Мұғалімдерді санақ жұмыстарына тартқандар тиісті жазасын алады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Nege.kz сайтына сілтеме жасап.
Үкіметте өткен онлайн баспасөз мәслихатында мектеп мұғалімдерін санақ жүргізуге жұмылдыруға қатысты шағымдар туралы сұрақ қойылды. Өз кезегінде А.Аймағамбетов санақ жүргізу мен басқа да мәселелер мұғалімге тән емес жұмыс болғаннан кейін, ондай тапсырма беруге ешкімнің құқығы жоқ екенін айтты. Сондықтан бұл мәселеге қатысты расталатын фактілер болса, онда заң жүзінде тиісті жазасы бар.
«Педагогтар мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, тиісті айыппұл ескерілген. «Педагогтарды өзіне тиеселі емес жұмыстарға тартқаны үшін біраз директорлар жұмысынан босатылды, біраз әріптестерімізге тиісті шара қолдандық. Егер осындай фактілер шын мәнінде болып, олар расталып, бізге тиісті ақпарат келсе, онда қатаң шара қолданылады», – деді ведомство басшысы.