Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшудегі міндеттерді жүзеге асыру аясында жалпыреспубликалық Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні Тараз қаласында да өтіп, бірқатар азаматтар арыз-шағымымен әкімдікке қайырылды.
Зере Қуаныш
Бұл күні шаһар басшысы Қайрат Досаевтың қабылдауына алдын ала жазылғандардың 57-сі қабылдауға қатысып, сауалдарына жан-жақты жауаптар ала білді. Олардың дені әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді көтерді. Қайрат Әскербекұлы қабылдау барысында әрбір тұрғынмен еркін диалог құрып, олардың тұрмыстық ахуалына барынша назар аударып, алаңдатып отырған мәселесінің маңыздылығына жіті көңіл бөлді. Сондай-ақ оларды мазалаған сауалдарға барынша толыққанды, қанағаттанарлық жауаптар беруге тырысты.
– Қабылдауға 57 азамат кірді, 26 азаматқа ауызша түсінік беріліп, 31 азаматтың өтініштері бақылауға алынды. Азаматтардың басым көпшілігі тұрғын үй, еңбек және халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету, коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік және жол, көше жарығы, жер, кәсіпкерлік, құрылыс және 18 әртүрлі мәселелерді көтерді. Қоғамдық қабылдауға қайырылған азаматтардың барлығына тиісті жауаптар берілді, – деді қала әкімі.
Еліміз бойынша ұйымдастырылған қоғамдық қабылдауға шамамен 12 мың адам қатысып, өз мәселелерін билік өкілдеріне жеткізіпті. Бейресми мәліметтерге сүйенер болсақ, орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары және 47 қала, 179 аудан және 2771 ауылдық округ әкімдері тұрғындардың арыз-шағымын тыңдаған. Республика бойынша қабылдау органдарына 12,6 мың адам жүгінсе, оның 12,4 мыңы – жергілікті атқарушы органдарға, 172 адам – орталық мемлекеттік органдарға және 50 адам – ҚР Президенті Әкімшілігінің қабылдауына жазылған азаматтар екен. Айта кетер жайт, жағдайын жеткізген әрбір жанға облыс әкімі де, қала әкімі де регламент қоймады. Еркін форматта өрбіген қабылдаудың басты мақсаты санға емес, сапаға мән беру болды.