Тараз тұрғындары жаз айларында ыстық суды неге алмайды? Бірнеше жыл қатарынан қала көшелерін қазу кімге және не үшін қажет? Жылдар бойына жылжымайтын жер кезегіндегі тұрғындарға жер қашан беріледі? Осындай өткір сауалдардың жауабы қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында айтылды.
Арайлым ШАБДЕНОВА
Алтыншы шақырылған Тараз қалалық мәслихатының кезектен тыс қырық жетінші сессиясында қала әкімі Қайрат Досаев өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің іске асырылуы жөнінде есеп берді. Шаһар басшысы алдымен негізгі салаларға басымдық беріп, жарты жылда атқарылған және болашақта жүзеге асырылатын жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Экономика саласының негізгі көрсеткіштерінің бірі өнеркәсіп өндірісінің көлемі ағымдағы жылдың 6 айында 139 млрд 765,6 млн теңгені немесе нақты көлем индексі 102,0 пайызды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 19 млрд 230,6 млн теңгеге артық өнім өндірілген. Есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 33 млрд 455,9 млн теңгені немесе нақты көлем индексі 105,7 пайызды құрады. Көтерме сауда тауар айналымы 73,7 млрд теңгені немесе нақты көлем индексі 112,7 пайызға дейін жетсе, ал бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 103,3 млрд теңгені немесе нақты көлем индексі 100,5 пайызға орындалды, – деген шаһар басшысы алдағы жоспарлармен бөлісті.
Сондай-ақ көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үй мәселесі де кезегімен шешімін таппақ екен. Бұл тұрғыда «Арай» тұрғын алқабы мен «Қарасу» мөлтек ауданында 45 пәтерлі 8 шағын жатақхана құрылысы басталмақ. Оған облыстық бюджет есебінен қаржы да бөлініп отыр екен. Алайда төрт жүз мыңға тарта халқы бар Тараз қаласында 71 мың 493 тұрғын жер кезегінде тұр. «Қаланың бар аймағын қосқанда тек 6 мың 5 жүз адамға жер беруге жетеді. Оны жасырудың қажеті жоқ. Бар аймақтардың өзі «Хамукат», «Қарасай», «Құмшағал», «Шалғай Қарасу» алқаптарын дайындап жатырмыз. Жер алу мәселесі қалада өте күрделі. 71 мың 500 адамға шаһарда жер телімі шықпайды. Сондықтан жақын аудандардан жер қарастыру керек», – деді Қайрат Әскербекұлы.
Сессияда жарыссөзге шыққан қалалық мәслихаттың депутаттары Жанар Орынбаева мен Серікбол Берікқожа да ұсыныс-талаптарын ортаға салды. Ал облыстық мәслихаттың депутаттары Мұқаш Ескендіров, Мейрамбек Төлепберген қала әкімінің есебін тыңдап болып, Таразды түрлендіру үшін алдымен жоспар құру қажеттігін, сонымен қатар қоғамдағы қордаланған көптеген мәселелерді көтеріп, жиналғандардың назарын аударды.
Сессияда мұнан өзге депутаттар тарапынан автобустардың сапасы, жүргізушілердің жол ережелерін өрескел бұзатындығы да айтылды. Жаз шығысымен шаһарда ыстық судың өшетіндігіне тоқталған халық қалаулылары жетпіс жыл бойы беріліп келген ыстық судың соңғы жылдары сан сылтау айтылып өшетіндігіне наразы екендіктерін де айтты.
Осындай өзекті мәселелерге өз кезегінде қала әкімі тиісті жауап беріп, алдағы уақытта шешетіндігін көпшілікке жеткізді. Сессияда одан өзге күн тәртібіне шығарылған мәселелер бойынша қаулы қабылданып, депутаттар оны бірауыздан мақұлдады.