Мәдениет – халықтың рухани болмысының айнасы

Ерлан Жүнісбай,
облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы

Қай кезеңде, қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениеттің өсуі – елдің өрлеуі, ұлттың өркендеуі. Тәуелсіздігіне тәубе етіп, Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтқан халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнердің шоқтығында жатыр.

Өркениетке қол созған елімізде егемендік жылдарында экономикалық өсіммен қатар, рухани құндылықтарды да дамыту мәселесі қолға алынды. Заманауи жабдықталған мәдениет ошақтары салынды, түрлі бағдарламалар шеңберінде елдің мәдени білімін тереңдету, ең бастысы, осы саланың озық деңгейде дамуы қарастырылды. Әлбетте, өнер мен мәдениет – егіз ұғым. Бір-бірінсіз жетімсіреп тұратындай. Мәдениеттің мәйегі өнер арқылы дәріптеліп, халықтың құлағына жетіп жатады. Осы орайда төскейінде берекенің қазаны қайнаған, босағасына бақ пен береке ұялаған, ақындық пен жыраулықтың ақ бесігі саналған жайдарлы Жамбыл жерінде де осы саланы дамыту мақсатында атқарылып жатқан игі істер ұлттық дәстүрді дамытып, өнерді өнеге тұтқан елдің рухани дүниесін байытуды көздейді.
Бүгінде облысымызда 541 мәдениет, архив мекемелері жұмыс істейді. Соған сәйкес, жыл сайын саланы қаржыландыру көлемі артып келеді. Айталық, ағымдағы жылы салаға 9,7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Былтыр бұл сома 8,4 миллиард теңгені құраған болатын. Сондай-ақ елді мекендерді мәдени нысандарымен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. «Аманат» партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасына сәйкес биыл облысымызда 4 мәдениет нысанының құрылысы, 32 нысанның күрделі және ағымдағы жөндеуі жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, қазіргі таңда 139 ауылдық округте кітапханалар жанынан 210 цифрландырылған ақпараттық және коворкинг орталықтары ашылған. Осы орайда өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы оқырмандар саны 289 000, яғни облыс халқының 25,1%-ын құрағанын ерекше атап өткен жөн.
Киелі Әулиеата өңірі тарихи-мәдени ескерткіштерге бай. Олардың тарихы өскелең ұрпаққа зор тағылым береді. Ағымдағы жылдың жартыжылдығында облыс аумағында орналасқан археологиялық тарихи-мәдени мұралар объектілерінің жай-күйін, сақталу деңгейін анықтау мақсатында Байзақ, Жамбыл, Меркі, Қордай, Сарысу және Шу аудандарында мониторинг жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде бірнеше елді мекендердің, қалашықтар мен қоныстардың табиғи факторлардың және құрылыс салу салдарынан қорғау аймағының бұзылып жатқаны анықталды. Сол себепті Жамбыл жерінде орналасқан жергілікті дәрежедегі 698 тарихи-мәдени ескерткіштердің паспортын жаңарту жұмыстары жасалуда. Сондай-ақ 18 тарихи-мәдени ескерткішке мәртебе беру бойынша ҚР Заң талаптарына сәйкес сараптама жұмыстары жүргізіліп, республикалық комиссияның қарауына ұсынылды.
Сан өнердің басын бір арнаға тоғыстырған театр, филармония және музейлердің жағдайы да көңіл көншітеді. Мәселен, есепті мерзімде облыс театрлары 36 702 көрерменге 225 қойылым ұсынып, репертуарларын толықтыру мақсатында әртүрлі жанрда 4 жаңа, 1 театрландырылған көріністі сахналады. Олардың қатарында С.Құдайбергеннің «Періште қонған үй», Қолғанат Мұраттың «Мұғалім» атты бұрын-соңды көрсетілмеген драмалары, Н.Гогольдің «Вий» повесінің желісінде сахналанған Нина Садурдың «Панночка» қойылымы бар. Ал К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның құрамындағы шығармашылық ұжымдар жыл басынан бері 223 концерт ұйымдастырып, оған 68 367 көрермен қамтылды. Сонымен қатар Балалар жылына орай «Балауса» циркі Меркі, Шу аудандарының елді мекендерінде, Қарағанды облысына гастрольдік концерттер ұйымдастырды.
