Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №15 ықшамаудан тұрғындарымен кездесті.
Жүздесуде тұрғын үйлерге жылу беру, жарық қосу жұмыстарын жүргізу мәселелері талқыланды. 2 апта бұрынғы кездесуде тұрғындар осы мәселелерге қатысты шағымданған болатын. Шаһар басшысы 10 қарашаға дейін нақты жұмыстар атқарылып, нәтижесі бойынша кездесуөткізілетіндігін айтқан еді. Бүгінде аталмыш үйлерге жылу тарту, жарық қосу бойынша сыртқы жұмыстар аяқталды. Дегенмен кейбір пәтер иелерінің болмауына орай қауіпсіздік мәселесіне байланысты жылуды қосу үшін ішкі жұмыстарды толықтай аяқтауға мүмкіндік тумай тұр. Сол себепті шаһар басшысы тұрғындарға ортақ чаттары арқылы көршілерге хабарландыру таратуды сұрап, аумақтық инспекторға тұрғындармен тығыз жұмыс жасауды тапсырды. Сонымен қатар аудандағы басты мәселелердің бірі – қоғамдық көлік қатынауы мен жолды асфальттау жұмыстары. Ықшамауданға қатынайтын №55 және 28 автобус бағыттарына қосалқы 20 бірлік автобус қосылады. Ал асфальт жабындысы бойынша жұмыстар көктемде, яғни жылу желілерін жаңарту жұмыстарынан кейін басталады деп жоспарлануда. Оған дейін шаһар басшысы негізгі жолдарды грейдермен тегістеуді жүктеді. Жалпы №15 ықшамаудан аумағындағы проблемалар кезең-кезеңімен шешілмек.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