдерісін жаңғырту, құқық қорғау институттарын күшейту, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру, дағдарысқа қарсы шаралар.
Елімізде әлеуметтік-экономикалық бағыттағы өзгерістер, демографиялық ахуалдың жақсаруы және халықтың талап-тілегіне жауап беру мақсатында Президент Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құруды ұсынды. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек дей келе, Қапшағайға Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру туралы ұсынысын жеткізді. Бұл ұсыныс көп ұзамай-ақ жұртшылық тарапынан қолдау тапты.
Бұл өзгерістер экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім екенін айта келе: «Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз», – деді.
Мемлекет басшысы Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгерту үшін ең алдымен басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен күшті Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтып, Парламенттің рөлін күшейту арқылы жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру үшін «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алу қажеттігін баса айтты. Әрі қарай азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән беру қажеттігін, бұл ретте олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін мәслихат төрағасы лауазымын енгізу, ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Президент: «Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады», – деді.
Сайлау жүйесін жетілдіруге қатысты Парламент палаталарындағы квота санына өзгеріс енгізу және Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызын пропорционалдық, 30 пайызын мажоритарлық тәсілмен жасақтауды, аралас сайлау үлгісін облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізуді ұсынды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы дей келе, пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табатынына сенім білдірді.
Мәслихаттарға қатысты келесі жаңашылдық ретінде саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс екендігін айтып, мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеуге тапсырма берді. Бұл жаңашылдықтардың бәрі парламенттік мәдениеті жоғары және ықпалды халық қалаулылары бар жаңа Қазақстанды құруға бағытталған. Осылайша жергілікті мәслихаттардың дамуына серпін беріліп, даңғыл жол ашылмақ.
Мемлекет басшысы Жолдаудың соңында: «Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан баршаңызды жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін», – деп Қазақстан халқына сенім артты. Ендеше, сол сенімнің үдесінен шығуымыз аса маңызды.
Мөлдір Қырықбаева,
Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты