Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, халықтың ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады», – деген сөзі әлі де ел жадында. Дана халқымыз да «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер айтпаса керек. Өркениетті ұлт ең әуелі тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Бұған Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қосып отырған үлесі аз емес.
Бүгінде шаһарда 3 мәдени нысан жұмыс істейді. Соның бірі – Ы. Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі іс-шаралардың барлық түрлері мен әдістерін кеңінен өрістете отырып, халықты эстетикалық адамгершілікке баулуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағыттап қызмет етуде. Мұндағы 22 клуб құрылымына 912 адам қатысады. Олардың қатарында «халықтық», «үлгілі» атағы бар 15 ұжым, 7 үйірме бар.
Жыл басынан бүгінгі күнге дейін қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында қалалық мәдениет үйі 228 іс-шара ұйымдастырып, 205 845 адамды қамтыды. Сондай-ақ жалпы саны 47 157 адамның қатысуымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 9 айда 45 іс-шара ұйымдастырылды.
Парасаттың сарайы саналатын кітапханалардың жөні қашанда бөлек. Бүгінде олардың да жұмысы жүйеленіп, заман ағымына сай түрленуде. Бөлімге қарасты 8 кітапханада жүйе бойынша кітап қоры 402 602 дананы, оның ішінде мемлекеттік тілдегі басылымдар саны 170 362-ні құрайды. Барлық кітапханалар жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген және интернет желісіне қосылған. Кітапханалық www.libr.e-taraz.kz web-сайты да үздіксіз жұмыс істейді.
Уақыт талабына сай «коворкинг» орталықтар да көптеп ашылып жатқаны белгілі. Айталық, мұндай орталықтар Абай, М.Әуезов, М.Шолохов атындағы және №6 кітапханаларда ашылып, заманауи көпфункционалды ақпарат, білім және мәдениет алаңына айналды. «Коворкинг» білім орталығында көптеген жұмыс орындары, бiрлесе және жеке жұмыс iстеуге арналған орындар бар. Ыңғайлы жұмыс істеу үшін орталықта әртүрлі аймақтар кітапханалық жабдықтармен және жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген. Мұнда әртүрлі форматта түрлі сала мамандарының қатысуымен 99 мәдени іс-шара өткізіліп, 4 074 адам қамтылды. Сонымен қатар «Құнды өлкетану құжаттарын цифрлау» жобасы бойынша облысымыздың қаламгерлерінің шығармаларын насихаттау мақсатында Тараз қаласы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде кітапханалардың кітап қорынан 28 жергілікті ақын-жазушының шығармалары келісімшарт арқылы 79 атаумен, оның ішінде мемлекеттік тілде 58 атаумен цифрландырылып, кітапхана сайтына электронды форматта енгізілді. Бұдан бөлек, аталмыш жоба аясында облыстық тарихи-өлкетану мұражайының мұрағатынан фотоқұжаттарды цифрлау бойынша «Фотоархив» дерекқорына биылғы 9 айда 902 фотоқұжат орналастырылды.
«Жазғы оқу залы» жобасы шеңберінде 26 мәдени іс-шара өткізіліп, 1 304 адам қамтылды. Соның нәтижесінде кітапханаға 574 жуық жаңа оқырман тартылды. Ал «Ұлы даланың дара тұлғалары» жобасы бойынша жергілікті телеарналардан түсірілімдер көрерменге жол тартты. Тағы бір айта кетерлігі, Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында кітапхана оқырмандары 2021 жылы – 344, ал биылғы 9 айдың есебі бойынша – 54, жалпы саны 398 дана кітап тарту еткен.
Жас ұрпақты, оның ішінде қыздарды ұлттық-рухани мәдениет және моральдық құндылықтарға жақындастыру, отбасылық құндылықтар мен міндеттерге үйрету, рухани-адамгершілік тәрбие беру, қазақ әйелінің озық образын қалыптастыруға бағыттау мақсатында былтыр «Анаға тағзым» орталығы ашылған болатын. Қазір мұнда «Береке» аспаздық, «Бойтұмар» қолөнер және дизайн, «Қызғалдақ» экотәрбие, «Сырлы әлем» бейнелеу, «Ана тілі» шешендік өнер, «Қазына» ұлттық аспаптар, «Інжу-маржан» әдеби-музыкалық, «Ерке сылқым» би және вокал үйірмелері жұмыс істеуде. Сонымен қатар орталықта ҚХА бірлескен «Достық дастарқаны», «Сенбілік сырласу шайы», «Атамекен» ҰКП бірлескен «Білгеніңмен бөліс» бизнеске бағыттау, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасымен бірлескен «Шебердің қолы алтын» атты тифло-тігін жобалары және «Белсенді ұзақ өмір сүру» клубы бар. Қаламыздың белгілі аспаздары, тігіншілері, дизайнерлері мен қолөнер шеберлері арнайы келіп, тәжірибелерімен бөліседі.
Бөлімнің атқаратын жұмысының екінші бағыты – тіл саясаты. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» №1045 қаулысымен бекітілген жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Осы бағытта 9 айда 21 іс-шара ұйымдастырылып, әлеуметтік желіде «Жаңа қазақ әліпбиі», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Қазақ тілі – ғажап тіл» сынды челлендж жобалар жүзеге асты.
Сонымен қатар «Менімен қазақша сөйлес!» атты акциясы жарияланып, қала бойынша сауда орталықтары, шағын және орта бизнес субъектілеріне, банктер мен халыққа қызмет көрсету мекемелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмектер көрсетілді.
