Бурабай курортындағы балықтың белгісіз себеппен қырылуы қазақстандықтардың талқысына түсуде. Туристер Үлкен Шабақты көлінің жағасынан балықтардың шоғырын тапты. Видео әлеуметтік желіде тарап кетті. Қырылған балық кейпі көптеген туристті қорқытты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп.
“Біз көл жағасында серуендеп келе жатып, жағадан көптеген ұсақ балықты көрдік, көбісі шабақтар. Бұл біртүрлі көрінді, мен мұндай суға түскім келмеді. Балықтарды аяп кеттім. Қанша рет осында болдық, ешқашан мұндай болған емес”, – дейді оқиға куәгері Галина Бейфус.
Бірнеше күн бұрын туристер тікұшақты көрген. Сөздерінше, ол әлденені шашып жатқан.
Экологтардың пайымдауынша, балықтардың қырылуына табиғи және жасанды факторлар себеп болуы мүмкін.
“Көк-жасыл түсті балдырлар, цианобактериялар бар, балықтардың қазір тез көбею уақыты, себебі ауа райы жылы. Суда органикалық заттар көп болған кезде олар сыртқа шығады. Олар балықты сал қылатын токсиндер бөледі, сонда балықтың тыныс алуы да қиындай түседі”, – дейді Қарағанды экологиялық мұражайының даму жөніндегі директоры Дмитрий Калмыков.
«Бурабай» ұлттық табиғи саябағының қызметкерлері балықтардың қырылуына себеп болған көк-жасыл балдырлар деп отыр. Олар болған оқиғаны толықтай қырылу емес емес, балықтың жартылай қырылуы деп атады. Бұл тек таяз жерлерде ғана болады деп сендіруде.
“Судың гидрохимиялық талдауы шекті рұқсат етілген нормалардан аспағанын көрсетті, балық өлген жерлердегі судың құрамы қалыпты шекте, балықтардың қырылуы бірен-саран болғанын көрсетті”, – дейді «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инженер-ихтиологы Максим Пак.
Айта кету керек, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыстық экология департаментінің өкілдері көлді тексеру мақсатында келген. Сондай-ақ қыркүйек айында талдау үшін түбіндегі шөгінділер мен судан сынамалар алынады.