Мүмкіндікті мүлт жібермеген Мадияр

Хакім Абайдың мұқым қазақ білетін бір ұлағатты сөзі бар. Ол жай сөз емес, әрине. Естіген сайын, адам баласына мотивация береді. «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей». Расында да «еңбек етемін», «тірлік жасаймын» деген адамға тренингке қатыспай-ақ, әлгінде айтқанымыздай, мотивацияның көкесін танытатын сөз ғой, шіркін. Біз айтамыз, жазамыз. «Бірақ, содан нәтиже шығып жатыр ма?» деп ойлайсың ғой кейде. Дегенмен, өзінің жанкештілігімен, еңбекқорлығымен кәсібін өрге домалатып отырған Мадияр Қартабаевтың жасап жатқан тірлігін көрген кезде, сөз басында тілге тиек еткен хакім Абайдың сөзін жұқамыр жүректе сақтап, тәуекел етуден қорықпайтын замандастарымыздың бар екеніне қуанасың.
Өткен жылдың басында Т. Рысқұлов аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері жақсы бір игі бастаманы қолға алып, экскурсия ұйымдастырған еді. Мақсат – Қайыңды тау бөктерінің межеленген шатқалына шығып, сонда Көк Туымызды желбірету. Қыс мезгілі болатын. Сол іс-шараға Мадияр да қатысты. Мәкеңнің адамгершілік болмысын сол кезде байқаған болатынмын. Алғыр. Алдына мақсат қойды ма, бітті, соған жетпей тынбай еңбектені көрініп тұр. Оны айтып отырған себебіміз, межеленген тау шатқалына алғашқылардың бірі болып, Мәкең шықты. Яғни, «келді, көрді, бағындырды» деген сөз ғой, бұл.
Ауданда ұялы телефондар және оған арналған аксессуарлар сататын дүкендер баршылық. Алайда, осы кәсіпті алғашында өзі ашып, қазіргі таңда тірліктің өрісін кеңейтіп жатқан Мадияр Қартабаевтың еңбегін бас бармақпен бағалауға болады.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамын біз жақсы білеміз. Ондағылар ісін жаңа бастаған, сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған шағын бизнеске қаржылай қолдау көрсетеді. Несие береді, былайша айтқанда. Мәкең де «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалынан нәтижелі жұмыспен қамтудың «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде несие алып, ашқан кәсібін одан әрі жетілдіруді ойлап отыр. Яғни, Мадияр Қартабаев алған несиесі арқылы өзінің ұялы телефондар және оған арналған аксессуарлар дүкенінің айналым қаражатын толықтырып, кәсібін кеңейтуге жұмсады. Қазіргі таңда оның дүкеніндегі кез келген ұялы телефон сұранысқа ие. Сапасы да жақсы. Халық көп барады, әйтеуір. Соған қарағанда, бағасы да қолжетімді секілді. Тірлігін айтсаңызшы, ең бастысы. Барлық жауапкершілікті ысырып қойып, «ащы суға» әуестенген кейбір замандастырымзға Мәкеңнің ісі кәдімгідей үлгі деп білеміз.
Түйін: Нәтижелі жұмыспен қамтудың «Еңбек» бағдарламасы арқылы жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер өз бизнесін дамытуға, атап айтқанда, айналым қаражатын толықтыруға 3 жылға дейінгі мерзімге 6 пайызбен 6 миллион теңгеге дейін кредит алу мүмкіндігі бар. Көп балалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне 4 пайызбен беріледі. Бағдарламаға жұмыссыз азаматтар мен бизнесін кеңейткісі келген жеке кәсіпкерлерде қатыса алады.

Comments (0)
Add Comment