Мәдениет саласында ілгерілеу бар

Бүгінде облысымызда мәдениет саласын қаржыландыру көлемі  жыл сайын артып келеді. Айталық, ағымдағы жылы осы мақсатта бөлінген 8,3 миллиард теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ 10 мәдениет нысанының құрылысы жоспарланған.Оның 5-і мемлекет есебінен,5-уі демеушілер көмегімен іске асырылуда.

Бұл туралы  облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.

– Бүгінгі таңда жоспарға сәйкес 23 мәдени нысанда жөндеу жұмыстары аяқталып, көрсетілген индикатор толық орындалды. Жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп қосымша 16 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, барлығы 39  мәдени нысанда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Оның 8-і күрделі жөндеу, 31-і  ағымдағы жөндеу.

Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай бірқатар іс-шаралар іске асырылды. Атап айтқанда, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қатысуымен «Ұлы дала ақыны» халқаралық конференциясы өтіп, «Жамбыл жырау» жинағының тұсауы кесілді. Жамбыл облыстық мемлекеттік кітапханаларында жыл басынан бері 150-ге тарта мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды. Жалпы іс-шараларға 4500-ге жуық оқырман қатысып, онлайн форматта 200 000 мың қаралымды қамтыды.

Қараша айында Алматы, Түркістан облыстарындағы Жамбыл облысының күндері өз деңгейінде ұйымдастырылып, «Тараз және Түркі өркениеті» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы, «Ұрпақтар сабақтастығы: тарихпен болашақ Жамбылдық суретшілерінің көзімен» атты көрме-байқау өтті.  Айта кетейік, Түркі өркениетіндегі түркі тілдес ұлттар арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға негізделген «Тараз және Түркі өркениеті» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясында АҚШ, Жапония, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан ғалымдары онлайн және офлайн форматта қатысып, пікір алмасты.

Бекітілген өңірлік жоспарға сәйкес,ақын, драматург Иранбек Оразбаевтың (Иран Ғайып) «Жамбылдың қызыл жолбарысы» атты драмасының  премьерасы өтіп, «Жамбылым – ән бесігім» CD жинағы жарық көрді.

Қазан-қараша айларында облыс аумағындағы он ауданның күндері ұйымдастырылса,  6-7 желтоқсан күндері Алматы облысының Жамбыл облысындағы күндері өтті. Соның аясында көрме, концерт, қойылым сынды бірқатар мәдени іс-шаралар өткізілді. Ал желтоқсан айының соңына дейін жазушы-драматург М.Байғұттың «Асқаровтың ақ қайыңдары» драмасын сахналау, Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды шақыру, «Тәуелсіздікке тарту» атты мерекелік концерттік бағдарлама, «Тәуелсіздік таңына ұмтылғандар» тақырыбында деректі фильм түсіру жоспарлануда, – деді спикер.

Брифинг соңында Ерлан Нұрманұлы БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға тұщымды жауап қайтарды.

Comments (0)
Add Comment