Соңғы уақытта жастар арасында мәһр ең өзекті тақырыпқа айналғандай. Әсіресе әлеуметтік желілерде «Мәһрге не сұрайсың?», «Мәһрге қымбат дүние сұрапты», «Мәһрге қымбат көлік сұраған қыздың жігіті тастап кетіпті», «Мәһрге үй сұрапты» деген жаңалықтар шарлап жүр.
Бүгінде екі жастың арасында трендке айналған мәһр туралы біреулер ата-әжелеріміз кезінде некелерін қидырғанда аталған сыйдың бар екенін тіпті білмегенін айтса, енді бірі «елімізді дін жайлағалы бәрі өзгерді», «мәһр сұрау – арабтың дәстүрі» деген пікірде. Дененмен адамзатқа ортақ асыл дінімізде Алла Тағала: «Үйленетін әйелдеріңе мәһірлерін шын көңілден тарту етіңдер…» деген екен.
Белгілі дінтанушы Ернар Мәжен ғаламторды шулатып жүрген мәһр мәселесі діни тұрғыда бекітілген мәселе болған соң, оны әркім өзінше тәпсірлеу, топшылау дұрыс емес әрі мәһрды «тек жұбайына берілетін ақы» деп бір жақты түсінуге болмайтынын айтады.
– Мәһр деп Алла Тағаланың Құран Кәрімде бекітіп, үйленген ер-азаматтың әйелінің алдында туындайтын қаржылай міндетін айтады. Яғни, бұл некенің шарты емес, бірақ ер-азаматқа жүктелетін міндеттің бірі. Оның біріншісі мәһр болса, екіншісі – некедегі әйел, бала-шағасын асырып-бағуы. Мұның бәрі ер-азаматқа жүктеледі, соны «мәһр» деп атайды. Біз дінтанушы ретінде физикаға, астрономияға немесе технологияға байланысты сөз қозғауымыз әбестік боп саналады. Себебі біздің сол салада қатты біліміміз болмағаннан кейін қателесуіміз ықтимал. Сол секілді дінді, шариғатты терең меңгермеген кейбір адамдардың ойы, пікірі қоғамда дүрбелең туғызып, түсініспеушілік пайда болады, – дейді дін өкілі.
Жалпы мәһрдің ең төменгі мөлшері шариғат бекіткен, белгілеген. 29,79 грамм күміспен есептеледі. Қазіргі бағамен санасақ құрбандыққа жарайтын екі семіз қошқарды алуға болады. Егер бір қошқарды 75 000 теңге деп бағаласақ, онда бұл шамамен 150 000 теңгеге тең.
Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» дінтанушы, магистрі Ерзат Жақыповтың айтуынша, қазақ халқында жаңадан тұрмыс құрған қыздар мәһр сұрамаған.
– Себебі мәһрдің орнына қалыңмал берілетін болған. Қалыңмал деп ұзатылатын қыздың жасауына кіретін төсек-орны, кілем, сырмақ, әшекей бұйымдар- алқа, сақина, сырға, білезік, өңіржиек, балдақ, қобдишасына қояр-иіссу, тарақ, ине жіп, жуалдыз, оймақ, сандығына салар – сәукеле, салы, орамал, қарқара, бүрмелі көйлек, етік, кемер, камзол, желбегей, шапан, камшат бөрік, әйелге қажетті өзге де заттарды дайындау үшін берілетін төрт түлік мал мен әртүрлі бағалы дүниелерді айтамыз. Осыған орай, қалыңмал ретіндегі ақшаға ата-анасы қыздың жасауын, яки қажетті заттарын алуға қолданса, оны мәһр деп қарауға болады. Алайда, қалыңмалды қыздың әкесі алып, өз жеке қажеттіліктері үшін пайдаланса ол мәһірге саналмайды, – дейді Ерзат Жасқанбайұлы.
Осы ретте, тарихқа көз жіберсек Кеңес үкіметі кезінде 1920 жылы мәһр тұрмақ, «Қалыңмалды жою» туралы арнайы декрет шыққан. Осыған байланысты неке қию кезінде мәһр де, қалыңмал да берілмеген. Әрине, осы тұста «Мәһр берілмесе неке адал болып санала ма?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Яғни Ислам діні бойынша ер адамның әйеліне мәһр беруі – уәжіп. Бірақ ол некенің шартына кірмейді, мәһр берілмей қиылған неке де дұрыс деп саналады. Ол туралы Мұхаммад Әбу Заһра өзінің «Әл-ахуалу әш-шахсия» кітабында: «Мәһр – күйеуінің мойнына жүктелген әйелдің алатын ақысы. Ол үйлену келісімінің бір үкімі немесе нәтижесі ретінде қаралады. Некенің дұрыс болу шарты емес. Сол үшін мәһрі аталмай қиылған неке дұрыс саналады» деген.
