Мәселе қаралып, ұсыныс қабылданды

«Nur Otan» партиясы қалалық филиалында Саяси кеңес Бюросының отырысы өтті.

Сәндібек Піренов

Отырысқа жетекшілік еткен партия төрағасы, қала әкімі Айтқазы Қарабалаев күн тәртібіндегі бірінші мәселе туралы баяндады.

– Сайлауалды бағдарламада алдағы бес жылда Тараз қаласын дамытудың жеті басымдығы қарастырылған. Басты мақсат – өздеріңіз білетіндей, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын үнемі жақсартуға жағдай жасау. Бұған дейін аталмыш бағдарлама қоғамның ұсыныс-пікірін ескеру мақсатында партияның сайтында жарияланып, талқылаудан өтті. Кейін сайлауалды бағдарламаны іске асыру бойынша жол картасы әзірленіп, орталық аппаратпен келісілді. 107 іс-шарадан тұратын жоба ағымдағы жылдың 15 ақпанында қалалық мәслихаттың «Nur Otan» партиясы фракция мүшелерінің отырысында талқыланып, енді бекіту үшін Бюро мүшелерінің қарауына ұсынылып отыр, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Бюро мүшелері «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың жол картасын бекіту туралы ұсынысты бірауыздан мақұлдады. Осыдан кейін «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Уәлихан Байдуанов партияның 2021 жылға арналған медиажоспарын көпшілік назарына ұсынып, жоба бекітілді. Артынша партиялық бақылау комиссиясының құрамы белгілі болды. Оған облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Серік Жетібаев жетекшілік етеді. Саяси кеңес Бюросының отырысында партияның қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің тізімі қаралды. Құрамында тоғыз мүшесі бар комиссияның төрағасы болып қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы, Саяси кеңестің мүшесі Эльмира Мырза-Ғали бекітілсін деген ұсынысты да Бюро мүшелері бірауыздан қолдады.

Comments (0)
Add Comment