Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы оқулары

Жуырда №15 мектеп-гимназиясында 8-10 сынып оқушылары арасында «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы оқулары» байқауы өткізілді.

Білім бәйгесінің қатысушылары 4 номинация бойынша бақ сынады. Атап айтсақ, «Алдыма өлең жаз деп қағаз келген, Сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген» бағыты бойынша оқушылар өздерінің Мәшһүр Жүсіпке арнаған өлеңдерін оқыса, «Бас болып өнер білсең, тіпті жақсы» бөлімінде ойшыл шығармаларындағы көркем ой, талғам мен түсінік, ұлттық танымның ерекшеліктерін, адамзат, ұлт руханиятындағы мәнімен сабақтастыра отырып, ғылыми зерттеу жобасын қорғады. Үшінші – «Білімді, зерек адам болам десең, Қара өзіңді басқаның айнасымен» бөлімінде Көпейұлы шығармаларындағы ойларды кеңейтіп, ұлт тарихымен, ұлттық әдебиет мазмұнымен байланыстырып эссе жазса, «Мәшһүр Жүсіп шығармалары» және «Ұлы даланың ұлы есімдері» аталымында ғұламаның фольклорлық жазбаларындағы ұлттың ұлы тұлғаларын сипаттаудан сынға түсті.
Қазылар алқасының шешімімен 4 аталым бойынша М.Жұмабаев атындағы №21 орта мектептің 9-сынып оқушысы Олжас Есіркеп, Б.Момышұлы атындағы №45 гимназияның 9-сынып оқушысы Айдана Манатбек, №38 орта мектептің 9-сынып оқушысы Дана Нышанбай, №56 орта мектептің 10-сынып оқушысы Ақнұр Сайлаубек топ жарып, облыстық байқауға жолдама алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы Алғыс хаттар мен дипломдар табысталды.

Құрбанәлі АМАНКЕЛДІҰЛЫ

Comments (0)
Add Comment