Мұраты биік Мұртаза институты

Кез келген мемлекеттің дамуының негізі – білім мен ғылым. Сондықтан да ұрпақ тәрбиесі қай ғасыр, қай заман болсын әрдайым маңызды бола бермек. Бұл бағытта облыс орталығындағы Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының атқарған жұмыстары аз емес.

Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының құрылу тарихы Тараз инновациялық-гуманитарлық институты (ТИГУ) атауымен 2008 жылдан бастау алады. 2009 жылдың 18 мамырында 27 бакалавриат және 10 магистратура мамандығы бойынша білім беру қызметіне АБ № 0064058 мемлекеттік лицензиясын алған болатын. Оқу орны құрылған күннен бастап білім берудің кредиттік технологиясын қабылдап, академиялық ұтқырлық туралы Болон декларациясының мүшесі болды.
Ал 2015 жылы Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік аттестациясынан сәтті өтіп, 2017-2022 жылдары арасында барлығы 39 білім бағдарламасы Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігінен бағдарламалық аккредиттеуден сыртқы сарапшылардың оң шешімімен «Білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредиттеу туралы» куәлігін алды.
2021 жылы шағын және орта кәсіпкерлер ұсыныстары негізінде институт ұжымы университет мәртебесін институтқа өзгертуді шешеді. Осылайша институттың оқу және ғылыми жұмысының әлеуетіне жүргізілген талдау барысында дамудың басым бағыттары белгіленіп, құрылтайшылар жиналысының мақұлдауымен институттың мәртебесі мен атауын өзгерту туралы шешім қабылдап, 2020-2021 оқу жылының II жартыжылдығынан Халықаралық Тараз инновациялық институты болып жұмысын жалғастырды.
Бәрімізге мәлім, 2022 жылы елімізде Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы өткен болатын. Дүбірлі той аясында шаһар төріндегі Халықаралық Тараз инновациялық институтының бас ғимаратының алдында Шерхан Мұртаза ескерткіші ашылып, тау тұлғаның есімі Халықаралық Тараз инновациялық институтына берілген болатын.
Институтта «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы 2009 жылдан жұмыс істеп келеді. «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы бола алмайды», – деп ұлы Ғабит Мүсірепов айтқандай, әдебиеттің атқаратын орасан зор қызметімен ештеңе де теңесе алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, Шерхан Мұртаза саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына арнап, оған өлшеусіз үлес қоса білген дара дарын, біртуар тұлға болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Аталған орталықтың атқарып жатқан шаруалары аз емес. Мәселен, орталықтың бастамасымен Шер-ағаның 5 томдық шығармалар жинағы қайтадан шығарылды. «Бір кем дүние» кітабы өңделіп, жұртшылыққа қайта таратылды. Жаңа әкімшілік ғимараты бой көтерді, «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы жаңадан жасақталды, Студенттер үйінің алды күрделі жөндеуден өтіп, әуенді фонтан соғылып, «Шерхан аллеясы» демалыс скверіне айналды.
Сонымен бірге студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында оқу ордасы ұжымының шешімі бойынша 2018 жылы қала орталығында орналасқан «Тараз» қонақ үй кешені студенттік жатақхана үшін реконструкциялау арқылы 430 миллион теңгеге сатып алынып, 500 орындық Студенттер үйі қолданысқа берілді. Білімгерлер үйінде танымдық, мәдени және әлеуметтену орталығы болып саналатын заманауи үлгідегі кешен студенттердің барлық қажеттіліктерін бір орталықтан алуына толық мүмкіндік жасалған.
Жалпы адам жаратылысынан білімге, ізгілікке жаны құмар болып өседі. Бұл жолда оның сенімді серігі, шынайы досы кітап екені анық. Бұл бағытта институттың атқарып жүрген шаруалары аз емес. Бүгінгі күнге жалпы кітапхана қорында құрамында кітаптар, мерзімді басылымдар мен электронды ресурстар қоры бар 500 мыңға жуық құжат жинақталған. Заманауи пайдаланушының кітапхана қызметін қашықтан қолдану, жедел ақпаратқа қол жеткізу, ақпаратты ұсыну және тарату қызметін жетілдіру мақсатында web-портал арқылы дәстүрлі және онлайн-сервистiк қызметтер ұсына алатынын айта кеткеніміз жөн.
Сондай-ақ білім ошағында оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін, оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру, жеке оқытуды күшейту құралдарын енгізуге де үлкен көңіл бөлінуде. Осы бағытта институтта IT-академиясы ашылған. ІТ-мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының түлектеріне болашақта нарықтық экономиканың үрдісіне тиімді енуге және де кәсіби ынтымақтастық пен бәсекелестік жағдайында табысқа жетуге мүмкіндік береді. IT-академия бүгінгі күні облыстың IT білім беру саласында көшбасшыға айналып келеді.
Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты өткен жылдың тамыз айында Дрондар Академиясы ашылған болатын. Академиясының мақсаты – курс тыңдаушыларын осы аппараттардың конструкциясымен, программалау негіздерімен, жалпы жаңа материалдармен таныстыру. Ұшқышсыз ұшақ түрлері, оларды қолдану мақсаты, тактикалық-техникалық сипаттамасы, жалпы құрылымы және оларды жинақтау әдістерімен таныстыру сабақтары жүргізілуде. Бүгінгі күні технология жетістіктерінің нәтижесінде дрондар әртүрлі салада кеңінен қолданыста. Дронды басқару және программалау барысында академия тыңдаушылары физика және геометрия сияқты ғылыми концепцияларды іс жүзінде меңгеруде.
Сонымен қатар институт АгроҒЗО қызметкерлеріне көкөніс шаруашылығы саласын ғылыми қолдауды дамыту бойынша жаңа перспективалы міндеттер қойды. Агроөнеркәсіптік кешенде аймақтық экстенсивті жүйені құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс (кеңейту) ғылыми және білім беру қызметіндегі көптеген саланы қамтиды. Қолданыстағы инфрақұрылым шаруа немесе фермер қожалықтарының басшылары мен мамандары үшін үнемі семинар-тренингтер өткізуге мүмкіндік береді. Үздіксіз білім беру курстарының тақырыптық жоспары ауыл шаруашылығы саласындағы ресурстарды үнемдейтін инновациялық технологияларды бейімдеу және беру мәселелерін қарастырады. АгроҒЗО отандық ғылыми қауымдастықпен біріктіру мақсатында 2022 жылы «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамымен және оның екі еншілес ұйымымен, «Жеміс өсіру және жүзім шаруашылығы бойынша Қазақ ғылыми-зерттеу институты» және «Қазақ картоп және көкөніс ғылыми-зерттеу институтымен» агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми-техникалық, ақпараттық, талдамалық және нормативтік-әдістемелік қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Сонымен бірге 2021 жылы Халықаралық Тараз инновациялық институтына қарасты «Аквамәдениет және су биоресурстары зертханасы» ашылған болатын. Араға жылдар салып, зерттеу саласының ауқымының артуы мен көрсетілетін қызметтердің кеңеюіне байланысты былтыр бұл зертхана арнайы орталыққа айналған. Бүгінде орталықта «Қоршаған ортаның экологиялық-аналитикалық зертханасы», «Су биоресурстар зертханасы» және «Тірі азықтарды өсіріп, көбейту цехы» жұмыс істеп тұр.
Институтта материалдық-техникалық базаны дамытуға өзінің стратегиялық даму бағдарламасында ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінгі күнге дейін 100-ге жуық аудитория жабдықталып, «Спорттық- бұқаралық кешен» мен бірнеше ғылыми орталық іске қосылған. Аталған институт алғашқы құрылған жылдары-ақ қадрлық әлеуетті білім беру үдерісіне озық технологиялар мен әлемдік тәжірибелерді енгізу мақсатында шетелдік профессор-оқытушылар құрамымен толықтырып отырған. Мысалы, Корей, Қытай, Канада елдерінен профессор-мамандар арнайы шақыртумен келіп, студенттерге тек сабақ беріп қана қоймай, оқытушылар арасында семинар-тренингтер ұйымдастырып тұрады. Сонымен бірге аймағымызда алғаш болып институт базасында «жағажай волейболына» арнап арнайы алаң салынған. Қазіргі таңда студенттердің ойынға деген қызығушылығы күн санап артып келеді. «ХТИИ жағажай волейболы» құрамасы талай турнирлердің, жазғы универсиада ойындарының жеңімпазы екенін ескерсек, салынған нысан алдағы жарыстарға дайындалуға үлкен мүмкіндік берері сөзсіз.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment