Мәмбет ҚОЖАЛИЕВ, Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының актері: «Кейіпкерім жүрегімнің ішінде»

– Бала Мәмбет қандай еді? Ол да әртіс пе еді, әлде есейе келе өмір әртіс етті ме?

– Бала Мәмбет тым қарапайым, мінезі ауыр, ашылып әңгіме айта қоймайтын. Көбіне ағаштан түрлі ойыншық жасап алып, жеке ойнағанды жаным сүйетін. Бала Мәмбет әртіс болды деп айта алмаймын. Қолөнер үйірмесіне қатысып, спортқа бейім болды.

Менің өнерсүйгіш екі ағам бар еді. Екеуі де бақиға аттанып кетті. Сол ағаларым гармонь, гитара сынды аспаптармен сүйемелдеп, үнемі ән салатын. Ержетіп қалған шағымда «Романтика» магнитофонын алып, достармен жиналып, біздің шарбақта отырушы едік. Біздің ауланың ағашы қалың, орман сынды, бақшасы үлкен еді. Сол талдардың арасына кіріп, достармен бірге ән салатынбыз.

Ағаларыма қатты еліктедім. Болмасам да, ұқсап бағуға тырысып, оңашада ән салатынмын. Сынып жетекшім тарих пәнінен сабақ беретін Шырын апай өнерге жақын, шығармашылық адамы еді. Мені көбіне қоғамдық іс-шараларға қатыстырып, мектепішілік кештерде сахнада да ән салдыратын. «Сенің өнерге икемің бар» деп маған сенетін. Ең алғаш «Қараш-қараш», «Қыз Жібек» фильмдеріне қатты әсерлендім.

«Қараш-қараш» фильміндегі Бақтығұлдың бейнесін сомдаған Сүйменқұл Чокморовтың образы әлі көз алдымда. Сондай-ақ «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежанды сомдаған Асанәлі Әшімовтің фактурасы, көзінің қарасы маған қатты ұнап, әсер ететін. Осы екі бейне бала Мәмбеттің жүрегінде мәңгі жатталып қалды. Мүмкін, өнерге деген құрмет, құмарлық сол секундтарда басталған шығар…

– Мәмбет, сіз сахнада ойнамайсыз, сіз сахнада өмір сүресіз! Сын көзбен қарасақ, әртістер кейде өз образдарына өздері сендіре алмай жатады. Жыласа да, күлсе де ойнап жүргенін сезесің. Ал сіз кейіпкеріңізбен бірігіп, сіңісіп кетесіз. Сіз үшін сахна нені білдіреді?

– Сахнаның әлемі бөлек. Сахна, театр, кино маған ертегі әлемі сияқты көрінетін. Мектеп бітіргенде кино көріп отырып, басқа әлемге еніп кететінмін. Теледидардағы Ресей әртістерінің ойыны, телеспектакльдер қатты қызықтыратын. Бала күнімнен «осы әлемге кіріп көрсем ғой» деген ой-санамда тұратын ең үлкен арманым еді. Міне, сол арман мені театрға алып келді. Сахна тілін, жанын сол сахнада жүрген адам мен сахна ғана түсінеді, сезінеді. Оның құпиясы өте тереңде. Сахнада әртіс ойнаса қатты қателеседі.

Сол сахнада өмір сүре алмаса, өтірік күліп, өтірік жылап, өтірік қуанып жүрген әртіс өзі сене алмаған дүниеге өзгені қалай сендіреді? Өзің алған рөліңді процестер арқылы тұла бойыңнан өткізесің, сіңіресің. Тұңғышбай Жаманқұлов ағаның үнемі айтатын: «Мен сөзді жаттамаймын, бойыма сіңіремін», – деген сөзі есіме түсіп отыр. Кейде көрермендер таң қалады: «Көп сөзді қалай жаттайсыздар?», – деп. Расында, жаттай алмаймыз.

Ешкім де жаттай алмайды. Тым көп сөзді қалай жаттап аласың? Оны тек қаныңа сіңіру арқылы ғана жеткізіп, көрерменге ұсынасың. Егер қаныңа сіңбей қалса, ол – жалаң дүние. Ал қанға сіңсе, өз сөзің болып айтылады. Мен де кейіпкердің сөзін бойыма сіңіріп, өзім иелік етіп қана жеткіземін.

– Сіз қойған образ уытты, тірі, өмірде бар іспетті иланып қаласың. Осының сыры неде? Өзіңізге қойған талап па, әлде талант па бұл?

– Пьеса берілген кезде авторы театрға ұсынып, режиссер рөлді берген соң, мен өз кейіпкерімді зерттеуге кірісемін. Өмірде болған адам болса, қай өңірде дүниеге келді, қандай адам болды деп түп-тұқиянына сұрау саламын. Егер өмірде жоқ кейіпкер болса, оны өзім қойып, дамытамын. Жасы, пішіні, түгел болмысынан автобиография жасап шығарамын. Кейіпкеріңді зерттемей, үңілмей жатып, жарық дүниеге шығара алмайсың.

сы тұста айта кетейін, режиссер Қуандық Қасымов ұстазымнан көп нәрсе үйрендім. Әр адамның бойында таланты, өз ісіне орай икемі бар. Мысалы, құрылысшы зәулім сарайды салу үшін іргетасын қалап, есептеп, босағасын бекітіп, шатырын жабады. Ал мен мүлде бұл істі ұқпаймын. Яғни әркім өз ісінің жемісін көріп, еңбегін ақтайды. Бір пайыз талантың болса, басқасы еңбекпен келеді. Ал талапсыз іс өнбейді. Барлық нәрсе – еңбектің өрісі.

– Өз қабілетіңізді өмірде пайдалана аласыз ба? Өзіңізді сын сағатынан әртістігіңіз құтқарған оқиғаны есіңізге түсіріңізші. Мәселен, рөл ойнағандай құбылып, құтылып кеткен.

– Жоқ! Бұл – өмірде қолданылатын дүние емес. Бұл – процесс арқылы ғана келетін кейіп. Бұл қабілет тек кәдімгі кейіпкердің өзімен бірге құйылып келеді. Мүмкін, бір әртістер пайдалана алатын шығар. Өз басым рөлімде ғана қабілетімді танытуға кірісемін. Тек той-томалақ, жиындарда ән айтып, елдің пейілінен нәр алып қыза түсетініміз болмаса.

Кейіпкерімнің өзін жүрегім дүрсілдеп, үлкен сезіммен алып келгенде, өмірде әртістік қабілетті пайдалану қайда?! Атын ұмытып тұрмын, бір әртіс Батысқа барыпты. Сонда бір мұнайшы: «Әй, сен әртіс емессің бе, бір әзіл айтып күлдірші мені?», – деп қолқа салыпты. Сонда әлгі әртіс: «Ал сіз қандай қызмет жасайсыз?», – деп сұрапты. Әлгі қолқалаушы: «Мұнайшымын», – десе: «Онда сіз қазір мына топырақты бір теуіп, мұнай шығарып беріңізші», – деген екен.

– Сахна мен кино өнері екі бөлек. Сізге екеуі де бөтен емес екенін білеміз. Ал жүрегіңізге қайсысы жақын?

– Иә, кино мен театр екі бөлек. Мәселен, кинода бірнеше дубль бар. Монтаж жасап, әрлейді. Дауысты қойып, басып, дубляж жасайды. Болмай, ұқсамай қалған сәттерді қайта жасауға мүмкіндік мол. Ал театрда көрерменмен тікелей қауышасыз. Бірден, сол сәтте ұтымды жеткізуге тиіссіз. Екеуі де маған алыс емес.
– Театрдағы рөлдеріңізді көріп жүрміз. Ал кинода қандай рөлдерде ойнадыңыз?

– Киноға көп түстім, профессионалмын деп айта алмаймын. Қысқа метражды, тәрбиелік мәні бар фильмдердің он беске жуығына түстім. Ал енді үлкен фильмдерден Алаш азаматтары туралы «Тар заман», «Кикі мерген» фильмдерінде Міржақып Дулатұлының рөлін сомдадым. Қысқа метражды фильмдердің ішінде соңғы түскен фильм туралы айтып өтейін.

блыстық қазақ драма театрының режиссері Елжан Жармұхаммедовтің «Ақша» деген қысқа метражды фильмін театрымыздың актрисасы Нұрсипат Салықова және мен үшеуміз түсірдік. Жуырда ғана Шымкент қаласында өткен халықаралық қысқа метражды фильмдердің ішінен Гран-при ұтып алдық.

Нұрсипат апай «Ең үздік әйел», Елжан «Ең үздік режиссер», ал мен «Ең үздік сценарий» деген аталымдарды жеңіп алған жайымыз бар. Бұл – біздің еңбегіміздің жемісі. Дегенмен киноға түсіп жүргеніммен, менің жаныма театр жақын. Мүмкін, театрда көп қызмет еткендіктен болар. Театрдың орны бөлек, ыңғайлы. Киноның өз ләззаты бар. Тек өзім театрға басымдық беремін. Қолымнан келсе, кино мен театр саласын бірге алып жүргім келеді.

– Әртіске әртістің ұнай қоюы қиындау шығар. Дегенмен сізді бірде мұңға батырып, енді бірде езуіңізге күлкі үйіре алатын, шеберлігіне тәнті ететін әртістер бар ма? Бар болса, кімдер?

– Өнерге келмей тұрғанда әртістердің ойындарына жай ғана қарап қызықсақ, қазір әртістік шеберлігіне мән беріп, ойындарын ой елегінен өткізіп, әртістік шеберлігін танып барып көретін болдық. Шәкен Айманов, Серке Қожамқұлов, Сүйменқұл Чокморов, Никулин, Моргунов, Вициннің кинодағы рөлдеріне қарап тамсанып отырамын.

– Әңгімеңізге рахмет. Сіз де жұрт сүйсініп қарайтын жүйріктердің қатарында болуыңызға тілектеспіз!

Сұхбаттасқан
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment