Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі Ұлы ғалым, кемеңгер ойшыл, ержүрек саяхатшы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай «Мәңгі өшпес жарық жұлдыз: ғалымның өмірі, саяхаттары және ғылыми еңбектері» тақырыбында облыстық семинар ұйымдастырды.
Семинар мақсаты – артына өшпес із қалдырған ұлы тұлғалардың бірі, Орта Азия мен Қазақстанды зерттеудегі ұлы еңбегімен есімі әлем жұртшылығына мәлім атақты ғалым, кемеңгер ойшыл, от-жалынды азамат, ержүрек саяхатшы Шоқан Уәлихановтың еңбектерінің құндылығы, ғылымға қосқан үлесі туралы оқырмандардың білімдерін тереңдету, өз еліне шын беріліп, оны терең сүйе білген ұлы ғалымның өмірін өнеге етіп, жастардың білім мен ғылымға қызығушылықтарын арттыру, оның еңбектерін оқыту, Шоқан Уәлихановты тану арқылы ұлттық сана мен патриотизмге, рухани білімділікке, мәдениеттілікке, адамгершілікке пен имандылыққа тәрбиелеу.
Семинар басталмас бұрын қатысушылар алпыс жыл бұрын ғалымның есімімен аталған кітапхана фойесіндегі «Шығыс әлемінің шолпаны» айстоппер көрмесінің алдында жиналып, көрмеде ұсынылған басылымдармен танысты.
Семинардың негізгі жұмысы кітапхананың Бродкастинг залында өтті.
Әр уақыттың әр кезеңінде халықтың біртуар данышпандары дүниеге келген. Ондай дана перзенттер біртұтас бір тарихи кезеңдегі халықтың мәдени өлшеміне, рухани биігіне айналып отырған. Сондай адамдардың бірі – ХІХ ғасырда өмір сүрген, кейінгі ұрпаққа рухани-әлеуметтік мұра қалдырған, әлем мойындаған дана ғалым Шоқан Уалиханов.
Отыз жылдық ғұмырын мәнді де мағыналы өткізген, көптеген ғылымдарға өлшеусіз үлес қосып, қазақ деген халықты әлемге танытып кеткен Шоқан Уәлихановтың таңғажайып өмірі мен қызметі жайлы жиналған аудиторияны ZOOM жүйесі арқылы ғалымның туған жерінен байланысқа шыққан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қостанай облысының, Қостанай қаласының және Жітіқара ауданының құрметті азаматы, ақын, жазушы, драматург Ақылбек Шаяхмет таныстырды.
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі ғалымнан қалған материалды және рухани жәдігерлеріне мекеменің ғылыми хатшысы Нәзима Оташева тоқталды.
Алматы қаласынан байланысқа шыққан Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, сарапшы, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Әуезхан Шашаев студенттерге институттың зерттеу бағытындағы жүзеге асырып отырған жобалары мен ғалым мұрасын зерттеудың тарихи маңызына тоқталды.
Әрі қарай сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы, Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің профессоры Меңдібай Әбілов, Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясы мен №32 мектептің география пәнінің мұғалімдері Рауан Ошақбаев пен Назгүл Тойболова, «Шоқан Уалихановтың өнері, саяхаттары және ғылыми еңбектері» презентациясын ұсынған Абай атындағы Жамбыл гуманитралық жоғары колледжінің оқытушылары Талғат Мейрамбек және Рыскуль Тойғамбаеваның баяндамаларынан жастар «мыңмен жалғыз алысып» өмір сүрген Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов – заманының жан-жақты білгір ғалымы, батыл саяхатшысы, ұлтын, елінің тарихын, салт-санасын сүйген азамат, этнографиясын және әдебиетін тұңғыш зерттеуші болғаны туралы жан-жақты мәлімет алды.
Колледж оқытушысы Загира Матпусаеваның жетекшілігімен жасалған «Ш.Уалихановтың суретшілік өнері» тақырыбындағы зерттеу жұмысымен осы оқу орнының білімгері Назым Орынбасар таныстырды.
«Шоқан Уалиханов – этнограф» тақырыбындағы викториналық сұрақ-жауап ойының колледж оқытушылары Амина Қамысбаева мен Әйгерім Оразқұлова ұсынды.
Ойынға қызыға қатысқан студенттер Шоқан Уалихановтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ер Көкше», «Ер Қосай» жырлары мен мақал, аңыз, ертегі мен шежірелерді, қазақ ақындардың шығармаларын қағазға түсіріп алу арқылы ғалым ауызша ұрпақтан-ұрпаққа жеткен аңыздар мен жырлардың үлгілері үлкен қазына екендігіне баса назар аударғанына көз жеткізді.