Мұрат Бектанов қаңтар оқиғасы тұсында халыққа оқ ату жөнінде Тоқаевқа бағынбаған – Жасарал Қуанышәлин

Белгілі оппозиция өкілі, саясаткер Жасарал Қуанышәлин қаңтар оқиғасы кезінде қорғаныс министрі болған Мұрат Бектановтың халыққа оқ ату жөнінде Тоқаевқа бағынбағанын айтты. Сөзінше, осыдан кейін министрді орнынан алып тастаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Саясаткер Бектановтың орнына келген қазіргі қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов ҰҚШҰ әскерімен бірге қарапайым халыққа қарсы оқ атқанын айтты.

“Жақсылықов полицияның өкілі. Осылайша генералды қорғаныс министрі етіп қойды да соның қолымен осындай қырғын жасады”, – деді Қуанышәлин.

Ол сонымен қатар өзінің де қаңтар оқиғасы кезінде алаңда болғанын айтты. Алаңға шыққандардың барлығы бейбіт шерушілер екенін айтқан ол, басқа жерлерде қиратулар мен өртеулердің бір уақытта орын алғанын жеткізді.

“Алаңда митингінің штабын басқардым. Сол кезде алаңда бейбіт халықтың тұрғанын өз көзіммен көрдім. Біз тіпті бүлдірулер мен қиратуларға қарсы тұру үшін, еріктілер жасағын да құрдық. Алайда осы уақытта Тоқаев бүкіл Қазақстан бойынша интернет желісін өшіріп тастады. Соған қарамастан өзі теледидар арқылы сөйлеп, алаңда тұрған барлық халықты қиратушылар, басбұзарлар етіп көрсетті”, – деді саясаткер.

Жасарал Қуанышәлин Тоқаевтың елімізге шетелден 20 мың терроршылар келгені және барлығы аяқталған соң елден ұшып кеткені туралы айтқанын нағыз өтірік деді.

ҚР парламентінің экс-депутаты сондай-ақ ҰҚШҰ әскерлерінің Қазақстанға келуі алдын ала келісілгенін атап өтті.

“Жалпы мұндай мәселелер бір күнде шешіле салмайды. Ал ҰҚШҰ әскерлерінің тез арада жиналып, келе қалуы бұл келісімнің алдын ала дайындалғанын көрсетеді. Ал Ресейге бұл не үшін қажет болды? Бұл белгілі жайт, оларға Қазақстанды уысынан шығарып алмас үшін Тоқаевтың билігін сақтап қалуы ауадай қажет болды. Осылайша олар Қазақстанға келді де, алаңда қырғын салды, халықты атқан тек біздің әскер емес”, – деді Жасарал Қуанышәлин.

Comments (0)
Add Comment