Мүгедектердің өмірін жақсарту үшін не істелуде?

Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г.Олжабаеваның «Jambyl-Тараз» газетіне берген сұхбаты

Тараз қаласында 17 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Күн сайын олар әртүрлі кедергілерге, оңалтудың техникалық құралдарының тәртібіне, жеке көмекшілерді таңдауға байланысты қиындықтарға тап болады және оларға қолжетімділік толығымен қамтамасыз етілмей отыр.
Осы және басқа да міндеттерді шешу үшін өткен жылы Үкімет 2025 жылға дейін мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар қабылдады.

Осы орайда Тараз қаласында мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсарту барасы туралы айтып өтсек.

– Гаухар Елубайқызы, әлеуметтік қызметтер порталы туралы толығырақ айтып берсеңіз. Сервис қалай жұмыс істейді және қазір ол арқылы не ала аласыз?

– Әлеуметтік қызметтер порталы осы жылдың қаңтар айында іске қосылды. Порталдың (aleumet.egov.kz) бірінші басты ерекшелігі – профилін, рейтингін және басқа қолданушылардың пікірлерін ескере отырып, оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдау мүмкіндігі. Екінші артықшылығы – уақытты қысқарту.
Салыстыру үшін, бұрын мемлекеттік сатып алу арқылы тапсырыс беру кезінде күрделі рәсімдерге байланысты мүгедек адамға құралын күту үшін кейде 6 айға дейін күтуге тура келетін. Қазір порталға тапсырыс бергеннен бастап үйге жеткізгенге дейінгі уақыт – 15 күнге дейін. Жеткізу қызметі мемлекет есебінен төленеді.
Бүгінгі таңда порталдағы тізілімде 759 жеткізуші бар, оның 734-і арнайы әлеуметтік қызметтерге, 24-і ТСР-ге арналған. Интернет-платформа арқылы бүкіл ел бойынша 19 мыңнан астам тауар шығарылды. Енді жеке іріктеуді қажет етпейтін 55 техникалық жабдықтың 24-і портал арқылы беріледі, ал 2021 жылдың қаңтарынан бастап жеке таңдауды қажет ететін техникалық құралдар қолжетімді. Барлық қызметтер мен оңалту құралдары портал арқылы мемлекеттік кепілдендірілген сома шегінде ақысыз түрде ұсынылады, оны арнайы комиссия сапа және тұтынушылардың пікірлері бойынша өзін жақсы жағынан дәлелдеген тауарлар мен қызметтердің орташа құнын анықтайды.

– Жалпы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жетілдіруде портал қандай рөл атқарады?

– Әрине, бұл бірінші кезекте – барлық процестердің ашықтығы және кең ауқымдылығы. Сонымен қатар портал құнды деректердің қайнар көзі болып табылады. Біз қандай қызметтерге сұраныс бар екенін, техникалық және техникалық жабдықтардың жекелеген түрлерінің нақты ұсынылуы қандай екенін көреміз. Осы деректерді талдауға сүйене отырып, ТСР мен қызметтерге қажеттіліктің аймақтары, профилі және басқа параметрлер бойынша алдын ала болжауға және, тұтастай алғанда, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру бойынша шараларды жасауға болады.

– Порталды қалай пайдалануға болады және интернет немесе компьютерлік дағдылары жоқ мүгедектерге не істеу керек?

– Порталды пайдалануда ешқандай қиындықтар жоқ. Бүгінде интернетті, компьютерді пайдаланбайтын адам өте аз. Әрбір мүгедек өзі компьютерді пайдалана алмаса, балалары көмек бере алады. Ол үшін мүгедектің электронды сандық қолтаңбасы (ЭСҚ) болуы тиіс.
Тіпті интернет және компьютерде жұмыс істей алмайтын мүгедектер үшін бөлімде арнайы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары орналасқан. Осы бұрышта мүгедектің электронды цифрлы қолтаңбасы арқылы қызмет алуға әлеуметтік қызметкерлер көмек көрсетеді. Бүгінгі таңда мүгедектер тарапынан жеке көмекші қызметі, міндетті гигиеналық құралдар, санаторлы-курорттық емделуге шипажайларды таңдау жүргізілуде.

