Мүмкіндігі жоғары кәсіпорын

Қала басшысы Айтқазы Қарабалев «Тараз-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының басшысы Марат Смаиловпен кездесіп, кәсіпорынның жұмыс базасымен танысты.

Сәндібек Піренов Суретті түсірген Сәкен Абжапаров

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов қала активіне шаһардың жаңа басшы Айтқазы Қарабалаевты таныстырғанда қаладағы әлеуметтік мәселерді шешуде, экономиканы көтеруде жүйелі жұмыстардың керектігін айтып, соның ішінде қала маңындағы саяжай алқаптарын газдандыру мен ауыз су тарту мәлелелерін шешуде нақты шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Жүктелген міндеттер мен тұрғындардан түскен шағымдарды ескерген қала әкімі Айтқазы Қарабалаев «Тараз су» МКК қаланы сумен қамтудағы әлеуетін байқады. Әуелі кәсіпорынның басшысы Марат Смаилов өндіріс ошағы жайында ақпар берді.

–Мекеменің негізгі қызметі жерасты суларын өндіру және қала тұрғындары мен кәспорындарын ауыз сумен қамтамасыз ету. Сүзу алаңдарына ағынды кәріз суларын қабылдау және бұру. Қазіргі уақытта кәсіпорын төмендетілген тарифпен жұмыс істеп, 96 664 тұтынушыға қызмет көрсетеді. Оның ішінде жеке тұлғалар – 92 110, заңды тұлғалар – 4554-ке жетті. Бізде 60 әкімшілік, 627 өндірістік қызметкер жұмыс атқарады. Орташа жалақы көлемі 118 800 теңгені құрайды,–деді Марат Смаилов. Осының артынша қала әкімі бас ғимаратта орналасқан диспечерлік бөлімге беттеді. Цифрландыру жүйесіне көшкен мекеме 2018 жылдан бастап электронды карта арқылы жұмыс жасайды. Оны бақылауда ұстайтын диспетчерлік бөлімде тұрғындар қоңырау шалған сәтте ақау орын алған аймақты дер кезінде анықтап, жұмысшы топты жібереді. Сондай-ақ бұл қызметтің сапасын арттыру үшін тұрғындардан келген қоңыраулар жазылып отырады. Айта кетерлігі қазірде қызметтік көліктерге GPS навигаторы орнатылған. Осы арқылы қаладағы жұмыс көліктерінің бағыттары бақылауда болады. Енді техникалар жұмысшылардың жеке басының игілігі үшін мүлде қызмет етпейтін болады, сондай-ақ түрлі келеңсіз жағдайлардың туындамауын назарда ұстайды. Жұмыс уақыты таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін. Бұл күндізгі жұмыс уақыты болса, кешкі ауысымда жұмыс істейтіндер де бар. Оның құрамына шағымдарды қабылдайтын диспетчерлер мен қызметке сақадай сайланған жедел жасақ құрамы енгізілген. Кәсіпорынның үлкен жетістігінің бірі – арнайы халыққа қызмет көрсету орталығын ашу болып табылады. Оның мақсаты – қызмет түрлерін бір терезе қағидасы бойынша ұсынып, тұтынушылармен кері байланысты нығайту.

–Қызмет көрсету орталығына тіркелген жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін үнемі бақылауда ұстаймыз. Бізде сексен бақылаушы болса, соның әрқайсысына 1 500 тұтынушыдан келеді.Сондай-ақ әр тұтынушы пайдаланған судың төлемін жеке есеспшотынан бақылауда ұстай алады–деді абоненттік бөлім бастығы Жанар Шымырбаева.

Бас ғимараттағы өзгерістермен танысқан қала әкімі Айтқазы Қарабалаев кәсіпорынға қарасты «Песчаный» және «Почтовый» сорғы станцияларының қазіргі жағдайын бақылады. Алдымен «Песчаный» сорғы станциясына барып, сағатына 1800 текше метр су тасымалдайтын жаңа Grundfos сорғыларының мүмкіндігін байқады. 30 кВт жұмыс істеп тұрған 280 кВт-тық 4 сорғының сумен қамтамасыз етуде тиімділігі зор екен. Қазірде аталмыш сорғы станциясы халыққа күніне 42 000 текше метр су тасымалдайды. Келесі аялдама мекеме басшылығы осы уақытқа дейін жол мен жарық мәселесін шеше алмай жүрген «Почтовый» станциясының аумағы еді. Оған барар жолдың жағдайы мәз болмаса да, өндірістің ішкі аймағында үлкен жұмысардың атқарылып жатқаны жасырын емес. Бұған қала әкімі де көз жеткізді. Қондырғылар жаңартылғаннан кейін, сағатына 2200 текше метр су тасымалдайтын 315 кВт-тық сорғылар 110 кВт-та жұмыс істейді. Аталмыш сорғы станциясы күніне 43 000 текше метр су тасымалдайды. Осы сорғы станциясының маңында кәсіпорынның зертханасы орналасқан. Онда 30 әйел мен заңгер мамандар судың сапасын бақылауда ұстайды. Сынақ зертханасы судың ионды-тұзды стандарттық үлгілерін бақылап, зертханаралық салыстырмалы сынақтарға жыл сайын қатысып, үнемі жоғары нәтижелер көрсетуде. Соңғы жылдары зертхананы жаңғырту жұмыстарына 149 млн теңге жұмсалған.

–Сынақ зертханасы «Үздік зертхана» байқауына қатысып, жүлделі бірінші орынды иеленді. Зерхананың ұйымдық құрылымы ауыз су және ағынды судың химиялық және бактериологиялық бөлімдерінен тұрады. Ауыз судың химиялық және бактериологиялық бөлімдері бір-бірімен байланысты. Оның негізгі міндеттері Тараз қаласының таратқыш желісін және таратушы желісін орталықтандырылған сумен жабдықтау көздерінің толық химиялық, бактериологиялық талдаулары болып табылады, – деді зертхана қызметкері, инженер-химик Оксана Комилина.

Қала бойынша 400 мыңға жуық халық болса, соның 80 мыңы сусыз отыр. «Тараз-су» кәсіпорынының мүмкіндігі жайлы ақпар алған қала әкімі Айтқазы Қарабалаев мекеме басшысы Марат Смаиловқа бірқатар тапсырмалар жүктеді.

–Халықтың әлі күнге дейін айтып келе жатқан мәселелері ауыз су, жарық, жол төңірегінде туындап отыр. Осы ретте ең бірінші ауыз су мәселесіне ерекше көңіл бөлгеніміз абзал. Қала аумағын сумен қамтып отырған кейбір жеке кәсіпкерлердің олқылықтары «Тараз-су» кәсіпорынына кесірін тигізіп жатады. Мән-жайды толық түсінбеген тұрғындар шағымдарын Тараз суға білдіріп, ашуын содан алады. Алдағы уақытта жеке кәсіпкердің ауыз суымен қамтылып отырған тұрғындарды жаңа технологиялармен жабдықталған Тараз-су кәсіпорынына қосу керек. Екінші мәселе қала ішіндегі тозығы жеткен құбырларды жаңарту керек. Себебі қысым жоғарыласа құбырларда ақау пайда болып, мұның арты апатқа әкеп соғуы мүмкін. Ең бірінші жұмысты қаланы 100 пайыз сумен қамтудан бастау керек. Бұған кәсіпорынның қауқары жетеді,–деп сөзін түйіндеді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Comments (0)
Add Comment