Есепті кезеңде облыстағы музейлерде орналасқан 112 343 мың экспонатты 26 220 келуші тамашалап, 1223 экскурсия, түрлі тақырыптарда 247 көрме ұйымдастырылды. Атап айтсақ, суретшілердің 80-ге жуық шығармашылық жұмыстары қойылған «RAINBOW» АРТ-студиясының «Суретшінің қылқаламы үнемі жанында» және «Lashyn» керамика мектебінің «Бақыт құсы» атты көрмелері талайдың таңданысын тудырды. «Музей түні» акциясы да көрермендердің қызығушылығын оятып, ерекше әсерге бөледі.
Биыл қарымды қаламгер Шерхан Мұртазаның дүниеге келгеніне 90 жыл толады. Ұлы тұлғаның есімін ұлықтау ешқашан ұмытылмақ емес. Бұған Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының қосып отырған үлесі қомақты. Орталық тарапынан 3 дөңгелек үстел, 2 кездесу, 1 табиғат аясындағы өлкетану серуен сағаты, 2 наурыз мерекесіне арналған шағын қойылым, 2 бейнеролик ұйымдастырылды.
Облыс тұрғындарының мәдени-рухани сұранысын қанағаттандыру – басты назарымызда. Бұл бағытта бүгінгі күні облыста 197 мәдениет үйі мен клубтар мәдени-көпшілік қызмет көрсетуде. Облыс көлеміндегі 797 клуб құрылымдарына 9236 адам тартылған. Оның ішінде балаларға арналған 401 үйірмеге 4199 бала қатысады. Ал олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 30 089,1 мың теңге бөлініп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Мәдениет саласы ән-би, ойын-сауықпен ғана шектелмейді. Архив, кино, кітапхана қызметкерлері де осы саланың көкжиегін кеңейтуде. Облыс бойынша бүгінде 12 мемлекеттік архив жұмыс істесе, ондағы 4585 қорда 964 238 сақтау бірлігі бар. Ведомстволық архивтердің құжаттарының құндылығы сарапталып, нәтижесінде есептік кезеңде мемлекеттік архивтердің сақтауына 10 033 сақтау бірліктегі құжаттар қабылданды.
Іс жүргізу, құжаттарды есепке алу, сақтау, сараптау тәртібі бойынша Ұлттық архив қорының құжаттарын жинақтау көзі болып табылатын 256 мекемеге әдістемелік көмек көрсетіліп, 180 мекемеге кеңес беріліп, 30 семинар ұйымдастырылып, 238 мекеменің істер номенклатурасы келісілді. Ал «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру мақсатында облыстағы мемлекеттік архивтермен осы жартыжылдықта 9967 сақтау бірліктің 1017097 парағы толығымен цифрлы форматқа көшірілді.
Кино саласында да кешенді істер жолға қойылған. Нақтырақ айтсақ, облыстық кино орталығының қорында маңызды, құндылығы жоғары фильмдер сақталған. Олардың арасында ленталы 130 көркем фильм, 46 деректі фильм, 39 мультипликациялық топтамалар бар. Жалпы есепті кезеңде облыс бойынша 395 кино көрсетіліп, 16 933 көрермен қамтылды. Облыстық кино орталығы түсірген «Зере» көркем фильмі 23 маусымнан бастап отандық кинотеатрларда көпшілік назарына ұсынылуда. Бұған қоса ағымдағы жылы «Онлайн туған күн!», «Зорлық-зомбылық құрбаны», «Болашағың бұлыңғыр болмасын десең…», «Ана, мен сізді жақсы көремін!» тақырыптарында 4 бейнеролик түсіріліп, 2 деректі фильмнің монтаждау жұмысы жүргізілуде.
Сарқылмас парасаттың сарайы саналатын кітапханалар қашанда адамды рухани байытып, өткен мен бүгінге алтын көпір орнатуда. Бүгінгі күні 274 мемлекеттік кітапхана облыс халқына қызмет көрсетуде. Оның 3-і облыстық, 8-і қалалық, қалған 263-і аудандардағы кітапханалар. Бірінші жартыжылдықта облыс кітапханаларының кітап қоры 3 741 562 дананы құрап, оның мемлекеттік тілдегісі 2 006 103-ке жетті. Кітап берілімі –2 473 276, келушілер саны – 1 257 323, оның ішінде балалар 364 255-ті құрады. Есепті кезеңде кітап қорына 31 805 дана кітап келіп түсті. Оның ішінде кітап қорын толықтыру мақсатында жергілікті бюджеттен 9 миллион 703 мың теңге бөлініп, 4296 дана кітап алынды.
Кітапханалар «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасына енгізілген «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру, оқырмандарды тарту және кітап оқуды насихаттау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында жұмыс жүргізеді. «Оқитын ұлт» жобасының көрсеткішіне қол жеткізу мақсатында кітапханаларда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы, «Әдеби-өлкетану», «Нағыз оқитын кез» жобалары іске асырылуда. Осы бағытта облыс бойынша «Жазушымен бір күн», «Бала күнгі бір кітап», «Кітапханадағы бір күн» акциялары, «Өлкелік туризм», «Көше кітапханасы», «Жазғы оқылым», «Табиғат аясындағы оқу залы» жобалары, кітап фестивальдері, оқырман байқаулары ұйымдастырылып, 6 айда 5570 мәдени-көпшілік іс-шараларда 197 407оқырман қамтылды.
Жыл басынан бері облыс көлемінде 1 халықаралық, 2 республикалық, 25 облыстық және 336 әртүрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылып, 300 мыңға жуық адам қатысты. Әсіресе Жамбыл Жабаевтың туған күні мен «Aq jol» газетінің 100 жылдығына орай өткен «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы, Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасындағы өңірдің әлеуметтік дамуына ерекше үлес қосып жүрген әйелдердің қатысуымен «Ана – үміт, Ана – жігер, Ана – азамат» тақырыбында сырласу кеші, облыстық кітапхана Әулиеата өңірінде дүниеге келген жазушылардың шығармаларын өнеге ету, өмір жолдарын келешек ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырған «Жазушымен бір күн» акциясы жұрт жадынан көпке дейін өше қоймасы анық. Сондай-ақ аудан кітапханаларының күндері мен түрлі мерекелік іс-шаралар да өз алдына бір төбе.
Облысымызда Балалар жылы кең көлемде аталып өтуде. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде өткен «Кітап Fest – 2022» фестивалі, «Ізі өшпейтін ізгі адам» өлеңдер шеруі, қала мектептеріндегі «Жастар әдебиетте өгей емес» букдэйтинг, жастар арасында «Өлкеңді таны» танымдық ойыны, Т.Рысқұлов саябағында өткен «Кітап – алтын қазына» облыстық тактильді кітаптар фестивалі, «OrdaGen» балаларға арналған кітаптардың тұсаукесері, «Оқитын өңір» республикалық сайысы, «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте» облыстық зертханалық экспедиция, «Музей түні» акциясы, шығармашыл жастардың «Жаңа есім – 2022» облыстық байқауы жоғарыдағы сөзімізді айғақтай түседі.
Шет мемлекеттермен де бүгінде байланысымыз берік. Мысалы, ағымдағы жылдың сәуірінде Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрлігі жанындағы Халықаралық фестиваль дирекциясының Хиуа қаласында ұйымдастырған «Лазги» халықаралық би фестиваліне Қазақстан атынан жамбылдық «Ақкербез» би ансамблі қатысты. Сондай-ақ Қордай ауданының өнерпаздары Италияның Римини қаласында өткен халықаралық фестивальде бақ сынап, жүлделі орындарға ие болды.
Орыс жазушысы Антон Чехов: «Өнер мен мәдениеттің дәмін көріп, рахатын сезіне алған адамға бұдан артық байлық керек емес», – деген екен. Яки мәдениетсіз қоғам болмайды. Бұл бағытта атқарылып жатқан әрбір игі іс адам баласының жан дүниесін байытып, сезіміне шуақ сыйлап қана қоймай, санасын серпілтіп, ізгілікке бастайды. Себебі қаламға серт еткен ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатқан кітапханашының, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нəрін сыйлайтын театр əртісінің, өңірлердегі мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегі ерен, қоғамдағы рөлі зор.
Мемлекетіміз де осы салаға көңіл бөліп, ауыл-аймақтардың мәдени өмірінің жандануына күш салып келеді. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – саланың тынысын кеңейтіп, сенім үдесінен шығу. Өйткені мәдениеті биік елдің мәртебесі жоғары.

Comments (0)
Add Comment