Мұнайлы өлкеде көтерілген маңызды мәселелер

Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырау қаласында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Жыл сайын дәстүрге айналған басқосуда Президент халықтың көкейіндегі сан сауалға жауап беріп, жұртты толғандырып жүрген мәселелердің түйінін тарқатты.

Мұнайлы өлкедегі салтанатты жиында Мемлекет басшысы алдымен биылғы құрылтай отырысы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен және Ораза айымен орайлас келгенін айта келіп, үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес екенін ерекше атап өтті.
– Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әрине, ел Президенті айтқандай, Сарайшық қаласы – әлем тарихшыларының назарын аударған айтулы қала. Өйткені әлемнің әрбір тұрғындары Алтын Орда тұсындағы дүниенің ең сұлу, ғажайып қаласының орнын тамашалағысы келеді. Бұл топырақта Қазақ хандығынан тәуелсіз Қазақстанның бүгініне дейінгі 550 жылдан астам сан қырлы тарих жатыр. Кешегі Алтын Орда дәуірінен бастап бүгінге жеткен ұлы хандар жатқан, елдігіміздің астаналары болған киелі жерлер – сол тарихтың бір парағы. Қасым хан дәуірінде саяси элитаға көтеріліп, шығыстық үлгідегі таңғажайып Қазақ хандығының астанасы болғаны мәлім.
Жоғарыдағы аты аталған, тағы басқа рухты бабаларымыздың қан-терінің бадауына келген осы даланы қорғап, сақтап, келешек ұрпаққа аманаттау – біздің перзенттік парызымыз. Ол үшін елге ынтымақ керек. Мемлекет басшысы халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды екенін әрі елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталатынын ерекше атап өтті.
– Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз тіпті Шыңғыс ханның тегі кім деп айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» дейді халық әпсанасы. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген де қазақтың дана сөзі бар. Шындығында, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі экономикалық-әлеуметтік салаларындағы тұтас жетістіктері тек бірліктің, сол бірліктің арқасында ғана орын алды. Мұндайда ойымызға Ахмет Байтұрсынұлының: «Қазақ керегінің көбі әркімге-ақ мағлұм ғой: біз кейін қалған халық, алға барып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деген сөзі оралады. Ұлт ұстазы «Қазақ» газетінде жазған бұл мақаласында «Күшті болуға бірлік керек» деген сөзді тегін айтпағанын білгеніміз жөн.
Бірлік туралы сөз болғанда, ұлтты ұйыстыратын ұлы күш – тіліміз екені барша мәлім. Жайық жағасында өткен құрылтайда Президент тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретіндігі туралы тоқталғаны көңілімізді толқытты.
– Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек. Осы тұста халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» туралы ерекше атап өткім келеді. Қазір Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлы бастаған жаңа буын өкілдері ұйым тізгінін қолға алды. Мен қоғамның «Qazaq tili» эндаумент қорын құру туралы ұсынысын қолдадым. Осы жақсы бастаманы қолында қаржысы бар азаматтар жалғастырып әкетті. Тілімізге қамқорлық танытқан жандарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Қалталы, жанашыр азаматтар қорды ұлғайтуға үлес қосады деп сенемін,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы ағартушылық деп санайды. Бұған қоса, кітапхана ісін өркендетуге бей-жай қарауға болмайтынын атап өтіп, көп ұзамай Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар бой көтеретінін жеткізді.
Мемлекет басшысы болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет деп санайды. Оның пікірінше, Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған.
– Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсастығы да – осында. Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүйелі жүріп жатқанын хабарлады. Бұл іске 250 ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман атсалысып жатыр. Аталған еңбектің дербес бір томы Жошы ұлысына арналмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланғанын еске салып, еліміздегі қайталанбас табиғи және тарихи ескерткіштерді кеңінен дәріптеуге шақырды. Бұл ретте Президент жерасты мешіттерін және тылсым табиғатымен шетелдіктердің ерекше қызығушылығын туғызған Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне енгізу жөнінде тапсырма берді.
Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде қайталанбас табиғи және тарихи мекендер көп. Осындай теңдесі жоқ орындардың бірі – біздің ұлттық мақтанышымыз Үстірт қорығы. Ондағы тылсым табиғат көріністері туристердің ерекше қызығушылығын туғызады. Шетелдің танымал кәсіби фотографтары оны суретке түсіру үшін алыстан арнайы келеді.
Бұл жердегі тағы бір таңғажайып мұра – жерасты мешіттері. Батыс аймақта осындай 20-дан астам мешіт бар. Тарихи нысандар әртүрлі кезеңде салынған және бір-бірінен өзгеше. Мұның өзі еліміздің рухани кеңістігінде ерекше дәстүрлер болғанын және тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Біз оның бәрін мұқият сақтап, жер жүзіне танытуымыз қажет.
– Мен тиісті мемлекеттік органдарға Ұлттық комиссиямен бірлесіп, осы нысандарды ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосу жөніндегі жұмысты бастауды тапсырамын. «Қазақстанды «Таңбалы тастар мекені» деп бекер айтпайды. Ешкіөлмес жотасы – Еуразия құрлығындағы петроглифі ең көп жердің бірі. Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларында көптеген тарихи сурет сақталған. Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі. Соңғы жылдары құрылысқа қажет деген желеумен кейбір жәдігерлеріміз бүлініп жатыр. Біз теңдессіз тарихи нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек. Құзырлы органдарға тиісті шара қабылдауды тапсырамын. Қажет болса, заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесін қарастырған жөн, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне айрықша тоқталды. Президенттің пікірінше, еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, дәстүрлі дініміз – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет. Бұл орайда Мемлекет басшысы Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге айрықша назар аударған жөн деп санайды.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда, есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырды.
Сонымен қатар Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар: тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр.
– Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үштағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлттық құрылтайда жұртшылық атынан Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин, қоғам қайраткері Оразалы Сәбден, Парламент Сенатының депутаты, «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Евгений Больгерт, адвокат, «Құқық қорғаушылар» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы Айман Омарова, Парламент Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда айтылған жаңа идеялар мен ұсыныстар мұқият қаралып, нақты шаралар қолға алынатынын жеткізді. Сонымен қатар Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынды.

Эльмира АБДИНОВА,
Тараз қалалық мәслихатының депутаты

Comments (0)
Add Comment