Абай Шахтасындағы апатты жағдайға қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қарағанды облысы Абай шахтасының кеншілері апаттың қалай болғанын айтып берді. Өлім аузынан қалған қара еңбек иелері улы метан кенішке жайылып, сол жерде жөтел қысып, тұншыға бастағандарын алға тартады. Олардың сөзінше, мәйіт саны алты емес, сегіз болуы мүмкін еді.
Жеті қат жердің астына күнара түсіп жүрген Сергей Владимиров сол күні ештенеден күдіктенбегендерін айтады. Метан бөлінгенін рация арқылы хабарлаған. Жер астындағылар біртіндеп жоғары көтеріле бастапты. Алайда, улы газ оларды да айналып өтпегенін біршама уақыттан кейін бірақ сезіпті.
“Әріптесіммен бірге электр жабдықтарын тексеруге кірістік. Мен төменге қарай, ол кеніштің екінші басына кетті. Сол жерден әрі қарай не істейтініміз жөнінде нұсқау күттік. 8-ден 10 кеткенде маған ленталарды іске қос-деген нұсқау келді. 10 минуттан кейін техникамыздың жұмысы тоқтап қалды. Маған кеніштің мастері хабарласып, тез арада сыртқа шығындар деді. Жөтелдім, басым айналды. Дәрі ішіп әрең есімді жидым. Шамалы кешіккенде мен де, әріптесім де сол жерде қалар едік”, – дейді “Абай” шахтасының электр-слесарі Сергей Владимиров.
Сергей Владимиров аман қалғанымен, жұмысшылардың тағы бірі Сергей Корниенко көз жұмды. Қартайған ата – анасын зар қақсатып кеткен кенші бұл шахтаға ғұмырының отыз жылын арнаған. Оның жақындары қазаға жұмыс орнында жағдайдың жоқтығы себеп дейді.
“Бұрын кеншілерді құрмейттейтін еді, қазір оларға құл есебінде қарайды. Олардың бас амандығын ойлап жатқан ешкім жоқ. Біз оны жақсы азамат ретінде тәрбиелеп өсірдік. Отбасысы жоқ, жалғызбасты, біздің арқа сүйеріміз болды. Қайтыс болған соң әкімі де, басшылығы да келді. Бірақ олар келгеннен не пайда? Ұлымды ешкім қайтарып бере алмайды”, – дейді марқұм Сергей Корниенконың әкесі Анатоли Корниенко.
Қарағанды облысының «Абай» шахтасында қаза болған алты адамның бірі 53 жастағы Николай Скитченкоға зейнетке шығуға небәрі екі жыл қалған. Ауған соғысына қатысқан жауынгер – интернационалисті енді барлық әскери тәртіпке сай жер қойнына тапсырады. Бұл туралы марқұмның қаруластары ақпар берді.
Апатта ажал құшқан тағы бір кенші 38 жастағы Сергей Краус болса кеншілер династиясының өкілі. Жас жігіт әке ізін жалғап, он жыл бойы жер астында тер төгіп келген. Қаза болғандардың арасындағы ең жасы небәрі 31 жаста. Наиль Абдуллин жас болса да бұл салаға ғұмырының он жылын арнап үлгерген. Жас әкенің соңында еңіреп кішкентай ұлы мен жары қалды.
Абай шахтасындағы жарылыс: Тұрғымбаев оқиға кінәлілер барын айтқан ТЖМ министрінің сөзін жоққа шығарды
Абай кенішіндегі қайғылы оқиға: Қаза болғандардың есімдері белгілі болды
“Мен жұмыстан енді келіп жатқанмын, маған таныстарым хабарласып көңіл айтты. Не болғанын түсінбей, абдырап қалдым. Содан кейін жан – жаққа хабарласып оқиғаның мән – жайын сұрап білдім. мен де бұрын шахтада еңбек еткенмін. Бәрінен де соңында қалған отбасына қиын”, – дейді марқұм Наиль Абдуллиннің ағасы.
“Қайғылы қаза тапқандар қатарында Сергей Краус та бар. Оның әкесі де кенші. Әкесі мен баласы бір учаскеде жұмыс істеген, тек сол күні бұл ауысымға Сергей қана шыққан. Ол енді ғана отбасын құрған, ақжарқын адам еді. Қайғыра көңіл айтамыз”, – дейді Абай аудандық жауынгер-интернационолистер қауымдастығының төрағасы Юрий Родин.
Апатта қаза болған 6 кеншінің денесін облыстық мәйітханадан 20 – ға жуық кенші мен марқұмдардың жақындары алып кетуде. Жерлеу рәсімі бүгін және ертең, яғни екі күн бойы жалғасады. Компания шараға кететін шығындарды көтереді. Жерлеу рәсіміне кететін шығыннан бөлек, “АрселорМиттал Теміртау” қара жамылған отбасылардың несилерін және студенттердің оқу ақысын өтейміз – деп уәде етті. Сондай-ақ, жапа шеккен әр отбасыға 10 жылдық айлықтары есептеліп, төленбекші. Кеншінің жалақысы кемінде екі жүз мың деп есептесек, бұл шамамен 25 миллион теңгені құрамақ. Абай ауданы әкімдігінің мәліметінше, 4 бала әкесіз қалды, оның екеуі әлі кәмелеттік жасқа толмаған.
“Тұрғын үй мәселесі жөнінде айтар болсақ, қаза болған кеншілердің барлығының басында өз баспаналары бар. Деседе, аталмыш сұрақ әлі қарастырылады. Тұрғын үй несиелеге алынса, Компания өзі жауып береді”, – дейді “Арселормиттал” АҚ атқарушы директоры Әлішер Әбенов.
Ал ауруханада ем қабылдап жатқан кеншілердің саны үш адамға жетті. Сол күні шахтадан тысқа өзі шыққан тағы бір кеншінің денсаулығы сыр беріп, дереу клиникаға жеткізіліпті. Қазір барлығының жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Компания ауруханада жатқан 3 азаматтың да шығындарын жабамыз дейді.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 7 қарашада Қарағанды облысындағы «Абай» кенішінде алты адам қаза тауып, тағы екеуі жарақат алған болатын. Зардап шеккен кеншілер қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мемлекет басшысы қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Кеншілер отбасына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.