Әлеуметтік жағынан осал топқа кіретін 16 санаттағы азаматтар үшін МӘМС жарнасын мемлекет төлейді. Бұл сұраққа «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Жамбыл облысы бойынша филиалы хабарлайды.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Жамбыл облысы бойынша филиал директоры Ғайни Аймағанбетованың айтуынша, төмендегі тізімде көрсетілген азаматтардың МӘМС жарнасы мемлекет есебінен қаржыландырылады.
Олар:
1. Балалар;
2. Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер (соңғы екі айда олар үшін зейнетақы және әлеуметтік аударымдар төленбеген кезде);
3. Үш жасқа дейінгі баласының заңды өкілдерінің бірі – жұмыс істемейтін ата-ана;
4. Жүктілік және босану, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алу, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оған (оларға) күтім жасау бойынша демалыста жүрген тұлғалар;
5. Мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін тұлғалар;
6. Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын жұмыс істемейтін тұлғалар;
7. Қазақстанның БЖЗҚ-нан зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде ҰОС ардагерлері;
8. Сот үкімі бойынша ҚАЖ мекемелерінде жазасын өтеп жатқан адамдар (ең төменгі қауіпсіздік мекемелерін қоспағанда);
9. Тергеу изоляторларында отырғандар, сондай-ақ қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жұмыс істемейтін тұлғалар;
10. Жұмыс істемейтін қандастар;
11. «Алтын алқа», «Күміс алқа» марапаттарын алған көп балалы аналар, бұрын «Батыр ана» атағын алғандар, сондай-ақ «Ана даңқы» І және ІІ дәрежелі ордендерімен наградталғандар;
12. Мүгедектігі бар адамдар;
13. Орта, техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқитын адамдар (күндізгі бөлім студенттері);
14. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын жұмыс істемейтін тұлғалар.
15. Ресми түрде тіркелген жұмыссыздар (2026 жылдан бастап олардың жарнасын әкімдіктер төлейді);
16. 2026 жылы МӘМС жүйесі жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен дағдарысты және шұғыл әл-ауқат деңгейі (Д және Е санаттары) бар және ресми түрде тіркелген жұмыссыздар жергілікті әкімдіктер есебінен сақтандырылатын болады. Республика бойынша 1 миллионға жуық адамды қосымша қамтитын болады.
Айта кетейік, Жамбыл облысында Д және Е санатындағы азаматтар саны 69 мыңның шамасында болса, ресми жұмыссыздардың саны – 13 мыңнан астам адамды құрап отыр.