Қоғамның қызу талқысына түскен аталмыш мәселе туралы өткен айда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы арнайы мәлімдеме жасаған болатын. Осы мәлімдемеде мүфтияттың баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы «Әке еңбегі», «ана сүті» сияқты қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік мәһрге саналмайтынын айтқан болатын. Оның айтуынша қалыңмал – қазақ халқының дәстүрлі ғұрыптық салтындағы қалыңдық үшін берілетін мал. Фиқһ кітаптарында ұзатылып жатқан қызға жиһаз әперу үшін күйеу жігіт тарапынан берілетін мал-мүлікті «дустиман» деп атайды екен. Бұл бойынша мүфтияттың шешімінде: «Күйеуі тарапынан берілетін қалыңмалды қыздың разылығымен мәһрге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалануға болады» делінген. Кейбір ғалымдардың сөзінше, мұндай жағдайда күйеу жігіт қыздың артынан жиһаз немесе жасау сұрауға құқығы болмайды, өйткені қалыңмал мәһр ретінде есептеледі.
Жұрт назарын өзіне бұрған ақпараттан кейін ел арасында «Мәһр орнына қалыңмал берсе жеткілікті екен», – деген сөз желдей есті. Дегенмен, ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлының сөзінше, мәһр мен қалыңмалға қатысты пәтуаны көпшілік толық түсінбеген.
– Кей баспасөз құралдары бұл бойынша ақпаратты «Муфтият мәһрді жоққа шығарды», «Қалыңмал мен мәһрді біріктіріп жіберді» деп қате таратты. Шынында, бұрынғы кезде ата-бабаларымыз жігіт жақтың тарапынан қалыңмалды қыздың жасауы етіп жіберген кезде қыз осы жасауды мәһр ретінде қабылдаған. Бұл – дәстүр және үрдіс ретінде жүріп келген дүние. Оны халық та, қыз да білетін. Уақыт өте қалыңмал біршама өңірлерде берілмейтін болды. Ал енді қалыңмал берілетін өңірлерде сол қалыңмалды мәһрге жатқызуға бола ма? Пәтуада осы мәселе қозғалған болатын. Жоғарыда айтқанымдай «Жігіт жақтан берілген қалыңмалды қыздың артынан жасау қылып жіберетін болса, қыз осы жасауды мәһр ретінде қабылдауға келісім берсе, сол жіберілген жасау мәһр болып есептелінеді. Бірақ ол мәһр болып саналуы үшін қыздың ризалығы керек. Сондықтан ҚМДБ мәһрді жойып жіберген жоқ, керісінше дініміз бен дәстүріміздің ұштасқан көрінісін қайтадан жаңғыртты, – дейді маман.
Ал қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру секторының маманы Дархан Қуанышұлын көрпесіне қарап көсілуді білмейтін кейбір нәзікжандылардың дүниеқұмарлығы қынжылтады екен.
– Қазіргі таңда жастар арасында дау болып, тіпті үйленген кезде жақсы көргеннен емес, тек маһр үшін үшін бас құрайтын жастардың қатары көбейген секілді. Жігіттер мәһрге қомақты сыйлық бермесе, қыздар тұрмысқа шығудан бас тартатын көрінеді. Имамның алдына барғанда қыздардың бір легі мәһрге жарының материалдық жағдайына қарамастан автокөлік, үй, шетелге демалу секілді қымбат дүниелерді сұрап жатады. Осының салдарынан жақсы көру, сыйлау, екі дүниеде бірге бақыт кешу, күйеуінің разылығы секілді ұғымдар кейінге ысырылып барады. Әуелі қыздар қауымы ата-анасының қалай үйленгені жайлы, ол кездері мәһр берсе де, бермесе де қиындық пен қызықты бірге кешіп, соның бәрін еңсергенін естен шығарған сияқты. Әрине, мәһр сұрау, сұрамау – әр адамның өз еркі. Бірақ, жақсы көру, сыйластық, отбасындағы тыныштықты алдыңғы орынға қойса қалған дүние-мүлік өзі-ақ келеді, – деп ағынан жарылды Д.Қуанышұлы.
Осыған байланысты тұрмысқа шыққанда сүйген жарынан мәһр алған, тараздық тұрғын Гүлнар Тайжанды да сөзге тартып көрген едік.
– Мәһр – тек материалдық аспект ғана емес, сонымен қатар, рухани, мәдени және әлеуметтік мәні бар құбылыс. Осыдан екі жыл бұрын мен де тұрмысқа шығып, мәһір алдым. Мешітте мұсылманша неке қиғанымызда имам менен «Мәһріңді алып қойдың ба, әлде енді бере ме, әлі бермеген болса ертерек алып беруі керек. Оның құны 1 қойдың бағасынан төмен болмауы қажет» дегені әлі есімде. Мен мәһрімді алып қойғанымды айттым. Себебі, болашақ күйеуім тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған кезде алтын жүзік сыйлаған болатын, соны мәһрдің есебіне жатқыздым. Сондықтан «Неге сәті келіп тұрғанда қымбат дүние сұрамадым?» деген өкініш болған емес. Себебі, мәһрді ер адамның әйеліне деген сүйіспеншілігінің, құрметінің белгісі деп білемін, – дейді шаһар тұрғыны.
Жоғарыда байқағанымыздай бүгінде жұрт пікірі екіге бөлінген. Бірі мұны жастардың құнығуы деп санаса, енді бір тобы шариғатты алға тартады. Қалай десек те, бүгінгі жастар отбасының берекесі мәһрде емес, сыйластық пен сүйіспеншілікте екенін ұғынса нұр үстіне нұр болмақ.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