Тіл саясатын жүзеге асыруда баса назар аударар саланың бірі – ономастика. Бөлім тарапынан көше тұрғындарына, кварталдық комитет төрағаларына әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне, физикалық-географиялық объектілерге атау беру, оларды қайта атау мәселесі бойынша қағида талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады.
Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясында мақұлданған «555 тарихи тұлға», «380 тарихи жер-су атауы» және «298 дәстүрлі атау» тізімін басшылыққа ала отырып жұмыс жүргізіліп, 11 көше бойынша ұсыныс қалалық әкімдіктің отырысы мен мәслихаттың сессиясында қаралып, бірлескен қаулы және шешім шықты. Қажетті құжаттары жинақталып, Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданды.
Жалпы облыс орталығындағы даңғыл, көше, бұрылыс, тұйық, өткелдердің жалпы саны – 1 421. Оның 959-ы қазақша атауға ие. Ал 462-сі орыс тілінде аталса, 259-ы мағынасы ескірген орысша жер-су аттары.
Бұл саладағы ең бір өткір мәселе көрнекі ақпарат пен жарнамаға тіреледі. Жарнама беруші сататын затына мән береді де, жарнаманың тіліне назар аудармайды. Тілді білмей немесе сауаты жетпегендіктен емес, салғырт қарағандықтан түрлі кемшіліктерге жол береді. Соның кесірінен жиі сынға ұшырайды. Ал қолданыстағы заңның бақылау, талап ету құзыреті жоққа тән.
Сондықтан да қала аумағында естіген құлаққа түрпідей тиетін, грамматикалық, стилистикалық қателері бар жарнамалар мен ақпараттар кездеседі. Орыс тіліндегі мәтіндер қазақ тіліне сөзбе-сөз аударылып, мағынасы бұзылған жарнамалар да жетерлік. Көшелерде, сауда орындарындағы, дүкендердегі «канцтовары», «хозтовары» «ведется видеонаблюдение», «мы открылись», «закрывайте двери», «требуется продавец» секілді мемлекеттік тілді ескермей, тек орыс тілінде рәсімделген ақпараттар тұрғындардың наразылығын туындатуды. Ал Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы көрсетілетін қызметтің түрлерін, қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірін жазу сияқты көпшілікке арналған хабарландырулардың қазақ тіліндегі нұсқасы сирек. Осы орайда «Жауаптылар қайда қарап отыр?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Заңнамалық қателіктерді жергілікті атқарушы орган қызметкерлері тексеріп, бақылай алмайды. Ондай құзыретті 2018 жылы Кәсіпкерлік кодексінен алып тастаған.
Бүгінгі жағдайда ескерту жасаудан, әдістемелік көмек көрсетуден ары аса алмаймыз. Көпшілігінде жарнама берушілер – жеке сектор өкілдері. Ал шағын бизнес субъектілерін тексеру және профилактикалық бақылау жүргізуге 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жылға мораторий енгізілген. Дегенмен солай екен деп қарап отырған жоқпыз. Әрине, бұл салада деректемелер мен көрнекі ақпараттың сауаттылығын қадағалау, тілін реттеу, жүйелеу, оларды заңнама талаптарына сай орналастыру бойынша құқықтық түсіндіру, әдістемелік көмек көрсету жұмыстары бірнеше бағытта жүргізілуде. Біз кәсіпкерлерге, жарнама агенттіктеріне көрнекі ақпараттар мен жарнамаларға қатысты әдістемелік көмек көрсете отырып, тегін аударма жасаймыз. Алайда бұл шаралар көрнекі ақпарат саласындағы заң бұзушылықтарды толық жоюға мүмкіндік бермейді. Кәсіпкерлік нысандардың атаулары «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңмен реттелмейді. Ал кәсіпкерлер жұмыстарын Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі негізінде жүргізеді. Әрбір заңды тұлға «Электрондық үкімет» веб-порталы және кірістер басқармасына тікелей өтініш жазу арқылы жеке кәсіпкер ретінде тек қана аты-жөнін көрсету арқылы тіркеледі. Тіркелу барысында нысанның атауы көрсетілмейді.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп жарнама мәтіндерін дайындау ісінде әдістемелік көмек көрсету, көрнекі ақпараттардың сапасын арттыру мақсатында «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Меморандумның тармақтарын жүзеге асыру мақсатында жарнама агенттіктері басшыларының қатысуымен офлайн және онлайн семинарлар өткізіліп, әдістемелік көмекші құрал әзірленіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Айталық, шағын және орта бизнес өкілдеріне, жарнама агенттіктеріне сыртқы көрнекі ақпараттың (жарнама) сауатты жазылуына, орналасуына тағы басқа да мәселелер бойынша тегін консультациялық көмек көрсету үшін бөлімнен «Call-center» құрылып, жауапты маман бекітілген. Қазіргі таңда қала көшелеріндегі нысандарда орналасқан жарнамалардың мәтіндеріндегі қателіктердің алдын алу мақсатында жеке кәсіпкерлер жарнаманы орналастыруға рұқсат алуда мәтіндерін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен келісуде. Бұл да бөлімнің атқарған жұмысының нәтижесі.
Мемлекетіміздің қолдауының арқасында мәдениет саласының мәртебесі артып, тіліміз тұғырына қонып, кітапхана қызметі қарыштап дамып келеді. Әрине, атқарылар жұмыс мұнымен шектелмейді. Алдағы жоспар ауқымды, меже айқын. Сол себепті мұндай жұмыстар үздіксіз жалғаса береді.
Бақыт ТОҚСАНБАЕВА, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы