Тотыдайын таранған Таразда түйіні тарқамаған түйткілдер жоқ емес. Әсіресе, қаланың ықшам аудандары ірілі-ұсақты мәселелерден көз ашпай отыр.
Толғанай АТАБАЙ
Қақпағы ұрланып, аузы ашық қалған құдық, арнасынан асқан қоқыс жәшіктерінің ретсіздігі, жақтаусыз қалған орындықтар, қоқысқа толы су арналары, жағалай жайлаған сұрықсыз жарнама, бұталмаған ағаш. Міне, осының барлығы – бір ғана «Алатау» мөлтек ауданындағы мәселелер. Қала әкімінің қабылдауына қайырылып, аумақтағы тұрғындар тілегін жеткізген қала белсендісі Бақыт Наурызбекова күрмеулі мәселелерді тізбектеді. Сенбілетіп ықшам аудандағы орын алған олқылықтармен шаһар басшысы Қайрат Досаев арнайы барып танысты.
Қала әкімі әуелі аумаққа қарасты №2 үйдің алдында ағып жатқан арық жүйесіне назар аударды. Тұрғындардың айтуынша, су жүйесінің күл-қоқыстан көзі ашылмай тұрғанына биыл бірінші жыл емес. Ал арыққа жиылған сумен бұрынырақта тал-дарақтарды суарып алуға мүмкіндік бар еді дейді. Сондай-ақ қаладағы кәріз құдықтарының қақпағын ұрлау да әдетке айналған. Тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, кәріз құдығының қақпағын ұрлаған баукеспелер аумақтың тәртіп сақшыларының назарына да ілікпеген. Бұған қала басшысы Қайрат Әскербекұлы бейнебақылау камераларының жұмысын жандандыру арқылы оңай олжаға батқысы келетіндерді құрықтау қажеттігін қатаң тапсырды. Аумақтағы үйлер маңын аралай жүрген қалалық әкімдік мүшелерінің алдынан сұлап түскелі тұрған жарық бағанасы кезікті. «Фиркан» дүкендер желісінің дәл артында қалған электр бағаны күшті жел болса, үйдің үстіне құлай ма, болмаса электр сымдары үзіліп, адам үстіне түсе ме дейтін тұрғындар уайымы да жоқ емес.
– Қай үйдің ауласын барып қарасақ та, осы жайттарға кезігеміз. Үңірейген құдықтар үрейімізді алады. Кешке серуенге шығатын ата-аналар үшін бұл бір қорқыныш. Өткен жылы №2 үйдің артынан жаяу жүргіншілер жолы салынып, орындықтар қойылған болатын. Алайда тәртіп сақшыларының жұмысының салғырттығынан құдықтар қақпағынан айырылып, орындықтар жақтаусыз қалып отыр. Мен қас қарая аумақты барлап жүретін сақшыларды кезіктірмеппін. Сонда олар тыныштықты күзетпей қайда қарап отыр? – дейді Бақыт Наурызбекова.
Ал аумақтағы көппәтерлі тұрғын үй ауласының тазалығын ауызға алудың өзі артық. Мұнда тазалықты қадағалайтын мекеме қызметкерлерінің жұмысын жоқ деуге келмейді. Себебі кешқұрым үйден шығып, бір сәт аула алдында отыратын тұрғындардың өзі тағам қалдықтарын қоқыс жәшігіне таудай үйсе, одан қалды үйдегі қоқыстарды да осы жәшікке салатын көрінеді. Мәселе мәніне қаныққан қала басшысы сол жерде жауапты мамандарға жұмысты ширатуды ескертіп, ауланы ретсіз шашқан азаматтарға айыппұл салу қажеттігін айтты.
– Тазалық таза аулада қалыптасады. Ал ұқыптылық көше сыпырушыларға ғана емес, тұрғындарға да ортақ. Өйткені тазалық бар жерде тәртіп пен реттілік болатыны анық. Жасыл желекті қаланың көркін осылай өзіміз қашырсақ не болмақ? Осы жерде өздеріңізбен қатар балаларыңыз да өсіп келе жатыр. Сондықтан аула тазалығын үйлеріңіздің тазалығындай көргендеріңіз абзал, – деді шаһар әкімі.
Одан кейін арнайы топ Гоголь көшесінің бұрылысына ат басын бұрды. Отыз шаңырақ мекен ететін көше тұрғындары өз қаражаты есебінен балалар алаңшасын соққан. Алайда ойын алаңына қоршау орнатпаса, ұрлыққа түсетіндер артып отыр екен. Осыған байланысты №17 аумақтық квартал комитетінің төрайымы Тамара Монастырская аумақ тыныштығын күзететін тәртіп сақшыларының қажеттігін айтты. Сонымен қатар тұрғындар жол, жарық, тротуар мәселелерін де ортаға салды. Тұрғындарға қала басшысы көтерген мәселелерінің ретімен шешілетіндігін жеткізді.