Мұратбек Қасеновқа арналған мемориалдық тақта ашылды

Қ.Сәтбаев көшесі №17 үйдің іргесіне көрнекті ғалым, экономика ғылымдарының докторы Мұратбек Қасеновқа арналған мемориалдық тақта қойылды,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Саналы ғұмырын ғылым мен білімге адал қызмет етуге арнаған Мұратбек Рахметбайұлы 50 жылдан астам уақыт бойы кіші ғылыми қызметкерден бастап ірі ғалым, ғылым докторы, профессорға дейін жолды жүріп өтіп, жоғары білікті мамандарды даярлау саласында жемісті жұмыс атқарған. Тақтаның салтанатты ашылуына Жамбыл облысы ішкі саясат басқрамасының басшысы Алмас Садубаев,  қала әкімінің орынбасары Дәулет Әбілқайыров, Мұратбек Қасеновтың ағайын-туыстары қатысты. Сөз алған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәулет Мақсатұлы: « Көрнекті ғалымның артында іздеуші халқы барда, еңбегін бағалайтын шәкірттері барда аты өлмейді. Ол кісінің еңбек жолы, ашқан жаңалықтары мен су шаруашылығында жеткен жетістіктері келер ұрпаққа үлгі» – деді. Ал қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев экономика ғылымдарының докторы Мұратбек Қасенов туралы естеліктерін ортаға салды. Сонымен қатар шара барысында ғалымның інісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Қанатбек Қасенов сөз алды.

– Тек елімізде ғана емес одан тыс жерлерде де танымал және беделді академик Лашкар Тәжібаевтың шәкірті Мұратбек Рахметбайұлы 1973 жылы техника ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертациясын сәтті қорғап, кафедраны басқаруға шақыртылып, ең жас басшылардың бірі болды. Мәскеу, Ташкент, Омбының атақты ғылыми мектептерінің өкілдерімен  бірлесе отырып, ол жайылымдарды суландыру саласында, қала шаруашылығын сумен жабдықтау және кәріз бөлігіндегі мәселелерді зерттеумен айналысты. Ол 2014 жылы Тараз қаласының құрметті азаматы атағын алды. Ағам тірі болғанда күні кеше 80 жасын тойлар едік. Алланың берген ғұмырын жасап, артына өшпес із қалдырған көрнекті ғалымның аты ешқашан өлмейді деп сенемін, – деді інісі Қанатбек Рахметбайұлы.

Ал профессордың қызы Айман Мұратбекқызы әкесіне арнап көрсетіліп жатқан құрметтің зор екенін атап өтіп, атсалысқан барша азаматтарға алғысын айтты. Шара барысында Мұратбек Қасеновтың көзін көрген замандастары да сөз алып, естеліктерімен бөлісті.

Comments (0)
Add Comment