– Инватакси қызметі кімдерге көрсетіледі?

– Тараз қаласы бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Инватакси» қызметтерін қозғалуға қиындығы бар І топ мүгедектеріне «Шапағат» корпоративтік қоры, көзі көрмейтін І топ мүгедектеріне «Өмір сапасы» корпоративтік қоры ұсынады. Мүгедек алдын ала диспетчерге хабарласып, өтініш білдереді. Өтініштер жоспарланған сапардан бір күн бұрын сағат 9.00-ден 12.00-ге дейін қабылданады.
Министрлік тарапынан мүгедектің баратын сапарының тізбесі бекітілген. Бұл туралы мәлімет бөлімнің «OZSP-TARAZ.KZ» арнайы сайтында көрсетілген.

– Әлеуметтік желі беттерінде жеке көмекшілердің жұмыс уақыты және төлемақы мәселелерін көтереді. Олардың жұмыс уақыты көбейе ме?

– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеке көмекші қызметі қарастырылған. Атап айтқанда, мүгедекпен бірге оның құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Яғни жүріп-тұруы қиын мүгедектерге жұмысқа, оқу орындарына, сондай-ақ мүгедек жергілікті өкілді және атқарушы органдарға, сотқа, прокуратураға, әлеуметтік сала объектілеріне, заң консультацияларына, нотариусқа, мәдени-ойын-сауық іс-шараларына, спорт ғимараттарына, сауда объектілеріне, медициналық мекемелерге, тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарына ілесіп жүргені үшін өздері тағайындаған жеке көмекші қызмет көрсетеді. Негізінде бұл қызметті көрсетуге мүгедек өзінің туыстарын таңдайды.

Жеке көмекшінің шарт талаптарымен мүгедекпен бірге оның тұратын жерінен баратын пунктіне дейін және қайтарда ілесіп жүрген уақыты үшін олар арнайы акт толтырады, осы акт негізінде оларға төлемақы төленеді.

Көбіне жеке көмекші қызметі мен мүгедекке күтім жасау қызметін тұрғындар шатастырып жатады. Мүгедектер жеке көмекшінің инъекция немесе басқа медициналық процедураларды жасауын талап етеді. Мүгедекті бағып-қағу, күтім жасауды туған-туыстары, балалары уақытпен санаспай көрсетуі тиіс.
Туыстарының мүгедекке күтім жасағаны үшін жәрдемақы қарастырылмаған.

Бүгінде министрлік тарапынан қолданыстағы заңға өзгерістер енгізіліп, тұрақты күтімді қажет ететін 1-топтағы мүгедектерді күтім жөніндегі жәрдемақымен де, жеке көмекшінің қызметімен қамту көзделіп отыр.

Бала жасынан 1 топ мүгедектерге 2018 жылғы шілде айынан бастап арнайы мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған. Бүгінгі таңда 379 адам осы жәрдемақыны алып отыр.

нан бастап арнайы мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған. Бүгінгі таңда 379 адам осы жәрдемақыны алып отыр.

– Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рақмет.

Анықтама үшін: бөгде адамның тұрақты күтіміне мұқтаж 1-топтағы мүгедектігі бар адам күтім жөніндегі жәрдемақымен де, жеке көмекшінің қызметімен де қамтылмаған.
Оларға күтім жасауды көбіне жақын туыс-тары жүзеге асырады, олардың жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ.
Күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы төленетін болады, оның мөлшері 48 мың теңгені (1,4 ең төмен күнкөріс деңгейінде) құрайды.
Сондай-ақ 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді.
Бұл шара балалар сырқатының ауырлық дәрежесіне байланысты жәрдемақы мөлшерін сараланған түрде белгілеуге мүмкіндік береді.
Мүгедек балалар үшін жәрдемақы 1-топтағыларға 48 023 тг-ден 65 860 тг-ге дейін, 2-топтағыларға 48 023 тг-ден 54 541 тг-ге дейін, 3-топтағыларға 41 163 тг-ден 48 023 тг-ге дейін ұлғаяды.

Сұхбаттасқан Бекнұр САТЫБАЛДИЕВ

Comments (0)
Add Comment